Жаңалықтар

Пара дзюдо: Қазақстан ерлер құрамасы әлем чемпионатында топ жарды

15.05.2025 17:40 1155
Пара дзюдо: Қазақстан ерлер құрамасы әлем чемпионатында топ жарды

Астанада өтіп жатқан IBSA Judo World Championships жарысында Қазақстанның ерлер құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Финалда отандық спортшылар Бразилия құрамасын 4:3 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Бұған дейін аламанның ашылу салтанатында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елімізде паралимпиадалық қозғалыс қарқынды дамып келе жатқанын алға тартқан. 

Қазақстанда паралимпиадалық қозғалыс қарқынды дамып келеді және бұл қоғамда инклюзивті құндылықтарды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Соның ішінде пара дзюдо спортынан отандастарымыз халықаралық жарыстарда нәтижелі өнер көрсетіп жүр. Токиода өткен Паралимпиадада отандастарымыз үш күміс медаль иеленсе, Парижде бір алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Құрамамыздың сапында әлем және Азия чемпиондары бар. Астанада әлем чемпионатының өтуі – еліміздің халықаралық деңгейде спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатындығының айқын дәлелі. Бұл чемпионатта да спортшыларымыз еліміздің намысын абыроймен қорғайды деп сенемін, – деді Ербол Мырзабосынов.

Биыл додада 38 елден 300-ден астам спортшы қатысуда. Жарыста 20 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның 16-сы Паралимпиада бағдарламасына енсе, қалған төртеуі жаңадан қосылған салмақтар бойынша үлестіріледі. Бұл – 2028 жылғы Лос-Анджелес Паралимпиадасына іріктеу турнирі мәртебесіне ие беделді жарыс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға