Жаңалықтар

Паралимпиада: Қазақстанға үшінші күміс медальді сыйлаған Ерғали Шәмей кім?

Паралимпиада: Қазақстанға үшінші күміс медальді сыйлаған Ерғали Шәмей кім?
Фото: t.me/mediaparis2024 07.09.2024 18:41 454

Пара дзюдодан J1 санатында 73 келі салмақта өнер көрсеткен Ерғали Шәмей Парижде өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында күміс жүлдегер атанды. Қазақстандық спортшы финалдық белдесуінде румыниялық Флорин-Александр Бологаға 10:0 есебімен жол берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ал ширек финалдық айқаста Шәмей татами иесі Арминд Родригестен басым түссе, жартылай финалда неміс Леннарт Засстан айласын асырды.

Бұл жетістігімен жерлесімізді жаңадан тағайындалған туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та құттықтап, табандылығын жоғары бағалады.

Париждегі дүбірлі додада отандасымыз Ерғали Шәмей татамиде табандылық танытып, Паралимпия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Білекті балуанымыздың таланты мен жеңіске деген жігеріне бүкіл әлем куә болды. Оның осы жолда көрсеткен қажырлы еңбегі кез келген жанға үлгі бола алады. Ерғалиға алдағы жарыстарда жеңіс тілеймін! - деді туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Жалпы, Ерғали ­– бұған дейін де талай аламанда атой салып жүрген балуан. Естеріңізде болса, 2024 жылғы наурыз айында Ерғали Шәмейге арналған «Үміт сәулесі» атты қысқаметражды фильм жарыққа шықты. 30 минуттық туындыда жарақатына байланысты көру қабілетінен айырылған Шәмейдің базарда жүк тасушы болып жұмыс істеп жүргені туралы баяндалады. Ол мұндац қадамға өз отбасын асырау үшін барғаны да айтылды.

Ерғалидің өзі спорттық карьерасын 2015 жылы бастаған. 39 жастағы спортшы парадзюдодан кәсіби деңгейдегі жарысқа алғаш рет 2018 жылы Португалияның Одивелаш қаласында қатысты. Ол кезде отандасымыз 13-орын иеленіп, жүлдесіз қалған.

Ал 2020 жылы Азия Параойындарында қазақстандық дзюдошы өзінің алғашқы жүлдесіне қол жеткізді. Ерғали қол жүлдегер атанды.

2022 жылы Бакуде (Әзербайжан) қазақстандық спортшы алтын медаль жеңіп алды.

2022 жылғы желтоқсанда Шәмей Астанада өткен Гран-приде күміс жүлдеге ие болды.

2023 жылы Мысырда парадзюдодан IBSA Гран-приі өтіп, жерлесіміз қола жүлде иесі атанды.

23 тамызда ол IBSA-дің Бирмингемде (Ұлыбритания) өткен Гран-приінде күміс жүлдені қоржынға салды.

Сонан соң 2023 жылғы қазан айында Ерғали Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия Параойындарына қатысып, жеңімпаз атанды. Сонымен қатар ол «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағын қоса алды.

2023 жылғы желтоқсан айында Жапония  астанасы Токиода IBSA Гран-приі өтіп, Шәмей ол жақтан да құралақан қайтпады – қола жүлдесін мойнына тағып оралды.

Сонымен қатар Ерғали 17-18 ақпан аралығында Гейдельбергте (Германия) өткен IBSA Гран-приінде де үздік үштікті қорытындылады.

Ал Франция астанасына аттанбас бұрын ол 1-2 сәуір аралығында Түркияның Анталия қаласында өткен IBSA Гран-приінде бақ сынап, кезекті қола жүлдесін қанжығасына басты.

Жалпы, Қазақстан құрамасы Париж паралимпиадасында әзірге жеті медаль еншіледі. Соның ішінде екі алтын, үш күміс және екі қола медаль бар. Бұл отандық спортшылардың Паралимпиада тарихындағы үздік нәтижесі.

Қазақстандағы Паралимпиада тарихы

Осы орайда Қазақстанның Паралимпиада тарихына шолу жасап өтсек. Жалпы, Паралимпиада елдің спорт саласындағы маңызды бөлімдерінің бірі екені сөзсіз. Қазақстан паралимпиадалық қозғалысқа 1990 жылдары қосылып, содан бері мүмкіндігі шектеулі спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуы үшін үлкен қадамдар жасады.

Алғашқы қадамдар және дамуы

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1996 жылы Қазақстан Ұлттық паралимпиада комитеті құрылды. Осы кезден бастап елдің паралимпиадалық қозғалысы ресми түрде дами бастады. Алғашқы қазақстандық спортшылар Атлантада өткен 1996 жылғы Паралимпиада ойындарына қатысты, бірақ олар жүлделі орындарға жете алмады. Дегенмен бұл олардың әлемдік деңгейде тәжірибе жинақтауының бастамасы болды.

Алғашқы жетістіктер

2000 жылы Сиднейде өткен Паралимпиада ойындарына Қазақстаннан небәрі үш спортшы қатысты. Спортшылар арасында ең табыстысы жүзу спортынан болған Ольга Семенова еді, ол 50 метрлік еркін жүзуде күміс медаль жеңіп алды. Бұл Қазақстан тарихындағы алғашқы Паралимпиада медалі болды.

2010 жылдардағы даму

Қазақстанның Паралимпиада спортшылары Лондондағы 2012 жылғы Паралимпиада ойындарында белсенді өнер көрсетті. Ел құрамасы сапында жеңіл атлетика, жүзу және пауэрлифтинг бойынша спортшылар қатысты. Алайда Лондоннан олжасыз оралдық.

2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар үлкен жетістікке қол жеткізді. Пауэрлифтингтен Раушан Қойшыбаева күміс медаль иеленді, ал жүзуші Зүлфия Ғабидуллина Қазақстан тарихында бірінші рет Паралимпиада чемпионы атанды. Оның бұл жеңісі Қазақстанның Паралимпиадалық қозғалысы үшін тарихи сәт болды.

Соңғы жылдардағы жетістіктер

2021 жылы Токиода өткен Паралимпиада ойындары Қазақстан үшін тағы бір маңызды кезең болды. Ел құрамасы жалпы алғанда бір алтын және үш күміс медаль, бір қола медаль жеңіп алды. 54 келіде бақ сынаған пауэрлифтер Давид Дегтярёв жеңімпаз атанса, пара дзюдошылар Әнуар Сариев (60 келі), Теміржан Дәулет (73 келі) пен Зарина Байбатина (70 келі) күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал жүзуші Нұрдәулет Жұмағали қола медаль еншіледі. Айтпақшы, Давид Дегтярёв Парижде де қарсылас шақ келтірмей, Қазақстан тарихында тұңғыш рет Паралимпиаданың екі дүркін чемпионы атағына қол жеткізіп отыр.

Қорытынды

Қазақстанның Паралимпиада тарихы көптеген қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, спортшыларымыздың табандылығы мен қайсарлығының арқасында нәтижеміз жақсарып, үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз.

Қазақстандағы Паралимпиада қозғалысы алдағы уақытта да дами береді деп үміттенеміз, себебі мемлекет пен қоғам тарапынан қолдау күшейіп келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға