Жаңалықтар

Парламент кейбір конституциялық заңға енгізілетін түзетулерді қабылдады

Парламент кейбір конституциялық заңға енгізілетін түзетулерді қабылдады
Фото: gov.kz 21.06.2024 14:16 397

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң аясында Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық сот құрылады. Олардың өкілеттіктері, құрылымы мен құрамы, сондай-ақ судьялар мен кассациялық соттардың төрағаларына қойылатын талаптар белгіленеді. Осыған орай он үш судья мен заң саласындағы қоғамдастығының екі өкілінен тұратын Сот жюриінің құрамы қайта қаралды.

Сот төрелігі сапасы жөніндегі комиссияның құрамы да қайта қаралды. Оның құрамына жұмыс істеп жүрген тоғыз судья және отставкадағы екі судья кіреді. Жоғарғы Сот Төрағасының сот актілерін қайта қарау туралы ұсыныс енгізу құқығы алынып тасталды. Сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту, партияға кірген жағдайда судьяның отставкасын тоқтату туралы және басқа да нормалар енгізілді.

Бірлескен комиссия «Республикалық референдум туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» басқа да конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды қарады. Осыған байланысты заңның атауын өзгерту туралы шешім қабылданды. Дауыс беру қорытындылары бойынша депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңды қабылдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға