Жаңалықтар

Павлодар зауытында қысқы дизель отыны өндіріледі

Павлодар зауытында қысқы дизель отыны өндіріледі
Фото: «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметі 08.06.2023 23:40 622

ҚазМұнайГаз бен Air Liquide бірлескен жобасы Павлодар зауытында қысқы дизель отынын өндіруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бүгін Астана халықаралық форумы 2023 барысында «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС (ПМХЗ) мен «Эр Ликид Мұнай Тех Газы» ЖШС (ЭЛМТГ) арасында  сутегі өндіретін қондырғы салу туралы келісімге қол қойылды. 

Құжатқа «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Францияның «Air Liquide» химия компаниясының президенті Франсуа Жаковтың кездесуі қорытындысы бойынша қол қойылды.

«Біз әлемдегі өнеркәсіп, денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау саласы үшін газ өндіретін көшбасшы компания «Air Liquide»-пен  серіктестікті жоғары бағалаймыз. Біздің 3 зауытта – ПМХЗ, АМӨЗ және KPI-да 5 жобаны бірлесіп табысты іске асыруымыз осының дәлелі бола алады. Сутегі мен азотты жеткізуге 20 жылға дейінгі ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалды», - деп атап өтті М.Мырзағалиев.

ПМХЗ мен бірлескен ЭЛМТГ компанияларының арасындағы бұл келісім зауытта жылына 160 мың тоннаға дейін көлемде қысқы дизель отынын өндіруге мүмкіндік беретін сутегі өндірісінің жаңа қондырғысын салу жобасына бастама береді. Болжам бойынша жоба құны – 80 миллион еуро.

ҚМГ мен «Air Liquide Eastern Europe S.A.» арасында ынтымақтастық туралы келісімге былтыр қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға ресми сапары кезінде француз іскер топтарының өкілдерімен кездесу барысында қол қойылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға