Жаңалықтар

Өз құқығын білмеген адам өзін қорғай алмайды – Серік Ақылбай

«Қазақстандық заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы Серік Ақылбаймен сұхбат
Өз құқығын білмеген адам өзін қорғай алмайды – Серік Ақылбай
Фото: baq.kz 26.10.2022 18:16 2823

Белгілі заңгер Серік Ақылбайдың «Құрмет Белгісі» және «Содружество» орденінің қатарына үшінші дәрежелі «Барыс» ордені қосылды. Бұл марапатты ол Республика күні алған-ды. Біз «Қазақстандық заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы Серік Байсейітұлын құттықтап,  әңгімеге тарттық.

- Мемлекет басшысының қолынан орден алған сәттегі әсеріңізбен бөліссеңіз.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбегімді ескеріп, күтпеген жерден марапаттағаны қуантты. Бұл марапат сапалы жұмыс істеуге ынталандырып, елдік мүдде жолында құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастырып, дамытуға күш-жігерімді жұмсауда жауапкершілік жүктейді.

- Биыл Конституцияға заңнамалық өзгерістер енгізілді. Оның қоғамға әсері қандай? Елді демократияландыруда қандай артықшылықтары бар?

- Расында бүкілхалықтық референдум арқылы Конституцияға күрделі өзгерістер енгізілді. Бұл қадам елдің саяси жағдайын өзгертуге, саяси құрылымдарды жаңартуға септігін тигізеді. Мысалы Президенттік сайлаудың өзі де Конституцияға өзгеріс енгізгеннің арқасында өткелі отыр. Суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты президенттік елге ауысуына әкелді. Ұзақ жылдар бойы қоғам белсенділері «Астана» атауын қайтаруды талқылады. Бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтық сезімінің оянғаны, азаматтық борышы мен елімізді басқаруға мүмкіндігі бар екенін сезінгендігінің белгісі. Әділдік принциптеріне басымдық берген жүйеде халықтың талабы ескеріліп, елорданың атауы қайта өзгертілді. Қазір халық үніне құлақ асатын мемлекет жұмыс істей бастады. Сондықтан демократияландыруға Конституциялық өзгерістер оң әсер етеді деген ойдамын.

- Елдегі саяси реформаларды жүйелеп, одан әрі дамытуда Президенттік сайлаудың орны қандай?

- Дұрыс айтасыз, президенттік сайлау саяси реформалардың бастауы болмақ. Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатына жауапты саяси тұлғаның 7 жыл мерзімде бір рет сайлануы дұрыс шешім. Өйткені Президент болып сайланған азамат сайлауалды бағдарламасын 7 жылда толық іске асыра алады. Бұл адамның бойына зор жауапкершілікті жүктейді.

2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Парламенттік сайлау өтеді. Конституцияға келтірілген өзгерістің арқасында сайлауға партиялық тізімнен бөлек, мажоритарлық жүйе бойынша елге беделді, белді азаматтар заң  шығарушы өкілді органға сайланады. Бұл дегеніміз, Парламенттің ықпалын арттырып, беделін өсіреді. Одан кейін Үкімет толық жаңаруы әбден мүмкін. Осындай саяси реформалардың алдында президенттік сайлау тұр. Саяси науқанның маңызын осыдан-ақ түсуге болады. Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды». Себебі тәртіпсіз, құқықсыз ел болу мүмкін емес.

- Құқықтық мемлекеттің негізгі принциптерін қалай ашасыз?

- Әр адамның құқығы бір-бірімен тең. Ешкімге ерекшелік берілмейді, барлығы заң алдында жауап береді. Құқықтық мемлекет болудың маңызы зор. Себебі тәртіпсіз, құқықсыз ел болу мүмкін емес.

- Ел азаматтары өз құқығын қаншалықты терең меңгерген?

- Өте нашар біледі. Өз құқығынан бөлек, Конституциялық міндетті білу деңгейі төмен. Қоғамда заңды білгісі, оқығысы келмейтін, тіпті мойындамайтындар да кездесіп жатады. Олардың көбісі ойыма келгенді істесем, сол бостандыққа жатады деп есептейді. Олай емес, қоғамда тәртіп болуы қажет. Тек қана заңға бағынған жерде мықты мемлекет болады. Ешкімге жем болмай, алдыңғы қатардағы ел болады. Республикамыз әлемге әрдайым өзінің демократиялық үрдісімен танылады. Сол себепті бізді алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Ол – барша халықты құқықтық ағарту мәселесі. Мектептегі оқушыдан бастап қарттарға дейін өз құқығын жіте меңгеруі тиіс. Өзінің құқығын білмеген адам ешқашан өзін-өзі қорғай алмайды. Құқықтық мемлекеттің ең бірінші алға қоятын мақсаты – әр азаматтың құқығын таныту және Конституциялық міндетті орындау.

- Азаматтық қоғамды дамытудың жолдары қандай? Қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер азаматтық қоғамды дамытудың тетігі бола ала ма?

- Оның тек бір ғана жолы бар. Халық өзінің құқығын біліп, сауатты болып, қоғамдық істерге белсенді араласуы керек. Сол кезде қоғамдық ұйымдар шындап жұмыс істей бастайды. Өкінішке орай, кейбір қоғамдық бірлестік формальды түрде тіркеліп, саны бар, сапасы жоқ болып тұр.

- Берген сұхбаңызға рахмет! Еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға