Жаңалықтар

"Парасатты полицей". Полиция қызметкерлері республикалық байқауға қатысты

"Парасатты полицей". Полиция қызметкерлері республикалық байқауға қатысты
Фото: © Polisia.kz 05.09.2023 13:00 784

Таразда “Парасатты полицей” атты республикалық байқау өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Байқауға қатысушылар Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов пен Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, соғыс және тыл ардагерлеріне арналған даңқ залына барды.

Байқаудың ашылуына Жамбыл облысы ПД бастығы Арманбек Баймурзин, ҚР ІІМ идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің бастығы Альбина Махамбетова қатысты. Дәстүрлі жеребеден кейін қонақтар полиция департаменті қызметкерлерімен дайындалған концерттi тамашалады.

Келесi күнi Баласағұн орталық концерт залында байқау қатысушылары “Парасатты полицей” байқауының екі кезеңi бойынша бақ сынады. Сайыс басталар алдында іс-шараның құрметті қонағы Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың жұбайы Гүлжамал Тәжиева құттықтау сөз сөйледі. Ол барлық қатысушыларға сәттілік пен байқаудан жағымды әсер алуды тіледі.

Әр команда әр түрлі ұлт өкілдерінен құралды. Олар өздерінің мемлекеттік тiлдi жетiк меңгергендерiн көрсетiп, заңдар мен кәсіби терминдердің қолданылуы бойынша бiлiмдерiн танытып, сондай-ақ шығармашылық тапсырмаларды мүдiрместен орындады. Байқау қорытындысы бойынша Қостанай облысы полиция департаментінің ” Қостанай сақшылары” командасы жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанды. Бірінші орын Ақмола облысы полиция департаментінің “Көкше сақшылары” командасына бұйырды. Ал екінші орынды Алматы қаласы ПД “Ұлы дала сақшылары” және Шымкент қаласы ПД ” Мегаполис” командалары өзара бөлістi.

Астана қаласы ПД “Елорда қырандары”, Батыс Қазақстан облысы ПД “07 аймақ” және Жетісу облысы ПД “Қыран құс” командалары жүлделі үшінші орын тұғырынан көрiндi. Сондай-ақ, байқаудың қазылар алқасы ерекше өнер көрсеткен қатысушыларды бірнеше номинация бойынша марапаттады. “Көркем сөз шебері” номинациясын Ұлы ақынның жерлестері Абай облысының “Алаш ұрпақтары” командасы, ал “Көрермен көзайымы” номинациясын Маңғыстау облысының “Айбынды Ақтау” командасы алды.

“Үздік сахналық көрініс” номинациясын Атырау облысы ПД-нiң “Қыран” командасына, Солтүстік Қазақстан облысы ПД-нiң “15-ші аймақ” командасына “Өнерлi команда” номинациясын, ал “Ұйымшыл команда” номинациясын Түркістан облысының “Тұран қалқандары” командасына табыс етті. Оған қоса, мемлекеттік тiлде мүдiрмей сөйлеп, жетiк меңгергенiн көрсете бiлген “Тілi басқа, тілегі бiр” номинациясымен Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкерi Фоленвейдер Владимир Юрьевич марапатталды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға