Павлодарда әуежайдың ұшу-қону жолағын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Өңірлік әкімдік нысанды аяқтау мерзімі мен болашақ әуе бағыттары туралы мәлімет берді.
Қашан іске қосылады?
Әкімдік мәліметінше, ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары 2026 жылдың шілде айында аяқталып, әуежай тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Айта кету керек, бұл жоба аясында тек ұшу-қону жолағы жаңартылып жатыр, ал аэровокзал ғимаратына өзгеріс енгізілмейді.
Қазірдің өзінде әуежайға қажетті барлық құрал-жабдық сатып алынған. Оларды толық орнату асфальт-бетон жұмыстары аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады.
Заманауи құрылғылар мен жүйелерді қолдану, сондай-ақ перронды 45 метрден 60 метрге дейін кеңейту әуе рейстерінің қауіпсіздігін арттырып, әуежайдың қызмет ету мерзімін ұзартады және тұрғындардың көлік қолжетімділігін жақсартады, – делінген мәліметте.
Жоба құны
Жобаның жалпы құны 16,4 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражат құрылыс-монтаж жұмыстары мен қажетті жабдықтарды қамтиды.
Қазіргі таңда қаржыландыру толық бөлінген, оның 50 пайызы игерілген. Жоба республикалық және облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылып жатыр.
Қандай рейстер ашылады?
Әуежай іске қосылғаннан кейін алдымен екі ішкі бағытты қалпына келтіру жоспарланған:
Павлодар – Астана
Павлодар – Алматы
Сонымен қатар алдағы уақытта Шымкент пен Ақтау бағыттары, сондай-ақ халықаралық рейстерді ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, Ресей, Беларусь, Түркия және Мысыр елдеріне әуе қатынасын жолға қою жоспарда бар.
Билеттер бағасы қандай болады?
Алдын ала мәлімет бойынша, Астанаға ұшақ билеті шамамен 15 мың теңге болса, Алматы бағыты 9 мыңнан 60 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Баға сұраныс пен сатып алу уақытына байланысты өзгеріп отырады. Нақты тарифтер 2026 жылдың шілде айында белгілі болады.
Әуежай мүмкіндігі
Жаңартылған әуежай жыл бойы жұмыс істейді. Жылдық жолаушылар ағыны 200 мың адамнан асады деп күтілуде.
Айта кетейік, бұл жобаны 2024 жылы бастап, ал 2025 жылдың соңында аяқтау жоспарланған еді. Алайда жұмыстардың мерзімі өзгеріп, нысанды толық іске қосу 2026 жылдың тамызына шегерілді.