Жаңалықтар

Өз уақытында бокстағы еншімізді алдық деп санаймын - Болат Жұмаділов

Өз уақытында бокстағы еншімізді алдық деп санаймын - Болат Жұмаділов
Фото: Асқар Таудай 23.07.2023 10:19 1113

Атланта және Сидней Олимпиадасында бокстан екі рет финалға шыққан даңқты боксшы Болат Жұмаділовтің есімін осы күні жұрт жиі ести бермейді. Кезінде шаршы алаңда атой салған саңлақ бүгінде Астанада боксқа ниетті жастарды жаттықтырып жүр. Кеше ғана Қазақстан спортшылары одағы боксшының ипотекалық несиесін қаржыландырып, жартысын өтеп бергені туралы ақпарат жария болды. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі бокстан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионымен сұхбаттасқан болатын.

El.kz: Болат аға, жұрт сізді танығанмен, өзіңізді БАҚ беттерінен жиі көре бермейді. Қазір не істеп жүрсіз? 

Болат Жұмаділов: Екі жыл бұрын Астанада спортзал ашып, жеке жаттықтырушылықпен айналысып жүрмін.  Өзім тұратын үйдің төменгі қабатын залға айналдырғамыз. Соған көрші балалар келеді, сырттан арнайы келіп жаттығатындар бар. Арасында былғары қолғапты алғаш рет қолға кигендері көп. Кілең қаланың балалары келеді. Бәріне білгенімді үйретіп, жаттықтырып жүрмін. Өткенде тоқсаныншы жылдары ұлттық құрамада бірге жаттыққан Михаил Юрченко қонаққа келіп кетті. Қасымда көмекші жігіттер бар еді. Біреуі қазір Марокко құрамасына бас жаттықтырушы болып тағайындалды. Енді өзіміз қалған шәкірттерді баптап жүрміз. Кейде жарыстарға барамыз. Залға  өзімнің жеке бапкерім Феликс Цойдың есімін бердік.  

Өз уақытында бокстағы еншімізді алдық деп санаймын - Болат Жұмаділов

El.kz: Мароккаға кеткен бапкер туралы айтсаңыз. Демек, шетелден ұсыныс түскеніне қарағанда өте білікті маман болғаны ғой...

Болат Жұмаділов:  Ерік Алғабеков қой. Есімін көпшілік жақсы біледі. Қазір ол Мароккада бас бапкер. Кезінде еліміздің әйелдер құрамасын жаттықтырып, соңғы Азия чемпионатында айды аспанға шығарды. 9 қызды финалға шығарған еді. Кейін орнына алып тастады. Сосын бірге біздің залда балаларды баптадық. Кейін ұсыныс түскенде алыстағы Африкаға аттанып кетті.  

El.kz: Бір жылдары Арқалықта бапкерлік қызмет атқардыңыз. 2012 жылдары ел чемпионатына балаларды әкеп жүргеніңізге куә болдық.

Болат Жұмаділов: Ол жақта үш жыл бапкер болдым. Кейін Астанаға оралдық.  «Астана арландарында» өзіміздің жігіттерді жаттықтырдық. Нәтижесі жаман болған жоқ. Өмірдің ағымы бізді бапкерлікке біржола жібермеді. Одан кейін жеке шаруарыммен шұғылдандым. Үйдегі оны-мұны жұмыстармен боксқа маңайламадық. Кейінгі жылдары ғана жеке зал ашып, жұмыс істеуге мүмкіндік туды.

El.kz: Негізгі табыс көзіңіз жаттықтырушылық па?

Болат Жұмаділов: Иә. Тек бапкерлікпен ғана айналысып жүрмін. Залға келген жігіттерді боксқа баулып, жинаған тәжірибемізді соларға беріп жатырмыз. Жаңадан келген балалар көп. Бағасы да қол жетімді. Өзім тұратын үйдегілер үшін 10 мың, сырттан келгендер 20 мың теңге төлейді. Бары сол.

Өз уақытында бокстағы еншімізді алдық деп санаймын - Болат Жұмаділов

El.kz: Бірнеше жыл бұрын Олимпиада жүлдегерлері үшін мемлекет тарапынан өмір бойы төленетін зейнетақы бекітіліп еді. Еңбегіңіздің зейнеті ретінде атаулы қаржыны алып жүрсіз бе?

Болат Жұмаділов: Қазақстан спортшылары одағы араласып, Азамат Қарлығашев, Елдос Жекенов деген жетекшілік етіп жүрген жігіттер көптеген спортшыларға мүмкіндігінше көмектесіп жатыр. Түрлі себептермен өмір бойы берілетін берілетін стипендцияға құжат жинаудың реті келмей жүрген. Одақ басшыларының көмегімен кеше ғана құжат өткіздім. Бұйырса, келесі айдан бастап зейнетақысы төленетін болды.

El.kz: Қазақстан спортшылары одағы сіздің жеке баспана мәселеңізге қатысты қаржылай көмек көрсеткенін айтып жатыр. Сонда қандай көмек берді?

Болат Жұмаділов: Бірнеше жыл бұрын ипотекалық несиеге үй алғанмын. Соны спортшылар одағы мұрындық болып, несиесін төлеуді тұрғынүй бағдарламасына енгізді. Енді мемлекет тарапынан қаржыландыру бойынша несиемнің жартысын төлеп беретін болды. Бұл одаққа көптеген спортшылар мүшелік етеді. Соның аясында алған несиемнің жартысын өтеу маған көрсетілген зор қолдау деп білемін. Қалған қаржыны ай сайын төлей беремін.

Өз уақытында бокстағы еншімізді алдық деп санаймын - Болат Жұмаділов

El.kz: Сіз үш олимпиадалық кезеңде өнер көрсеттіңіз. Оның екеуінің нәтижесі спорт тарихында өшпестей болып жазылды. Құпия болмаса, сізге Атланта және  Сидней Олимпиадасынан иеленген күміс жүлде үшін қандай сыйақылар бергенін айтыңызшы...

Болат Жұмаділов: Кезінде маған Атлтанта күміс жүлде иеленгенде Тараздан пәтер берді. Таразда бокс федерациясын басқаратын Қайрат Шотпақов деген кісі еді. Сол баспаналы болуыма көмек қолын созды. Облыс әкімі болған Амалбек Тшанов "Toyota Corolla" автокөлігін мінгізді. Кейін Сиднейде сол жетістігімді қайталағанда облысты басқарған Серік Үмбетов  Toyota Camry сыйлады. Сол кездері Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдан үш бөлмеді үй бергені бар. Жалпы, маған берілген сыйлықтар аз берілген жоқ. Құдайға шүкір, спорттың арқасында жаман болған жоқпыз.

Өз уақытында бокстағы еншімізді алдық деп санаймын - Болат Жұмаділов

El.kz: 1990-2000 жылдардағы құрама боксшылары сол өтпелі кезеңнің қиындығына қарамастан өте нәтижелі өнер көрсетті. Солардың арасында қай спортшының бағы жанбай қалды деп санайсыз?

Болат Жұмаділов: Сол кездегі бүкіл командамыз мықтылардан құралған еді. Көлеңкеде қалып қойғандардың арасында Нұржан Сманов, марқұм Бектас Әбубәкіров сынды боксшылар болды. Нәтиже көрсете алмай боксты тастап кеткендері де жоқ емес. Спортшылардың көбі сол шақта бокстың арқасында біраз ел көріп, өзінің дүние танымын кеңейтті. Ешқайсысы өмірде артта қалмады.

Өз уақытында бокстағы еншімізді алдық деп санаймын - Болат Жұмаділов

El.kz: Бокстан Азия чемпионы, марқұм Бектас Әбубәкіров сіздің жақын досыңыз болған секілді. Көптеген суреттерде екеуіңіздің бірге түскен сәттеріңіз көп...

Болат Жұмаділов: Иә, марқұм Бектас бауырымыз арамыздан тым ерте кетті. Ол жиырмаға толмаған шағында КСРО кубогын ұтты. Екеуіміз  әлем чемпионаты, Олимпиада Ойындарына бірге қатыстық. Жартылай финалға бір қадам қалғанда сүрініп, қарсыласына есе жіберді. Спорттағы жетістігі тәуір боксшы еді. Менімен бірге бокстасқан Ерсін Жайлауов, Бекболат Нұрманов, Серік Өмірбеков  Рауан Шорабаев, атыраулық Болат Теміров, сынды мықты боксшылардың есімін бүгінгі спортсүйер қауым ұмытпауы тиіс. Солардың ішінде Болат Теміров екеуімізді Барселона олимпиадасына апарып тұрып, жарысқа қатыстырмағаны нағыз қысастықтың өзі болды.

Өз уақытында бокстағы еншімізді алдық деп санаймын - Болат Жұмаділов

El.kz: Марқұм Болат Теміров екеуіңіз КСРО кезінде шаршы алаңда жарқырап, 1992 жылы ТМД біріншілігінде топ жардыңыздар. Барселона Олимпиадасына барып тұрғандарыңызда неге қатыстырмады?

Болат Жұмаділов: Сол кездегі саясат сондай болған секілді. Мен 48 келіде, Бөкең 51 келіде КСРО-ның  №1 боксшы болсақ та, Испанияға барғанда біздің Олимпиадаға қатыспайтынымыз белгілі болды. Орнымызға шыққан орыс боксшылары алғашқы айналымнан аспады. Сөйтіп, тауымыз шағылып кері қайттық. Кейін маған екі Олимпиадаға қатысу бақыты бұйырды. Нәтижеміз ел көңілінен шықты. Ал Болат Теміров біраз бокста жүрді. Кейін кәсіппен айналысты, марқұм іскер азамат еді.

Өз уақытында бокстағы еншімізді алдық деп санаймын - Болат Жұмаділов

El.kz: Сіздермен бірге өнер көрсеткен, қазақ боксшылары арасында Азия Ойындарын ұтқан Қанатбек Шағатаев деген боксшы болып еді. Мамандар Қанатбек Олимпиадаға барғанда кемі жүлдегер атанар еді дегенді өкінішпен әлі айтады...

Болат Жұмаділов: Қанатбек Шағатаев өте шебер боксшы болды. Өз салмағында көптеген жарыстарда чемпион атанды. Ол көбіне қарсыластарын құлататын. 1994 жылы әлем кубогында күміс жүлде иеленді. Сол жылы өткен Азия Ойындарында алтыннан алқа тағынды. Азия чемпионы атанды. Олимпиада қарсаңында ауырып қалып, Атлантаға бара алмады. Қанатбекпен қатар Аркадий Топаевтың есімін боксүйер қауым жақсы біледі. Екеуінің салмағын шамалас еді. Аркадий егемен елімізде бокстан әлем кубогын иеленген жалғыз боксшы. 1994 жылы айы оңынан туып еді. Сол кезде нағыз бабында болған. Әлем кубогы сол уақыттары әлем чемпионаты секілді деңгейде еді. Оның өткізген бес жекпе-жегінің барлығын көзбен көрдік. Қарсыластарына еш мүмкіндік берместен ойсырата ұтты.

Өз уақытында бокстағы еншімізді алдық деп санаймын - Болат Жұмаділов

El.kz: Сіз қатысқан барлық жарыстан жүлде алған екенсіз. Алайда Азия Ойындарының жүлдесі бұйырмапты... Неліктен?

Болат Жұмаділов: Азия Ойындарында жолым болмайтын. Екі рет қатыстым. Екі ретте де екінші айналымда ұпай санымен ұтылып қалдым.

Өз уақытында бокстағы еншімізді алдық деп санаймын - Болат Жұмаділов

El.kz: Тоқсаныншы жылдардың басында бокстан ұлттық құрамаға бас бапкер болған Серік Әбденәлиев, Әбдісалан Нұрмаханов сіздің әлеуетіңізді өте жоғары бағалаған деседі...

Болат Жұмаділов: Ол ағаларымызға әрдайым құрметпен қараймыз. Бала күнімізден сол кісілердің қолына келдік. Кейін ересектерге келгенде бізді жаттықтырды. Серік Әбденәлиев қатысқан жарыстарда бас төреші болатын. Кейін құрамаға бас бапкер болды. 1993 жылы бізді Тампереде елінде өткен әлем чемпионатына алып барды. Құрамаға Әбдісалан ағамыз жетекшілік еткен жылдары Берлиндегі әлем чемпионатына, Атлантадағы Олимпиада Ойындарына бастап барды. Нәтижеміз өте жақсы болды. 1997 жылы зейнетке шығып, орнына Тұрсынғали Еділов бекітілді. Жалпы, Серік Әбденәлиев пен Әбдісалан Нұрмахановтың қазақ боксына еңбегі ерекше сіңді.

Өз уақытында бокстағы еншімізді алдық деп санаймын - Болат Жұмаділов

El.kz: Сидней финалының алдында сіздер мінген автобус қонақүйден жарысқа бара жатқанда жолдан адасып, ұзақ уақыт қалды дегенді белгілі қаламгер Несіп Жүнісбайұлы жазып еді. Сол жолы сіз финал алдында бірнеше минут бұрын ғана спорт сарайына келіпсіз. Жеңіліп қалуыңызға автобустың ұзақ уақыт бөгелуі қаншалықты әсер етті?

Болат Жұмаділов: Бұл жай ғана сылтау болды. Тура сол жағдайдың болғаны рас. Біз жарысқа бірнеше сағат ерте шыққанымызбен, спорт сарайына кешігіп жеттік. Ол кішкентай ғана фактор болып есептеледі. Әр спортшы сондай сәтте сабырлы болуы керек. Финал алдында толқымадым. Еш алаңдамадым десем де болады. Десек те тайландтық қарсыласымды сұмдық мықты еді дей алмаймын. Жаттығу кезінде спаррингте аса қиындық тудырған емес. Сол тайландық боксшы Виджан Понлид Олимпиаданың фавориті саналған Куба, Украина боксшыларын айқын ұтты. Бабым келісіп тұрғанына қарамастан сол финалда мен жеңілдім.

Өз уақытында бокстағы еншімізді алдық деп санаймын - Болат Жұмаділов

El.kz: Сіздің шаршы алаңдағы соңғы жекпе-жегіңіз Сиднейде өтті ғой. 2002 жылдары «Бокста алынбаған еншім бар» деп ұлттық құрамаға қайта оралғаныңызды мерзімді басылымдар жазып жатты. Неліктен жарыстарға қатыспадыңыз?

Болат Жұмаділов: Жоқ, мен Сиднейден кейін ешқандай жарысқа қатыспадым. Тек Олимпиададан соң бірлі-екілі оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. 2001 жылы үйленіп, шаңырақ көтерген соң бокстан аулаққа кеттік.

El.kz: Бапкерлікке шақырмады ма?

Болат Жұмаділов: Мен былғары қолғабымды шегеше ілгенен кейін, кеден саласында қызмет еттім. Спортта біраз уақыт болған жоқпын.

El.kz: Әскери шен алған шығарсыз?

Болат Жұмаділов: Жоқ. Әскери шен алмадым. Тек «Динамо» сапында өнер көрсеткенімізде бізге жетістігімізге орай шен беріп тұратын. Мен капитан деңгейіне дейін өстім. Бірақ оны қызметте пайдаланбадым.

Өз уақытында бокстағы еншімізді алдық деп санаймын - Болат Жұмаділов

El.kz: Отбасыңызда әке жолын қуған балалар бар ма?

Болат Жұмаділов: Үш қызым өсіп жатыр. Түрлі үйірмелерге барады. Кәсіби түрде ешқайсысы спортқа бармады. Ағайындардан інім Досжан менімен бірге бокспен айналысып жүріп, спорт шебері атанды. Ағаларым кезінде боксқа барған. Біз де соларға қарап бой түзедік.

El.kz: Токио Олимпиадасында біздің жігіттерге не жетпеді?

Болат Жұмаділов: Спортта кейде өрлеу болады. Сол секілді құлдырау кезеңі Токиомен тұспа-тұс келді. Енді ары қарай тоқтамай, жұмыс істеу керек. Бас бапкер Қайрат Сәтжановқа сенім артамын. Кезінде екеуіміз бірге жасөспірімдер құрамасында қатар еңбек еттік. Мен оған көмекші болдым. Әлем, Азия чемпионатына бірге бардық. Жұмысына көңілім толады. Кейін жастар құрамасында жақсы нәтижеге қол жеткізді.

El.kz: Бірнеше жыл бұрын сіздің екі олимпиада, үш әлем чемпионатында иеленген медальдарыңыз ҚР Президенті мәдениет орталығында тұр еді. Бұл көшірме ме әлде түпнұсқа медальдар ма?

Болат Жұмаділов: Түпнұсқасы ғой. Қазір ол жүлделерім өзімде. Кейін аталған мәдениет орталығы таратылып жатқанын естіп жоғалып кетер деп алып кеттім. Кейін таппай қалуым да мүмкін еді. Кезінде ҚР Президенті мәдениет орталығы ашылып жатқанда бізден айтулы жарыстардағы жүлдемізді сұрап алған еді. Ашылғаннан бастап жабылғанға дейін сонда тұрды. Мен ерікті түрде оған келісім бердім. Енді бұл медальдарым өмір бойы өзімде болуы керек. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға