«Өз адамын» жұмысқа алған жұмыс беруші жауапқа тартыла ма?

«Өз адамын» жұмысқа алған жұмыс беруші жауапқа тартыла ма?
Фото: El.kz архиві

«Өз адамын» жұмысқа алып, вакансияны жарияламаған жұмыс берушіні мемлекет анықтай ала ма? Қазақстанда еңбек қатынастарының цифрлануына байланысты мұндай әрекеттерді жасыру қиындай түсті. Enbek.kz-те бос жұмыс орындарын жариялау тәртібі мен мерзімі нақты белгіленген. Ал жұмысқа ресми орналасқан азамат туралы ақпарат бірнеше мемлекеттік жүйе арқылы автоматты түрде тіркеледі.

Қазақстанда компанияда жаңа жұмыс орны ашылса немесе бұрынғы қызметкердің орны босаса, жұмыс беруші бұл туралы Электрондық еңбек биржасында ақпарат орналастыруы тиіс.

Мұның өзіндік мерзімі бар. Жұмыс орнының босап қалуы немесе жаңадан құрылуы туралы ақпарат бес жұмыс күні ішінде Enbek.kz жүйесіне енгізілуі керек.

Маңыздысы бос орын туралы ақпарат жаңа қызметкермен еңбек шарты жасалғанға дейін жариялануы қажет. Яғни алдымен адамды тауып, жұмысқа рәсімдеп алып, кейін вакансия орналастыру талапқа сай келмейді.

Бұл талап не үшін енгізілген?

Электрондық еңбек биржасы жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіні байланыстыратын мемлекеттік цифрлық платформа ретінде қызмет етеді. Бос орындардың жүйеде жариялануы еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты бақылауға, жұмыс іздеушілерге қолжетімді вакансияларды көруге мүмкіндік береді.

Сондықтан қызметкерді тек таныстар арасынан іздеу немесе вакансияны жабық чатта ғана жариялау мемлекеттік еңбек нарығы жүйесін айналып өту болып бағалануы мүмкін.

Егер жұмыс беруші белгіленген талаптарды орындамаса, оған алдымен ескерту жасалуы мүмкін. Заңнамадағы бұзушылықтың түрі мен жағдайына қарай әкімшілік жауапкершілік, соның ішінде айыппұл қарастырылған.

Еңбек саласының цифрландырылуы жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға да қатысты. Қазақстанда еңбек қатынастары туралы ақпарат бірнеше мемлекеттік жүйеде өзара байланыста болады.

Сондықтан азамат жұмысқа ресми орналасқан кезде бұл ақпаратты мемлекеттік органдардың жүйесі автоматты түрде анықтай алады. Мысалы, электрондық еңбек шарты Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесінде тіркелсе немесе жұмыс беруші қызметкер үшін алғашқы міндетті зейнетақы жарнасын аударса, азаматтың жұмысқа орналасқаны туралы мәлімет жүйеге түседі. Осыдан кейін ол жұмыссыз ретінде есептен шығарылады.

Бұл нені білдіреді?

Еңбек саласының цифрландырылуы жұмысқа қабылдау мен жұмыспен қамту туралы ақпаратты ашық әрі жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді. Бұрын жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы кейбір еңбек қатынастары қағаз жүзінде немесе бейресми түрде қалып қоюы мүмкін болса, қазір олардың едәуір бөлігі цифрлық жүйелер арқылы тіркеледі.

2026 жылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша, Қазақстанда мемлекеттік жұмыспен қамту шаралары аясында 388 512 адам жұмысқа орналасқан. Оның 293 241-і тұрақты жұмысқа тұрған.

Министрлік тұрақты жұмыспен қамтудың азаматтарға тұрақты табыс көзімен қатар, еңбек шарты ресми рәсімделген жағдайда заңда белгіленген еңбек және әлеуметтік кепілдіктерді пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жұмыс іздеушілер үшін мүмкіндік

Электрондық еңбек биржасы жұмыс берушілер үшін ғана емес, жұмыс іздеушілер үшін де маңызды құралға айналып отыр. Платформада әртүрлі саладағы бос жұмыс орындарын қарап, өз біліктілігіне сәйкес жұмыс табуға болады.

Сонымен қатар Қазақстанда еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге бағытталған қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Мұндай бағдарламалар азаматтарға жаңа дағдылар игеріп, жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға бағытталған.

Осылайша еңбек нарығының цифрлануы жұмысқа орналасу процесін де біртіндеп өзгертуде: бос орынның жариялануынан бастап еңбек шартының тіркелуі мен зейнетақы жарналарының аударылуына дейінгі ақпарат бірыңғай цифрлық жүйеде көрініс табады.

Оқи отырыңыз