Павлодар облысында 10 млрд долларлық дата-орталықтар кластері салынады

 serverspace.kz
Фото: serverspace.kz

Қазақстанның IT қызметтері экспорты бір жыл ішінде 60 пайызға артты. Сонымен қатар Павлодар облысында жалпы инвестиция көлемі 10 миллиард долларға жуық ірі дата-орталықтар кластері іске асырылып жатыр. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты.

2024 жылы IT қызметтерінің экспорты 690 миллион долларды құрады. Бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш шамамен 60 пайызға өсті. Бірақ алдымызда тұрған жұмыс әлдеқайда ауқымды. Жайбарақат отыруға болмайды. Бұл нарықтағы бәсекелестік күн сайын күшейіп келеді. Біз де өте белсенді әрі пәрменді шараларды қабылдауымыз қажет, – деді Олжас Бектенов.

Бұл мәселе Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың отандық IT компаниялардың шетел нарығындағы нәтижесі, цифрлық экономиканы дамыту және елімізде жүзеге асырылып жатқан IT жобалардың тиімділігіне қатысты сауалы барысында көтерілді.

Премьер-Министрдің айтуынша, осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі – Павлодар облысында салынып жатқан деректерді өңдеу орталықтарының кластері. Қазір жобаға бірнеше шетелдік компания қызығушылық танытып отыр.

Жақында америкалық FIVE-E компаниясымен келісімге қол қойдық. Бұл – әлемге танымал инвестициялық компаниялардың бірі. Біз оларды сенімді серіктес ретінде қарастырамыз. Тек осы компанияның өзі шамамен 10 миллиард доллар инвестиция салуға дайын, – деді Үкімет басшысы.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың барлық дерегі қуаттылығы 6 мегаватт болатын Ұлттық дата-орталықта сақталады. Ал келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында қуаттылығы 125 мегаватт болатын жаңа деректерді өңдеу орталығы іске қосылып, 2028 жылы дәл осындай тағы бір дата-орталық пайдалануға беріледі  деп жоспарланған.

Оқи отырыңыз