Жаңалықтар

Павлодар педагогикалық университетінде Әлкей Марғұланның бюсті ашылды

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті
Павлодар педагогикалық университетінде Әлкей Марғұланның бюсті ашылды
Фото: gov.kz 06.12.2022 13:01 1433
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде көрнекті халым, археолог Әлкей Хақанұлы Марғұланның бюсті ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, академиктің қызы, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнография институтының «Марғұлантану» бөлімінің меңгерушісі, Марғұлан атындағы Халықаралық қордың вице-президенті Данель Әлкейқызы Марғұлан, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Вице-министр Қуаныш Ерғалиев ұжымды 60 жылдық мерейтоймен құттықтап, университеттің дамуының жаңа сатысында сәттілік тіледі.
 
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің мерейтойы аясында академик Әбікен Бектұров атындағы оқу аудиториясы ашылды. Сондай-ақ, осыдан 5 жыл бұрын басталған «Өнегелі тұлғалар» атты кітаптар сериясының кезекті жинағының тұсаукесері болды.
 
Бірінші серияда 11 тұлғаға арналған кітаптар жарық көрген болса, осы жолы 6 ғалым туралы жеке жинақ шықты. Сонымен қатар, университет тарихы туралы «60 жылдық тарих белестері» еңбегі оқырман қауымға жол тартты.
 
Тоқсаныншы жылдары осы оқу орнында қазақ тілі және әдебиеті кафедрасын ашқан Ермек Өтебайұлының ұрпақтары бір студентке тегін оқуға грант сертификатын табыстады.
Вице-министр академиялық ұтқырлық жобасы аясында университетке келген шетелдік ғалымдармен кездесу өткізді.
 
Түркия, Латвия, Өзбекстан мен Ресейден келген ғалымдар Қазақстандағы білім беру жүйесінің әлеуеті мен деңгейі жоғары екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, алдағы уақытта да іскерлік қарым-қатынасымызды нығайтып, қоян-қолтық жұмыс жасасақ деген ниетте.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға