Жаңалықтар

«Өзім білемдікке» салып отыр». Зайытов халықтан қашатын шенеуніктерге ескерту жасады

«Өзім білемдікке» салып отыр». Зайытов халықтан қашатын шенеуніктерге ескерту жасады
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 18.09.2024 14:04 349

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Үкімет мүшелері мен өзге мемлекеттік органдар президент жолдауында айтқан ашықтық пен әділеттілік принципіне аса бағынбай отырғанын алға тартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Парламент Мәжілісі халықпен тікелей байланыста болғандықтан жұма сайын жұрттың арызын тыңдап, өтініштерін қабылдайды. Солардың басым көпшілігі белгілі бір ведомство басшысының қабылдауына кіру. Себебі өңірлердегі және алып мегаполистердегі шолақ белсенді, орташа деңгейдегі қызметкерлердің «өзім білемдікке» салып заң бұзуы азаятын емес. Оған мысалымыз да, дәлеліміз де жетіп артылады, - деп халықтың уәжін жеткізді мәжілісмен.

Депутаттың сөзінше, бұған тоқтау қоятын Бас прокуратура, Жоғарғы сот пен министрлердің есігі де халық үшін жабық. Осы орайда ол «Естуші Үкімет» қағидатын ұстануды тапсырған мемлекет басшысының сөзі неге ескерілмейтінін сұрады.

Заң тілімен айтқанда, ҚР ӘРПК 90-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік органдардың басшылары және олардың орынбасарлары тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сәйкес айына кемінде бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізуге міндетті.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында ҚР Жоғарғы соты төрағасының азаматтарды жеке қабылдау міндеті көзделеді (20-баптың 1-тармағының 10) тармақшасы), - деді Зайытов.

Депутаттың айтуынша, заңға да бағынбай отырған органдар жалғыз баласы жаламен сотталған ана, жарының жұмбақ қазасы, жылдап тергелмеген әйел, әскердегі ұлы мүгедек болып қалған әке, кәсібінен заңсыз айырылған кәсіпкер, жалғыз баспанасы алаяқтарға қолды болған отбасының мұқ-мұқтажына құлақ асуға асығар емес.

Осы орайда ол шенеуніктерді халықтан қашпауға шақырып, ал бұл мәселені реттеуді Бас прокуратура өз бақылауына алуы керектігін еске салды.

Сіздерден аталған лауазымды тұлғалар мен халықтың арасында кедергісіз байланыс орнату жолдарын қарастыруларыңызды және азаматтардың арыздары сырғытпа жауап (отписка) деңгейінде қалмауын қадағалау жүйесімен қамтамасыз етулеріңізді, тіпті болмаса, депутаттардың есігі көрінбейтін кабинеттерге елдің өтінішін жеткізуге мүмкіндік берулеріңізді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі регламентінің 11-тарау 149-тармағына сәйкес талап етемін!

Еліміздегі азаматтардың заңды талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін орган ретінде Бас прокуротура тарапынан аталған мәселелерде табандылық танытуларыңызды сұраймыз, - деді Ринат Зайытов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға