Қазір ақпарат көп. Оны саралау үшін өре керегі тағы бар. Ал санаңды серпілтіп, сыни ойлауға үйрететін бірден бір құрал – кітап. Әсіресе, жастар үшін бағыт-бағдар беретін, өзін-өзі табу үшін кітап оқу маңызды. Төменде әр жас оқуы тиіс бес кітапты ұсынамыз.
1. «Абай жолы» – ұлттық рухтың айнасы
Білем, бұл кітап туралы жиі айтады. Мұндай әрекет сені мезі етуі мүмкін. Бірақ қазақты ұлт ретінде тану, оның мінезі мен болмысындағы мінін де, артық тұсын да бағамдау үшін осы кітапты оқу керек. Кітаптың тереңіне бойлай алмай жатсаң, журналист Әлия Әшімнің Instagram парақшасында «Абай жолы» кітабын талдағанын, өзінше ой түйгенін тыңдап шығыңыз. Негізі, зиялы қауым бұл эпопеяны адам мектеп жасында, студент шағында, одан кейін ақыл тоқтатқан уақытта оқуы керегін айтады. Сондықтан біз де толық оқып шығуға кеңес береміз. Жалпы, кітапта ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының өмірі арқылы халықтың тұрмысы, дәстүрі мен болмысы кеңінен суреттеледі. Бұл шығарма жастарға тек тарихты емес, адами құндылықтарды да үйретеді.
2. «Бай әке, кедей әке» – қаржы сауатының бастауы
Роберт Кийосакидің осы еңбегінде ақша табу емес, оны дұрыс басқару туралы айтады. Жастар үшін қаржылай сауат ашуға таптырмас мүмкіндік.
3. «Атом әдеттер» – үлкен іс кішкентай қадамнан басталады
Джеймс Клир бұл кітапта күнделікті әдеттердің адам өміріне қалай әсер ететінін түсіндіреді. Үлкен өзгерістерге жету үшін кішігірім әрекеттердің маңызы зор екенін дәлелдейді.
4. «1984» – еркіндік туралы ой
Джордж Оруэлл бұл туындысында тоталитарлық қоғамның қауіптілігін көрсетеді. Кітап жастарды сыни ойлауға, ақпаратты саралай білуге үйретеді.
5. «Алхимик» – арманыңды ізде
Пауло Коэльонің шығармасы өз жолыңды табуға, жүрек қалауын тыңдауға жол сілтейді. Әр жасқа мотивация беретін, жеңіл оқылатын кітап.