Жаңалықтар

Патриоттық тәрбие мен ұлттық идеология ақсап тұр – Алмас Ахметбекұлы

Патриоттық тәрбие мен ұлттық идеология ақсап тұр – Алмас Ахметбекұлы
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 06.06.2023 17:40 8258

Ақын, «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған Алмас Ахметбекұлымен патриоттық тәрбие мен ұлттық идеология хақында аз-кем әңгімелескен едік.

Алмас Ахметбекұлы, «Көк тудың желбірегені» әні талай қазақтың жүрегін елжіреткен, рух сыйлаған ән. Осы ән қалай туды?

– 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Кешкі сағат 18:15-те Тәуелсіздік декларациясын қабылдады. Бұл біз үшін – қиырдағы қазақтар үшін өте қуанышты күн болды. Әлемде қазақтың өз мемлекеті бар деп қуандық.

Тәуелсіздік жарияланған кезде Қытайдағы қазақтар бір-бірімізге телефон соғып құттықтап, төбеміз көкке бір елі жетпей қалғандай болды. 1992 жылы мемлекеттік рәміздеріміз қабылданды. Көк туымыздың желбіреп тұрғанын көру  үшін түрлі түсті теледидары бар қандастарымыздың үйіне жиналып, бірге тамашалайтынбыз. Осы сәттен бастап елге жетіп, көк туымыздың желбіреп тұрғанын көзбен көрсек деп армандадық. Сол арманның жетегінде 1993 жылы ақпанда қажетті құжаттарды жинап, Қазақстанға келдім. Қорғас шекарасында ең алғаш көк тудың желбірегенін көріп, ерекше тебірендім. Туған жердің топырағына тәу етіп, оған маңдайымызды тигіздік. Қорғас шекарасындағы жұпыны кеден үйінің төбесінде 2-3 шаршы метрдей ғана шағын көк ту желмен желбіреп тұрды. Тудың желбіреп тұрғанының өзі біраз сыр айтып тұрғандай еді. Туға қарап тұрып «Көк тудың желбірегенінің» алғашқы шумағы шықты:

«Көк Тудың желбірегені,

Бақыттың елжірегені,

Қиырда қалған қазақтың

Атажұртына жете алмай

Көзінің мөлдірегені».

Жанымдағы шекарада бірге танысып келе жатқан Қалыбек Кенжалин деген азамат маған қарап: «ақынсың ба?» деді. «Болса болар, неге олай дедіңіз?» дедім.
«Көк туға қарап қатты тебіреніп кеттің, қатты толқып тұрсың» деді.
Содан әрі қарай менде өлеңнің бірнеше шумағы туды. Кейін «Көк тудың желбірегені» атауымен тұтас өлең жазылды. Қазір бұл ән әр қазақтың аузында жүр. Мерекелік шаралардың шымылдықтары да осы әнмен ашылып жатыр. Ақтөбеде Марат Базарбай деген аға кездесіп, бір тойда «Алмас, сен осы өлеңнің әнін жазған Ермұрат Зейіпхан екеуің азаттықпен бірге Отанға оралып, біздің халықтың санасында патриоттық құбылыс жасап, әр қазақтың еңсесін көтердіңдер, сендер тарихи төңкеріс жасадыңдар» деп айтып еді.
Бұл ән 2000 жылы жазылып, 2001 жылдан бастап кеңінен тарала бастады. Бүгінде тұтас қазақ айтатын әнге айналды. Бұл мені ақын ретінде қатты қуантады. Әннің сөзі жазылғанмен рухты әуенін табу да оңай болмады. Ең алдымен бұл өлеңге 1997 жылы әуен жазылды. Қытайдан келген бір азамат жазды. Оның әуенін қабылдай алмадым. Әннің рухына сәйкес келмегендей болды. Кейін Еркін Ергенұлы деген кәсіпқой музыкант, күйші, домбырашы жазды. Ол музыкалық үнділікпен жақсы үйлестірді. Бірақ әннің диапазоны шағын, екпіні баяу болды. «Нотасы жаман емес, алайда диапазонын біраз күшейт, екпінін арттыр» деген кеңес айтқаныммен, менің пікірімді қабылдамай, өзінің ойында қалды. Ендеше «бұл әннен әуенді босат» дедім. Бірақ біздің бұған дейін бірлесе жазған әндеріміз бар болатын. Десек те осы әнге келгенде ортақ тіл табыса алмадық.
Кейін Ермұрат Зейіпхан деген азаматты шақырып алдым. Ол – жоғары варитон дауысты опера әншісі. Музыкалық аспаптардың барлығында ойнайды. Өзі де ақын, әңгіме де жазады. Менің «осы өлеңге ән жазайық» деген ұсынысыма бірден келісіп, екі әуен жазып әкелді. Біреуі халықтық әуені бар осы ән. Екіншісі еуропалық стильдегі гимндерге ұқсап тұрды. Үйде жұбайым да, балаларым да музыкант. Олардың да таңдауы қазіргі әуенге тоқталды. Сол кезде ән авторы да ерекше қуанып кетті. Осы сәттен бастап ән әлі күнге дейін шырқалып келеді. Қазір кейбір әншілер бұл әуенді өзгертілген нұсқада айтып жүр.

 «Көк тудың желбірегенінен» басқа паприоттық шығармаларыңыз бар ма?

– «Ұлт туы ұлт таңбасы, ұлт ұраны

Сен десем қан тасытқан жыр туады.

Кең байтақ Отанымның көкжиегі

Бүп-бүтін көз алдымда құлпырады.

Ұлт туын, ұлт ұранын, ұлт таңбасын,

Көтерген көк аспан бұлттанбасын», - деп өлең жазып жүргенмін.

Шығармашылығымда Туға байланысты басқа да өлеңдер көп. Бір туындым:

Қазақстан шексіз сүйіп елжіреп,

Аз ғұмырда арнаймын мен көп қайрат,

Аспанымда мәңгі тұрсын желбіреп

Жаннан қымбат, жаннан қымбат көк байрақ, - деп аяқталады.

Қазақстан шекарасына кіріп келе жатқан сәтті суреттеген тағы бір өлеңімде:

Қазақстан аттадым мен бір қадам,

Көк Ту ғой ол құшақ жайған еміреніп.

Көк Ту, саған теңдесі жоқ жыр жазам,

Миллион қазақ шырқап тұрар тебіреніп, - деп жазылған.

Бұдан басқа да туындылар бар. Оның барлығын бір сұхбатқа сыйғызу мүмкін емес.
Көк тудың желбіреп тұрғанын көріп, ерекше тебірендім деп қалдыңыз. Ел азаматтарының рәміздерімізге деген махаббаты мен құрметіне көңіліңіз тола ма? Жастардың жанарынан патриоттық сезімді байқайсыз ба?

– Рәміздерге деген құрмет пен махаббатты күн сайын көруіміз керек. Іргеміздегі Қытай деген халық барлық ауылдарынан бастап кенттеріне дейін сонау Пекиннің орталығында да күн сайын таңертең күнмен бірге туды көтереді де, кешке күн батқанда жинап алады. Бұл үрдіс күн сайын жасалып жатса да, халық жиналып осы көріністі ерекше тамашалайды. Мемлекеттік Гимндерін орындайды. Халық одан бір сәт те жалықпайды. Оларда бір күнде Рәміздерге құрмет уақыты бір емес, 2 рет болады. Бізде бұл жағы ақсап тұр. Түркияда халыққа 4,5 миллион ту жыл сайын тегін таратылады. Америкада 2,5 миллион ту тегін үлестіріледі және барлық жерде ту мен елтаңба, әсіресе ту жұрттың сатып алуына өте қолжетімді. Адамдардың барлығының кез келген жерден ту сатып алуына мүмкіндіктер жасалған. Міне, бізде де осындай жағдай болуы керек қой. Бізде ту кез келген жерде еркін сатылмайды. Сертификатсыз ешкімнің қолына тигізбейді. Негізінде Ту жұрттың көз алдында тұруы керек. Менің үйімде Ту ілулі тұр. Елтаңба тұр. Еңбектеп жүрген жиен, немерелерім басын көтерсе туды көреді, Елтаңбаны көреді. Мұны көз алдында көріп өскен баланың өмірдегі ең жақын нәрсесі мемлекеттік рәміз болады. Ол рәміздің бейнесі арқылы азаттықты, тәуелсіздікті, тұтас ұлтты көріп тұрады және мемлекеттікті сезінеді.
Ту да, Елтаңба да мемлекеттің келбеті. Ал, Әнұран – рухы. Сондықтан тек қазақ халқы ғана емес, Қазақстанның әрбір азаматы, осы Отанды паналаған өзге ұлт өкілдері де Туды төріне іліп қоюы қажет. Бізде рәміздердің лайықты бағалануы, лайықты тойлануы деген нәрсе жоқ. Украиндарда Ту күні деген бар. Ұмытпасам, 30 тамыз болу керек. Сол күні бүкіл украин топырағын ту жауып тұрады. Украиндықтардың сонша патриот, сонша отансүйгіш болуы осыдан. «Аспанымда мәңгі тұрсын желбіреп, Жаннан қымбат, жаннан қымбат көк байрақ» демекші, олар өз байрақтарын жанынан да қымбат санайды.
Патриоттық сезімді дәріптеу саласындағы идеология тұрғысында іске асып жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма?

– Біздің елдегі отансүйгіштік пен патриоттықты дәріптеу саласындағы жасалып жатқан жұмыстарға мүлдем көңілім толмайды. Бір халықтың ең биік жетістігі – ұлттық мемлекет құра алуы. Бір адамның ең мағыналы өмір сүруі – ұлтымен бірге өмір сүруі. Яғни оның ұлттық мемлекетінде өмір сүруі маңызды. Бізде жастардың бірқатары шетелге кетіп жатыр. Олар үшін Қазақстан шетелден тауып келетін тиын-тебеннің қасында түкке тұрмайтын, ұлт болудың да қажеті жоқ болып қалды. Қазақша сөйлемейді. Мұның барлығы біздегі патриоттық тәрбиенің әлі де болса аз екенін көрсетеді. Мемлекеттік рәміздерге деген сүйіспеншілікті айтпағанда, олар туралы ұғымдары да жоқ. Туға қоқыс салып тасып жүргендерді де көрдік. Рәміздерге деген құрметті көрсетіп, патриотизмнің негізгі белгісі ретінде ұлтты топтастыру қажет.

– Патриоттық рухты қалыптастыру үшін не істеу керек?

– Бұл тұста әрине әңгіме ауаны қазақ тіліне келіп тіреледі. Өз тілінде сөйлемеген адам, өз тіліндегі әдебиетті, жан тебірентер пәлсапаларды, ұғымдарды білмеген адам ешқашан патриот бола алмайды. Патриотизм туралы сөз қозғалғанда «отанды сүй, патриот бол» деп айта беру адамды жалықтыруы мүмкін. Сондықтан патриоттықтың басты белгісі – мемлекеттік рәміздерге басым назар аударып, патриоттық көңіл-күйді бала күннен бойға әбден сіңіре білу маңызды.

Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға