Жаңалықтар

Павлодарда кәріс мәдениеті күні аталып өтілді

Павлодарда кәріс мәдениеті күні аталып өтілді
19.06.2018 10:10 1351

Жаздың алғашқы күндерінен бастап Павлодар қаласынының орталық саябағында облысымызда өмір сүретін этностар мәдениеті күндерін өткізу игі дәстүрге айналды.

Өткен жексенбіде саябақта кәріс мәдениетінің күніне арналған мерекелік бағдарлама өткізілді. Мерекеге кәріс облыстық этномәдени бірлестіктің мүшелері, Успен, Павлодар аудандарында ашылған орталық бөлімшелерінің белсенді қатысушылары, сондай-ақ Алматы қаласының корей орталығынан келген құрметті қонақтар атсалысты.

Бұл күні саябақта үлкен концерттік бағдарлама, қолөнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары кәріс халқының ұлттық тағамдарынан дәм тату мүмкіндігіне ие болды.  

Жазғы уақыт – бұл «Бір отбасында тұрамыз» атты өңір жұртшылығын 20 жылдан бері қуантып келе жатқан фестивальдің кезеңі болып табылады.

Биылғы жылы фестивальді болгар этномәдени бірлестігі ашқан болатын, кейін бұл эстафетаны «Эльбрус» қарашай-черкес және қабарда-балқар этномәдени бірлестіктері жалғастырды. Ал дүбірлі мерекенің ұйымдастырушылары корей этномәдени бірлестігі атанды.

«Бүгінгі мерекеге Успен, Павлодар аудандарынан және Ефремовка ауылынан шығармашылық ұжымдардың қатысып отырғаны көз қуантады. Осыған байланысты барлық мереке қатысушыларына шығармашылық табыс, денсаулық, бейбітшілік және сәттілік тілеймін», – деп айтып өтті облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, фин-угор облыстық этномәдени бірлестігінің төрайымы Ольга Николашина.  

Бағдарлама барысында өздерінің жарқын билері мен әндерімен «Анён» шығармашылық ұжымы барша жиналған қауымды тамсандырды. Сонымен қатар бірлестіктің вокалды кавер топтары мен заманауи би ұжымдары, «Ариран» вокалды ансамблі және Алматы қаласынан арнайы келген «Движение», Павлодар ауданынан келген ансамблдер халықтың көзайымына айналды. Мерекеге қатысқан барлық әншілер мен бишілер алғыс хаттармен марапатталды.

«Бүгінгі күні біздерді бірлестігіміздің бүлдіршіндері қуантып жатыр. Осы орайда осындай креативті жастарды тәрбиелеуге үлестерін қосып келе жатқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Тамаша бағдарлама дайындаған шығармашылық ұжымдарға да алғысым шексіз. Барлықтарыңызғы зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді құттықтау сөзінде облыстық кәріс этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Раиса Ким.   

 

Диана Нурсарина

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға