Жаңалықтар

«Өзенмұнайгаз» мердігерлерінде 448 заң бұзушылық анықталып отыр

«Өзенмұнайгаз» мердігерлерінде 448 заң бұзушылық анықталып отыр
Фото: Ашық дереккөзден 30.09.2023 11:29 735

«Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 29 мердігер ұйымы еңбек заңнамасының сақталуы, талап етілетін еңбек және санитарлық жағдай, өнеркәсіптік қауіпсіздік, медициналық көмек көрсету сапасы бойынша тексерілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жұмыс тобына сілтеме жасап.

Компания басшылығы мен оның қызметкерлері арасындағы тиімді коммуникацияларға ерекше назар аударылды, әсіресе, еңбек ұжымымен кездесу, жеке мәселелер бойынша қызметкерлерді қабылдау және қызметкерлердің өтініштерін қарау бақыланды. Қазіргі уақытта ӨМГ мердігер компаниялары анықталған 448 бұзушылықты жою бойынша шаралар қабылдауда, - деп жазылған компания хабарламасында.

Қаржы-шаруашылық қызметті тексеру кезінде 160 бұзушылық анықталды. Оның ішінде 118-і экономика және қаржы, сатып алу, адам ресурстарын басқару, тәуекелдерді басқару, өндіріс, ішкі коммуникациялар, қоршаған орта мен еңбекті қорғау, мердігер ұйымдарды басқару саласына қатысты болып отыр. 

Бүгінгі күні 37 бұзушылық бойынша «Өзенмұнайгаз» қызметкерлері мен мердігер компанияларға қатысты тәртіптік шаралар қабылданған. 20 бұзушылық қосымша тексеріліп жатыр. Сонымен бірге, олардың қорытындысы бойынша тәртіптік шара қолдану туралы мәселе қаралуы мүмкін. Сондай-ақ, анықталған 10 дерек бойынша ӨМГ-де қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр.

Осылайша біліктілікке қойылатын талаптарға сай болмай шыққан корпоративтік қауіпсіздік департаментінің басшысы мен қызметкерлері жұмыстан шеттетілді. Оған жоғары білім мен құқық қорғау органдарында жұмыс тәжірибесінің болмауы, теріс себептермен бұрын жұмыстан босатылу фактілері, соттылығы себеп болды.  Ал «БерАли Мангистау Company» ЖШС-мен келісімшарт бойынша жасалған артық төлем, жұмысқа орналастыру кезіндегі заңсыздықтар, жұмысқа орналасу алгоритмінің бұзылуы, құжаттарды бұрмалау бойынша осыған дейін анықталған 7 дерек құқық қорғау органдарына берілді,- деп жазылған ҚМГ таратқан хабарламада.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға