Жаңалықтар

Партиялар әртүрлі бағытта болғаны дұрыс – саясаттанушы

Партиялар әртүрлі бағытта болғаны дұрыс – саясаттанушы
Фото: abai.kz 21.02.2023 16:00 987

Елімізде саяси науқан қызып келеді. Сайлауалды үгіт-насихат жұмысына кіріскен партия өкілдері де сайлаушылармен кездесу үшін ел аралап жүр. Ал ел Президент бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси реформаның нәтижесін күтеді. Осы сайлаудан кейін саяси жүйенің өзгеруі мүмкін бе? Жаңадан құрылған партиялардан қандай үміт күтеміз? Халық қалаулыларының алдында қандай міндет тұр? Бұл туралы белгілі саясаттанушы Аман Мәмбеталиевпен сұхбаттасып, пікірін сұраған едік.

Саясаттанушы ретінде елімізде өткен жылы бастау алған саяси реформаларды қалай бағалайсыз?

– Еліміздегі реформалық процесстер өткен жылдан бастау алды дегенге  келісе алмаймын. Президент оның алдында да реформа жайлы айтқан болатын. Бірақ оны іске асыру жылдамдығы шынымен қаңтар оқиғасынан соң өзгерді. Қаңтар оқиғасы өзгерістерге катализатор болды.

Меніңше, реформаны – саси реформа, экономикалық және қоғамға арналған реформа деп үшке бөліп қарастыруға болады.

Саси реформа әлі де жүріп жатыр, тоқтаған жоқ. Бірақ оны іске асырудың жылдамдығы көп адамға ұнамайды.  «Неге ұзаққа созылып барады?»,  «неге барлық мәселе бір күнде шешілмейді?» деген сынды асығыстық танытады. Бірақ реформаны ешқандай шығынсыз, ең тиімді тәсілдермен ғана жүзеге асыруымыз керек. Демократизация нақты белгіленген уақытта жүзеге аспайды. 30 жыл бойына мықтап қалыптасып қалған жүйені бір күнде өзгерте салу мүмкін емес деп ойлаймын. Сондықтан ол ұзақ жүретін процесс болады. Бірақ таңдалған жол және вектор өте дұрыс. Менің ойымша, болашақта реформалар жалғасады. Оның бірінші мақсаты — алдағы уақытта авторитаризмге жол бермеу. Ол үшін биліктің концентраяцисы бір-екі кісінің қолында болмау керек. Аймақтарда да билік әкімнен алынып, мәслихат депутаттарына берілгені дұрыс. Мәслихаттың өзі мажоритарлық жүйе арқылы жасақталып, әкімге сөзін өткізе алатын, халық таңдаған депутаттар болуы керек. Қазірдің өзінде Алматы, Шымкент, Астана, Маңғыстауда, Қызылорда секілді бірнеше аймақта сайлау өте қызық өтетін сияқты. Себебі ол өңірлерде мықты азаматтар өзін-өзі депутаттыққа ұсынды. Енді оларға халық сенім артып отыр. Сайланып алғаннан кейін үндемей отыратын кісілер емес, әкімдерге өз ойларын нақты айта алатын, өз ойын электоратқа да жеткізе алатын азаматтар келеді деген сенімдемін.

Өткен жылғы Президент сайлауы қалай өтті?

– Өткен жылы үлкен электоралдық кезең бастау алды. Оның ішінде референдум болды, Президент сайлауы өтті. Енді Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы келеді. Бұлардың барлығы бір саяси процестің құрамына кіреді. Оларды бөлек-бөлек қарастырмау керек. Президент сайлауының мақсаты – халықтың қазіргі билікті таңдауға сенімділік отын беру болды. Әлеуметтік желілерден және өзімнің байқауымша да  кереметтей болмаса да процесс өзгерді. Әрине, әлі де ашықтық керек, қателіктер болды. Оны тіркеді. Бірақ сырттан қарасақ, халық әсіресе қаңтар оқиғасынан кейін басталған реформалардың инициаторы өз жұмысын жалғастыру үшін Президентімізге сенімін білдірді. Халықтың бір ғана үміті – осы бастаған реформаларды аяғына дейін жеткізу. Одан кейін өткізілген референдум да Президент сайлауының жалғасы сияқты болды. Ондағы мақсат – Президенттің билігін азайту, қазіргі «деелбасизацияны» жүзеге асыру болды. Заңдарға өзгеріс енгізу, жаңадан құрылған конституциялық соттың қызметін анықтау, иммунитеттерді алу сияқты демократияға арналған процестерді жалғастыру болды. Ол да референдумнан өтті, халық дауыс берді. Енді Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттарын сайлауға келіп тұрмыз.

Осы өзгерістер еліміздің алдағы дамуына қалай әсер етуі мүмкін?

– Қаңтар оқиғасынан барлығы сабақ алды деп ойлаймын. Сабақ алмаған адам қалған жоқ шығар. Билік те осы стресстік кезеңде емтиханнан өткен сияқты болды. Сондықтан нақты шешім қабылдап, реформаны бастады. Реформадағы мессендждер бәріне арналды: бұрынғы билікке де – оларды жауапкершілікке тарту бойынша, қазіргі билікке де бағытталды. Халыққа да жолданды. Халықтың да реформа және мемлекет құру процессіне араласқаны дұрыс. Жалпы реформалық өзгерістер біржақты болмай, екі жақтан жүруі керек. Мәселен, мемлекет партия құруға мүмкіндіктер берсе, белсенділер өздері бас болып, партия құруы керек. Егер партия құру ісін мемлекет өз қолына алса, оның аяғы авторитаризмге әкелетінін осыған дейін көрдік.

Дәл қазір белсенді азаматтардың алдында үлкен сынақ тұр. Өйткені 30 жылдық жүйенің ережесімен өмір сүріп үйреніп қалған оларға да өзгеру оңай болмайды. Біздің белсенді азаматтар биліктегі бір адамға қарама-қарсы лидер болуы керек деген ескі көзқарас болды. Ал қазір партияға негізделген демократиялық жүйе құрылып келеді. Егер бұл кісілер трансформациядан өте алмаса, соңында биліктен құр қалады. Өйткені қоғам жаңа ойын ережелерін қабылдады. Олар өз үмітін саяси партия арқылы жүзеге асырғысы келеді. Неше жерден мықты, белсенді, адал 1-2 азамат болса да, олар үлкен жүйеге қарсы күресе алмайды. Олар электорат түгілі, өз құқықтарын қорғай алмайды. Сол үшін партия керек. Міне, соңғы бір жылда қоғамның белсенді азаматтары бас қосып, біраз кездесулер жасады. Бірақ, өкінішке орай, кездесулердің аяғында олар партия құру туралы ұсыныс жасаған жоқ. Бұл қателік болды. Олар өз амбициясынан ары аса алмады немесе бір-бірімен тіл табыспады. Бірақ оған уақыт керек екенін түсінікті.

Қазір мажоритарлық жүйе бойынша бір мандаттық округтерден шығып жатқан белсенді азаматтар Мәжіліске келсе бірқатар өзгерістер әкелуі мүмкін. Тәуелсіздіктің 30 жылында билік халықты саясатқа араластырмады. Бірақ мемлекеттің шаруасына тек биліктің емес, халықтың да араласуға құқы бар еді.

Енді осы сайлаудың қорытындысы бойынша көппартиялы Парламент болуы мүмкін бе?

– Саяси реформалардың аяғы – көппартиялы жүйе болмақ. Ал партияның негізгі мақсаты – өзінің электоратының құқығын қорғау, ой-пікірін жүзеге асыру. Сондықтан да партиялар әртүрлі бағытта болғаны дұрыс. Экологиялық мәселелердің “жасыл партиясы”, социалистік, кәсіпкерлердің партиясы болуы керек. Олар қоғамның бір үлкен электоратын көрсететін ұйымы ретінде 2-3 миллион адамның құқығын қорғай алуы керек. Ал оны тек партия ғана жүзеге асыра алады. Партиялардың құрамында мықты азаматтар бас қосып, өз амбицияларын ысырып қойып, мықты ұйымдар құра алса, ол бөлек мәселе. Әзірге ондай партия бар деп айта алмаймын. Қазіргі Мәжілістегі партияларды бір коалицияның, яғни биліктің партиясы деп айтуға болады. Жаңадан құрылған партияларды халық әлі де жақсы танымайды. Халық танымайынша, олар халықтың сөзін сөйлей алмайды. Кейбірінде партиялық желі жоқ. Бұған дейін қоғам өз белсенділігін танытып, партия құра алмағандықтан, мемлекет бұл функцияны өз қолына алып, өзі партия құрумен айналысты. Бірақ ол дұрыс емес. Өйткені 100 партия болып, барлығы бір тетіктен басқарылса, ол демократияның жолы емес. Ал мен тәуелсіз, мықты, популизмге жол бермейтін, сыртқы күшке сенбейтін, елді кризиске емес, даму жолын бастайтын партиялар болса, осыны көппартиялы жүйе дер едім. Бірақ әзірше оны көріп отырған жоқпыз. Бірақ реформаның соңында әлі де көретін боламыз. Өйткені процесс жүріп жатыр. Келесі жылдың аяғында бізде нақты протопартиялар, күштер құрылып, Мәжілістің бірмандатты депутаттары да  тәжірибе жинай бастайды деген ойдамыз. 30 жылда мүлде мұндай процесс болмағандықтан, ол жаңашылдықты  түсінуге де уақыт керек. Бірақ біз көппартиялы жүйені көреміз деген үмітім бар. Оған мүмкіндік бар, енді бұл қоғамға байланысты.

Жаңа Парламенттің алдында қандай міндеттер тұр?

– Менің жеке пікірім бойынша, соңғы жылдары қоғамда депутаттарға деген жағымсыз пікір қалыптасты. Өңірлерді аралағанда азаматтардан байқағаным, «депутаттар не істейді?», «олар бізге не үшін керек?» деген секілді сұрақтар қояды. Өйткені, қоғам олардың жұмысын білмейді, халық үшін депутаттық құпия, жабық дүние сияқты. Екіншіден, оларға сенім жоқ. Жаңа VIII шақырылымның міндеті қоғамның алдындағы сенімді қайтару болуы қажет. Ол үшін қоғаммен байланыс жасау керек, аймақтармен коммуникация жүргізу керек. Түсіндіріп, азаматтарға ұнайтын, ұнамайтын сәттерді жеткізу керек. Себебі жағдай әртүрлі болады. Кей заңдар, шешімдер халыққа ұнамауы мүмкін. Олар депутатты адвокатындай көріп, ол мені ғана қорғауы керек деп ойлайды. Ол да дұрыс емес. Депутат кейде халық түсінбейтін мәселелерді түсіндіруі керек.

Үшіншіден, депутаттардың жұмысын ашық көрсету керек. Оған декларациялау шарасы көмектесуі мүмкін. Ертең мониторинг те қосылады. Кейін депутаттар журналистерден қашпай, керісінше өздері жеке ойларын, ұсыныстарын  білдіруі керек. Мәжіліс, Сенат, мәслихаттарда депутаттар және олардың командасы коммуникативті көпір орнатып, билікпен, қоғаммен байланыс жасауы керек. Ашық, екі жақты байланыс жүргізу маңызды. Негізгі заң шығару қызметімен қоса ел алдындағы міндеттерді де орындағандары жөн.

Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға