Жаңалықтар

Париж Олимпиадасы: отандық спорттың әлеуеті қай деңгейде?

Париж Олимпиадасы: отандық спорттың әлеуеті қай деңгейде?
Фото: © Getty IMAGES 25.11.2023 13:47 726

Париж Олимпиадасына аз ғана уақыт қалды. Әлем бойынша аса маңызды турнирге қазір ұлттық құрамалар лицензия иелену бойынша бәсекеде барын салып жатыр. Ал Қазақстан атаулы бәсекеде өзінің әлеуетін қаншалықты көрсетуі мүмкін?

Сөз жоқ, Рио Олимпиадасынан кейін қазақ спорты тоқыраудан шыға алмай тұрғаны рас. Себебі, қысқы спортты айтпағанда 2018 және 2023 жылы өткен Азия Ойындары, Токиода болған Олимпиада бәсекесі біздің спортшылар үшін сәтсіз аяқталды .

Әсіресе, Жапониядағы төртжылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан құрамасының 8 алтынмен оралуы көңілімізді тіпті күпті ете түсті. Қазақстан 1994 жылдан бері егемен ел ретінде Олимпиада Ойындарына қатыса бастағалы бері алтын медальдан құр қалмаған еді. Ал Токиода елімізде дамыған спорт түрі саналатын бокстан тек қос боксшының қола медальмен оралуы көңілімізді әбден түсірді. Ал соңғы екі Азия Ойындарындағы нәтижеміз тіптен жағдайды қиындада түскендей. Бокс демекші бұл бәселекелерде біздің боксшылардың әлеуеті алтыннан алыс болды. Сонымен, келер жылы Парижде өтетін Олимпиадада біздің спортшылар спорттың қай түрінен жарқырауы мүмкін. Осы орайда  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі алдағы жарысқа шолу жасап көрді.

Қазақстан негізінен Олимпиада Ойындарында күш қолданылатын спорт түрлерінен жүлде алып жүр. Оның ішінде бокс, күрес түрлері, дзюдо, ауыр атлетика секілді спорт түрлері. Бірінші кезекте дзюдошылардың әлеуеті туралы айтатын болсақ, қазір ұлттық құрама сапында әлем чемпионатында жүлде алып жүрген спортшыларымыз санаулы ғана. Мәселен, 60 келіде әлемдік рейтингте Мағжан Шамшадин 13-орында тұр. Ал Нұрқанат Серікбаев бұл көрсеткіште 19-орынға табан тіреді. Олимпиада Ойындарының екі дүркін жүлдегері Елдос Сметов 60 келі бойынша рейтингте 35-ші орында. Әрине, Токиодағы Ойындардан кейін Сметов тек 66 келіде күресіп, араға уақыт салып барып өз салмағына қайта оралды. Бұл жағдайдың оның рейтингісіне тікелей әсер еткені анық. Алда Токиодағы Гранд Слэм бәсекесіне оның қатысатынын ескерсек ол жүлде алған жағдай көрсеткішін жақсарта түсері сөзсіз. 

Париж Олимпиадасы: отандық спорттың әлеуеті қай деңгейде?

Дегенмен, 60 келіде бапкерлер үздік 20-ға кірген балуандар арасынан балуандарды таңдары белгілі. Сондықтан, Сметов Парижден үмітті болса бәсекелік сында өзін дәлелдеуі тиіс. Ал Сметов Франциядағы Олимпиадаға бармай қалса жігіттердің арасынан өзге балуандардың жүлде алатынын тап басып айту қиын. Себебі, ерлер арасында олимпиадалық цикл барысында тек Елдос Сметов қана әлем чемпионатынан жүлде алды. 66 келіде Ғұсман Қырғызбаевтың Парижге баратын мүмкіндігі мол. Әлемдік рейтингте 14-ші орында тұрған ол әзірге жолдамаға ие болып тұрған санаулы балуанның бірі. Алайда Парижге дейін әлі талай жарыс барын ескерсек оған әлі де өзін дәлелдей түсуі қажет. Одан кейін ел чемпионы атанған Есет Қуанов рейтингте 72, Айболат Ыстыбай 81, Сұңғат Жұбатқан 86-шы орында тұр. Сондықтан, Қырғызбаевты Олимпиадаға барып, ел намысын қорғайды деп сеніммен айта беруге болады. 

73 келі салмақ дәрежесінде Данияр Шамшаев 16-орында келеді. Екі Олимпиадаға қатысқан оның әріптесі Жансай Смағұлов 25-ші орында. Асқар Нарқұлов болса 63-ші сатыға жайғасқан. Сондықтан, бұл бәсекеде Даниярдың жолы болатын секілді. 

81 келіде Абылайхан Жұбазар 16-орында. Токиодан кейін Дидар Хамзаның орнын басқан балуан халықаралық жарыстарда тәуір күресіп жүр. Оның ішінде ол әлем чемпионын да ұтты. Абылайханнан бөлек, ұлттық құраманың тағы бір мүшесі Руслан Мұсаев 87-ші орын тұр. Сондықтан, Жұбаназар бұл бәсекеде ел ішінде теңдессіз болып отыр. 90 келіде ел намысын қорғаған Дидар Хамза Қытайда аяқталған Азия Ойындарынан кейін өзінің спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді. Алайда ол әзірге рейтингте 28-ші орында тұрғанына қарағанда өзге балуандардың Париж жолдамасын иеленуі қиын. Себебі, одан басқа отандық дзюдошылардың ішінде әзірге жүздікке енген ешкім жоқ. -100 келіде биыл «ардагер» Ислам Бозбаев топ жарды. Десек те бәсі балуан ретінде Шархан Нұрлыханды атауға болады. Ол қазір әлемдік рейтинг бойынша 21-ші сатыда. Бозбаев болса 45-ші орыннан жоғары көтерілмеді. Бекарыс Сәдуақас болса 55, ал қызылордалық Айбек Серікбаев 285 ұпаймен 98-орында тұр. +100 келіде Олимпиада балуан апарудың мүмкіндігі аздау. Себебі, ел ішінде үздік атанған тараздық Ғалымжан Қырықбай 30-орында. Қазақ күресі мен дзюдоның арасында жүрген спортшы алда кемі үш жарыстан жүлде алмаса Олимпиадаға баруы екіталай. Бұл салмақтағы тағы екі балуан Әділ Оразбаев мен семейлік Ерасыл Қажыбаев 43-44 орындарды өзара бөліскен.

Париж Олимпиадасы: отандық спорттың әлеуеті қай деңгейде?

Әйелдер дзюдосындағы Абиба Әбужақынова Париж Олимпиадасынан жүлде алады деген үмітті балуанның бірі. Ол былтыр Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола жүлде еншілесе, биыл Дохада бесінші орынға тұрақтады. Рейтинге ол 6-шы орында. Бұл салмақта күрескен қазақстандық Ғалия Тынбаева 27-орында. Алайда Ғалия қазір салмақ ауыстырып, 52 келіде күресіп жүр. Сондықтан, 48 келіде Абиба ел сенімін ақтап, жүлде алады деген үміт мол. 52 келіде рейтингте біздің нәтижесіміз жақсы емес. Әзірге Әбеуова Толғанай 63-ші орында. Ал Ғалия Тынбаева 70, Гауһар Ирмағанбетов 82 орында. Парижге дейінгі жарты жылдықта кімдер үздіктер қатарына кіреді? Оны уақытында көретін боламыз. 57 келіде Севара Нышанбаева 49-шы орында келе жатыр. Ал Бақыт Қосақбаева 64-ші орында. Дана Әбдірова болса 95-ші сатыдан қозғалмады. 63 келіде Азия Ойындарында қола жүлде алған Есмигүл Құйыловадан жұрт көп нәрсе күтеді. Алайда 40-шы орында тұрған дзюдошыға алда өзін дәлелдемесе Олимпиадаға барады дей алмаймыз. Кемінде екі ірі турнирде жүлде алмаса оның көрсеткіші біз ойлағандай болады деу қиын. 70 келіде қазақстандық Анастасия Маякова 70-ші орыннан мызғымады. Сондықтан бұл салмақта да Олимпиада спортшы апаратын мүмкіндік жоқтың қасы. 78 келіде Аружан Жангелдина халықаралық жарыстарда бауырын жазып, жақсы нәтижеге қол жеткізе алмай жүр. 36-орында тұрған спортшы рейтингтегі  деңгейін жақсартса деген үмітіміз бар. Бірақ Гранд Слэм бәсекелеріндегі оның аяқ алысы жанкүйерлер сенімін ақтамады.  +78 келіде Кәмила Берліқаштың күресі көңіл қуантады. 16-орында тұрған ол биыл қазақ қыздары арасында алғашқы болып Гранд Слэм бәсекесінің финалына шықты. Сондықтан биыл ел чемпионы атанған Кәмиладан күтеріміз көп. Өзінің әлеуетін толық көрсетсе аса ауыр салмақта Олимпиада жүлдесін алған алғашқы қазақ қызы да атануы бек мүмкін. Бірақ, алдағы маңызды додадаларда отандасымыз жарқырай түсуі тиіс. Себебі, әлемдік бәсекеде рейтинг үнемі жаңарып тұратынын ескерсек үнемі бабынба болуы керек.

Париж Олимпиадасы: отандық спорттың әлеуеті қай деңгейде?

Бокстың басына қазір қара бұлт үйіріліп тұрған секілді. АІВА (қазіргі ІВА) халықаралық Олимпиада Комитеті өз қатарынан аластатқалы бокстағы шешім де төрешілердің көңіл күйіне байланысты шығарылатын секілді көреді. Токиода алтынсыз қалған қазақ боксшылары енді Парижде үмітті қаншалықты ақтауы мүмкін?! Әрине, бір қуантатыны құрама ішінде бәсеке қатты. Қазіргі уақытта боксшылар арасында 7-8 әлем чемпионы бары көңілді марқайта түседі. Мұндай жағдай тек бәсекені күшейтенін ескерсек, Парижден күтеріміз көп. Бірақ... Екінші мәселе төрешілердің тегеуріні қазақ боксшыларына қатты болып отыр. Себебі, біз оны Қытайда өткен Азия Ойындарында тағы көрдік. Әрине, бұл орайда біз Асланбек туралы айтқымыз келеді. Биыл Ташкентте өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан ол Ханчжоуда тәуір жұдырықтасты. Алайда жартылай финалда оның жолын төрешілер әділетсіз түрде кесіп тастады. Олай дейтініміз мұндай жағдайды оның қарсыласы жапон Сэвон Окадзаваның өзі күтпеді. Бірақ жеңіс соған берілді. Бұған біздің бапкерлер наразы болып, Халықаралық Олимпиада Комитетіне шағым түсіргеніне қарамастан шешім өзгерген жоқ.  Бұл жағдай туралы Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Азиз Қожамбетов ХОК шешімді өзгертпейтінін атағанын алға тартты.

"ХОК Шымбергеновтің жеңісін мойындамай отыр Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының нәтижесі баршаңызға белгілі. Төрешілер біраз жеңісті бермей қойды. Әсіресе, Асланбек Шымбергеновтің соңғы екі кездесуін айтсақ болады. Егер өзбек боксшысын ұрып құлатпағанда, Шымбергенов те жүлдесіз қалар еді. Ал жапонмен болған жекпе-жекке бокстағы мықты мамандар баға беріп, Асланбектің әділетсіздікке тап болғанын айтуда. Спортта мұндай сәттер көп. Жанкүйерлер мұның бірін көреді, бірін көрмейді. Осындай әділетсіз шешімдердің ауыр жүгін спортшыдан бөлек, бапкерлер арқалайды. Ал әлеуметтік желіде көпшілік аузына келгенін айтып жатыр. Мұның бәрін оқып, жүрекпен қабылдау бізге оңай емес. Жеңсе – төбеге көтеріп, жеңілсе – жерге ұратынымыз өкінішті. Біз Асланбек Шымбергеновтің жапондық Окадзавамен болған жекпе-жегіне қатысты шағым түсірдік. Халықаралық Олимпиада комитетінен жауап та келді. Олар өздерін ақтап, Асланбектің жеңісін мойындамай отыр. Мұны әрі қарай дамытып, Спорттық арбитражды сотқа (CAS) шағымдансақ деп ойлағанбыз. Бірақ Олимпиада қарсаңында мұның бәрі бізге керек пе? Осыны да ұмытпау керек. Ал Карина Ибрагимоваға қатысты зерттеу әлі де жүріп жатыр", - деді жағдай туралы Азиз Қожамбетов.

Париж Олимпиадасы: отандық спорттың әлеуеті қай деңгейде?

Ал Азия Ойындарында Олимпиада жолдамасын тек Қамшыбек Қоңқабаев қана иеленді. Аса ауыр салмақта финалға шыққан ол өзбек боксшысына есе жіберсе де, ең бастысы қоржынған жүлдемен бірге жолдаманы салды. +92 келіде Қамшыбек Олимпиада жүлдесін алады деген бірден-бір спортшы. Тек өзінің байырғы қарсыласы өзбекстандық Баходир Жалоловты 2017 жылы өткен әлем чемпионатында басым түскен нәтижесін екеуара кездесуде қайталай алмай жүргені көпшілікті алаңдатады. 48, 54, 60, 67, 75, 86, 92 келі секілді салмақ дәрежелері Олимпиада бағдарламасы енбеді. Сондықтан бұл сында тек 51, 57, 63,5, 71, 80 және +92 келі салмақ дәрежелері қалдырылып отыр. Жыл сайын салмақ қысқарып, Олимпиададан алдағы уақытта алынып тасталуы мүмкін екені де айтылады. Алайда жанкүйерлер ол әңгімеге сенгісі жоқ. 51 келіде Қазақстан құрамасында қазір екі әлем чемпионы бар. Бірі Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов. Екіншісі биыл 48 келіде әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай. Алайда 19 қарашада аяқталған ел спартакиадасында екі мықтының жолы финалда түйісті. Осылайша төрешілер шешімі бойынша жеңіс Сәкенге берілді. Жекпе-жек барысында екі мықты бірнеше рет ерегесіп қалып жатқан сәттер де тіркелді. Сондықтан қос саңлақ арасындағы бәсеке ұзаққа созылып, талай қызықтың куәсі болатын секілдіміз. Енді жолдама үшін өтетін жарысқа Сәкен Бибосынов барады. Ал Санжарға Лос-Анджелес Олимпиадасын күтуге тура келетін шығар. Әрине, АҚШ-та 2008 жылы өтетін Олимпиадада бокс болмауы да мүмкін. 

57 келіде жаңа боксшы пайда болды. Ол бұған дейін 54 келіде әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан. Ол 57 келіде әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Серік Теміржановтың биыл «Елорда» кубогының жартылай финалында ұтып, Азия Ойындарына аттанды. Алайда Азияның басты бәсекесі Махмұд үшін келте болды. Ал спартакиада Ойындарында топ жарған Махмұд енді лицензиялық сында бақ сынайды. «Өзімнің мықты екенімді дәлелдеймін» деген Махмұдтың шамасын алдағы сындарды толық байқайтын боламыз. 

Париж Олимпиадасы: отандық спорттың әлеуеті қай деңгейде?

63,5 келіде Серік Теміржанов күміс жүлдеге ие болды. Олимпиада лицензиясы үшін өтетін сынға барамын деген жолда оның алдын түркістандық Мұхамедсабыр Базарбайұлы орап кетті. Сондықтан, аталған додаға бапкерлердің кімді қосатыны алдағы уақытта түбегейлі белгілі болмақ. Сондықтан, салмақ ауыстырған боксшыларға жаңа бәсекеде бәріне дайын болуы керек. 

71 келіде биыл әлем чемпионы атанған Асланбек Шымбергеновтің лицензиялық жарысқа баратыны белгілі. Ұзақ жылдар бойы құрамада №2 боксшы болған Шымбергенов енді мүмкіндігін мүлт жібермес. 80 келіде қазір құрама екі әлем чемпионы бар. Оның бірі 2019 Ресейде өткен дүниежүзілік біріншілікте топ жарған Бекзат Нұрдәулетов болса, екіншісі биылғы су жаңа әлем чемпионы Нұрбек Оралбай. Екеуара бәсекеде Нұрбектің жолы болды. Алда Олимпиада Ойындарына қадам басса, Нұрбектен күтеріміз көп. Дегенмен, бапкерлер Бекзатты да назардан шығармауы тиіс. Екі мықтының бір салмақта болуы ішкі бәсекені арттыра түсетіні сөзсіз. Алайда бәсекеден тек жоғары нәтиже шығып жатса құба-құп. 92 келіде ұлттық құраманың №1 боксшысы әзірге Айбек Оралбай. Ол таяуда спартакиада финалында түркістандық Сағындық Тоғамбайдан басым түсті. Енді боксшы алда Олимпиада жолдамасы үшін сында бақ сынауы тиіс. Биыл Ташкентте өткен әлем чемпионатын сәтсіз аяқтаған ол алдағы турнирде өз әлеуетін толық көрсетеді деген үміттеміз. +92 келіде келіде Қамшыбек Қоңқабаевқа ел ішінде тең келер боксшы жоқ. Әрине, одан кейін өзге спортшының жасындай жарқырай алмай тұрғаны да өкінішті. Олимпиада жолдамасын Қытайдағы сында иеленген ол Парижге дейін алаңсыз дайындала берсе болғандай. Тек жанкүйерлер оның олимп шыңын бағындыруын тілейді. Сонымен қатар, ҚБФ Президентінің жеке қаражатынан сыйақы беру дәстүрі жалғаса беретіні белгілі болды. Алтын медаль үшін чемпиондар 50 мың АҚШ долларын, күміс жүлдегерлер - 30 мың АҚШ долларын, қола медаль үшін - 10 мың АҚШ долларын алады.

Париж Олимпиадасы: отандық спорттың әлеуеті қай деңгейде?

Әйелдер боксына бойынша Олимпиада Ойындарына 5 салмақ еніп отыр. 51, 57, 60, 59, 75 келіде келер жылы Париж Олимпиадасының жолдамасы үшін өтетін сынға кімдердің қатысатыны айтылмады. Таяуда Қытайда аяқталған Азия Ойындарында бокстан 8 салмақ бойынша отандастарымыз сынға түскен болатын. Олардың арасында бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай (50 кг), Карина Ибрагимова (57 кг), Римма Волосенко (60 кг),Наталья Богданова (66 кг), Валентина Хальзова (75 кг) сынға түсіп, тек бір боксшы ғана күміспен күптелді. Ол Карина Ибрагимова болатын. Карина биыл көктемде өткен әлем чемпионатында да күміске қол жеткізді.  Кезінде 48 келіде екі дүркін әлем чемпионы атанған Назым Қызайбай қазір 51 келіде жүр. Алайда салмақ ауыстыру боксшыға қолайлы болмаған секілді. Себебі, отандасымыз халықаралық ірі жарыстарда бұрынғыдай жарқырай алмай жүр. Жалпы, биылғы әлем чемпионатында 7 жүлде еншілеген қазақстандық әйелдер құрамасының әлеуеті жаман емес. Сондықтан, олар Лондон және Рио Олимпиадасындағы Қазақстан әйелдер құрамасының жетістігін қайталай алады деген сенім мол. 

Күрес түрлері бойынша Токио Олимпиадасында Қазақстан балуандары жалғыз қоланы қанағат тұтуға мәжбүр болды. Нұрислам Санаев иеленген жүлде қазақ балуандарының жалғыз жұбанышы болды. Еркін күрес бойынша Жапониядағы сында үш балуан қола жүлде үшін күрескенімен, білекті жігіттердің есе жібергені өкінішті.

Париж Олимпиадасы: отандық спорттың әлеуеті қай деңгейде?

Биыл Сербияда екінші жыл қатарынан күрес түрлерінен әлем чемпионатты өткен болатын. 16-25 қазан күндері болған балуандар бәсекесінде Қазақстан құрамасы 3 жүлде ғана иеленді. Оның біреуі алтын болса, екеуі қола жүлде. Айта кететін бір жайт, 24 жыл бойы алтын күткен қазақ жанкүйерлерінің мерейі Белградта тасығанын ерекше айтуымыз керек.. Олай дейтініміз, еркін күрестен 92 келіде белдескен Ризабек Айтмұқан Қазақстан тарихында еркін күрестен алғаш болып әлем чемпионы атанған жайы бар. Ал 86 келіде Азамат Дәулетбеков екінші жыл қатарынан қола жүлдеге қол жеткізгені де отандыө спорттың тарихына алтын әріппен жазылды.

Париж Олимпиадасы: отандық спорттың әлеуеті қай деңгейде?

Сондай-ақ, ол Париж Олимпиадасының жолдамасын да иеленді. Ал әуелдер күресінен 72 келіде белдескен Жәмила Бақбергенова үшінші жыл қатарынан әлем біріншілігінің медалін иеленді. 2021-2022 жылдары финалға шығып, қос күмісті қанжығаға салған бұрымды балуанды Сербияда қола жүлдені қанағат тұтты.

Париж Олимпиадасы: отандық спорттың әлеуеті қай деңгейде?

Париж Олимпиадасында еркін күрес балуандары кемі бір медаль алатын әлеуеті бар деп топшылаймыз. Сондай-ақ, 87 келіде Нұрсұлтан Тұрсынов грек-рим құрамасындағы ең үздік нәтиже көрсеткен жалғыз балуан болып отыр. Ол жартылай финалға дейін жетіп, финалға шығар сында түрік балуанына есе жіберіп алды. Дегенмен семейлік спортшының қола жүлде үшін таласта украиналық спортшы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасының чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы Жан Беленюкке жол бергені өкінішті. Бірақ, Париж Олимпиадасының жолдамасы үшін күресте ол жеңіске жетіп, мүмкіндігіні толық пайдалана алып, жолдаманы қоржынға салды. Алдағы Олимпиада Ойындарында күрестің барлық түрі бойынша біздің спортшылар үш жүлде алуы мүмкін. Еркін күресте биыл 92 келіде әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұқан алда 97 келіге ауысатынын атады. Демек, әлем чемпионы жаңа салмаққа ауысқан соң алда Парижде белдесіп қалуы да ғажап емес. Жалпы, еркін күрес балуандары төртжылдықтың басты ойындарында кемі бір жүлде иеленсе, грек-рим және әйелдер күресі құрамасы да сол межеі қайталайды деген болжам бар. Риода өткен Олимпиада Ойындарында Қазақстан әйелдер құрамасынан 4 балуан жолдама алып, барлығы да жүлде үшін күрескенін жанкүйерлер ұмыта қоймаған болар. Мәселен Гюзель Манюрова финалға шығып, күміске ие болса, Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларионованың қола жүлде отандық әйелдер күресінің қаншалықты қауқарлы екеніне айғақ болған еді. Алайда, Токиода сүрінген қыздарының жайы көңіл көншітпеді.

Париж Олимпиадасы: отандық спорттың әлеуеті қай деңгейде?

Дегенмен, одан кейінгі әлем чемпионатында күрескен Жәмила Бақбергенованың үш рет әлем чемпиоатынан жүлде алуы аздаған үміт сыйлап отыр. Әрине, оның салмағы Олимпиадалық салмаққа кірмейді. Алайда таяуда өткен Азия Ойындарында оның 76 келіде күресіп, қола медаль үшін күресуі мүмкіндігін барын көрсеткендей. Олимпиада демекші, әзірге қазақ балуандарында тек екі жолдама ғана бар. Алдағы лицензиялық жарыстарда кімдердің күресетіні мүлдем белгісіз. Бапкерлер алқасы үмітті ақтайтын балуанды додаға қосады деген әңгімеге сенгіміз келеді. Себебі, екі олимпиада да еркін күрес және грек-рим күресінің балуандары сенімді ақтай алмады. Әрине, бұл орайда Нұрислам Санаевтың легионер екенін ескерсек күресіміздің Олимпиададағы әлеуетін жақсы дей алмаймыз.

Бүгінде отандық спортты дамыту үшін министрлік өз алдына жеке құрылым болып қайта ашылды. Бұл біздің спорттың дамуына қаншалықты тың серпін беретініне алдағы уақытта куә боламыз деген ойдамыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға