Павлодарда анасы аямай ұрған 4 айлық сәби жетімдер үйіне тапсырылды

Павлодарда анасы небәрі 4 айлық нәрестесін ұрып, жазым ете жаздаған. Салдарынан кішкентай сәби ауруханадан бір-ақ шыққан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
"Астана" телеарнасының мәліметінше, тексеру барысында баланың миы шайқалып, түрлі дене жарақатын алғаны белгілі болды. Дәрігерлер бұл жағдай туралы полицияға хабарлаған. Тәртіп сақшылары тергеу нәтижесінде сәбиді анасының ұрып-соққанын анықтады.
Қазіргі уақытта сәби жетімдер үйіне тапсырылды. Сондай-ақ, кәмелет жасына толмаған ағасы өңірдің балаларды қолдау орталығына жіберілді. Баланың анасы психологиялық ауытқуларына байланысты ауруханада ем қабылдап жатыр.
Баланың заңды өкіліне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы. Анаға қатысты сот отырысында оны ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралады. Қазіргі уақытта сәбидің жағдайы тұрақты, жақсы өсіп келеді, – деді Павлодар облысы бойынша балалар құқығын қорғау жөніндегі жедел уәкіл.
