Жаңалықтар

Павлодарда казак мәдениетінің күні өтті

Павлодарда казак мәдениетінің күні өтті
19.06.2018 10:10 1310

Өткен демалыс күні Павлодар қаласының мәдениет және демалыс саябағында «Бір отбасында тұрамыз» атты жазғы фестивалі аясында казак мәдениетінің күні өтті.

Іс-шара Астананың 20-жылдығы мен Павлодар облысының 80-жылдығына орайластырылды. Павлодар қаласының жұртшылығы мен қонақтары, облыстық ҚХА мүшелері, Ямышево және Песчаное ауылдарының және Ақсу қаласының шығармашылық ұжымдары мерекеге қонақ болып келді.

Мереке басында облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Сейсембай Жетпісбаев өз құттықтауын жеткізді.

«Бүгінгі шуақты күні казак мәдениетінің күніне орай біздер тамаша бағдарламаның көрермендері болып отырмыз. Казактар өздерінің мәдениетін, ән және би өнерін дамыта отыра еліміздегі келісімді дамытуға үлестерін қосып отыр. Осы орайда этномәдени бірлестіктің төрағасы, атаман Сергей Городничевқа ерекше алғысымызды білдіреміз. Барлық жиналған қауымға бол бақыт, ашық аспан және сәттілік тілеймін», – деді ол.

Бұл күні мереке ұйымдастырушылары көрермендерге қызықты әрі бай концерттік бағдарлама ұсынды. Мереке «Ертіс казактары» халық ансамблінің орындауындағы әнімен ашылып, «Вольница» ансамблінің көңілді биімен жалғасты. Өз өнерін орталықтың ең жас ансамблі, Песчаное ауылынан келген «Станица» көрермендерге өнерін паш етті.

Ямышево ауылынан келген «Раздолье» шығармашылық ұжымы да бұл күні алғашқы рет үлкен сахна төріне шыққан болатын.

Сонымен қатар мереке барысында сахна майталмандары, казак әндерінің ансамблдері – «Поречье», «Прииртышье», «Воля», Ақсу қаласынан келген «Рябинушка» ұжымы және «Родничок» балалар ансамблі өз өнерлерін ортаға салды.     

Мерекелік бағдарлама жоғары деңгейде өтті. Мереке соңында бірлестіктің және шығармашылық ұжымдардың қатысушыларына алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Диана Нурсарина

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға