Паспорт керек емес: Түркі елдерінде сапарлау тәртібі жеңілдемек

Паспорт керек емес: Түркі елдерінде сапарлау тәртібі жеңілдемек
Фото: magnific.com

Қазақстан азаматтары алдағы уақытта Түркия, Әзербайжан және Өзбекстанға шетелдік төлқұжатсыз, жеке куәлікпен саяхаттауы мүмкін. Түркі мемлекеттері ұйымы бес ел арасында осындай тәртіп енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бастама жүзеге асса, Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтарының өзара сапары жеңілдейді.

Бес ел арасында ортақ тәртіп енгізілмек

Қазір Әзербайжан мен Түркия азаматтары екі ел арасында жеке куәлікпен қатынай алады. Енді бұл тәжірибені Түркі мемлекеттері ұйымына мүше өзге мемлекеттерге де енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

ТМҰ Бас хатшысы Құбанычбек Өміралиевтің айтуынша, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанды осы жүйеге қосу бағытында дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Біз бұл мүмкіндікті басқа түркі мемлекеттерімен де іске асыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Әңгіме Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан туралы болып отыр. Біз мұны тек бір елмен ғана емес, бірлесе жүзеге асыра аламыз, – деді ол.

Әзірге жаңа тәртіптің нақты қашан енгізілетіні белгісіз. Құбанычбек Өміралиев бұл мәселе ұйымның күн тәртібінде тұрғанын атап өтті.

Сөз бес ел туралы: Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан. Жобаны барынша қысқа мерзімде аяқтау үшін дайындық жұмыстары жалғасады, – деді ТМҰ Бас хатшысы.

Қазақстандықтар қазір қай елдерге жеке куәлікпен бара алады?

Қазіргі таңда Қазақстан азаматтарына Ресей мен Қырғызстанға сапарлау үшін шетелдік төлқұжат қажет емес. Шекарадан жеке куәлік арқылы өтуге мүмкіндік бар. Мұндай мүмкіндік мемлекеттер арасындағы қолданыстағы келісімдерде қарастырылған.

Қазақстан мен Армения да азаматтардың өзара сапарын жеңілдетуге бағытталған келісімге қол қойған. Құжатта шекарадан жеке куәлікпен өту мүмкіндігі қарастырылғанымен, бұл тәртіп әзірге күшіне енген жоқ. Сондықтан қазіргі уақытта Арменияға бару үшін Қазақстан азаматтарына шетелдік төлқұжат қажет.

Екі ел азаматтары бір-бірінің аумағында 90 күнге дейін визасыз бола алады. Бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов 30 күннен астам уақыт болған жағдайда азаматтардың ішкі істер органдарында тіркелуі қажет екенін түсіндірген.

Өзбекстанмен де келіссөз жүріп жатыр

Қазақстан мен Өзбекстан арасында да шекарадан өту тәртібін жеңілдету мәселесі бұған дейін көтерілген. Тараптар азаматтардың екі елге шетелдік төлқұжатсыз, жеке куәлік арқылы баруына мүмкіндік беру мәселесін талқылап жатыр.

Өзбекстан мен Қырғызстан арасында мұндай тәртіп қазірдің өзінде бар. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап екі мемлекеттің азаматтары өзара сапар кезінде жеке куәліктерін пайдалана алады.

Осылайша, Түркі мемлекеттері ұйымы ұсынып отырған бастама жүзеге асса, бес елдің азаматтары үшін өзара саяхат айтарлықтай жеңілдеуі мүмкін. Алайда жаңа тәртіп әзірге дайындық кезеңінде және оның күшіне енетін мерзімі жарияланған жоқ.

Оқи отырыңыз