Жаңалықтар

Ойынды алаңнан тыс отырып бақылау өте ауыр тиеді екен – Қазақстан құрамасының капитаны

Ойынды алаңнан тыс отырып бақылау өте ауыр тиеді екен – Қазақстан құрамасының капитаны
Фото: ©El.kz/Мәди ЫСҚАҚОВ 21.11.2023 18:00 15375

Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы сырт алаңда Словениядан ұтылып, біріншілікке тікелей жолдама алу мүмкіндігінен айырылғанын жазғанбыз. Құрама өкілдері бүгін елордаға ұшып келді. Осы орайда бұл матчқа жарақатына байланысты қатыса алмаған Асхат Тағыбергеннен ойын туралы пікірін, алаңға қашан оралатынын сұрадық.

– Асхат, ойынды алаңнан тыс бақылаған қалай екен?

– Өте ауыр. Себебі мына жерде отырмай, алаңда жігіттерге көмектесуім керек еді деп іштей өз-өзіңді жейсің. Алаңда жүргенде бір-біріңе кеңес беріп, жылдам шешім қабылдауға, кейде матч барысын солай-ақ өзгертіп жіберуге мүмкіндік болады. Ал бізге ойынды сырттан бақылап отыруымызға тура келді.

– Ал алғашқы таймнан кейінгі үзілісте жігіттерге не айттыңыздар?

– Киім ауыстыратын бөлмеде айтылған сөздер сонда қалады. Негізінен қолдау сөздері ғой. «Әлі алда 45 минут уақыт бар, қолымыздан келеді, мойымаңдар, берілмеңдер, ұмтыла түсіңдер, біз біргеміз» дедік.

– Ойынға қандай баға берер едіңіз?

– Алғашқы таймда қобалжу болған секілді, жинақы ойын өрнегін көрсете алмадық. Екінші таймда жігіттер өз ойынын тапты. Рамазан Оразовтың соққан голы бәрімізге үміт сыйлады. Финляндиямен болған нәтижені қайталаймыз ба деп ойладық. Өкінішке қарай, жоспарымыз жүзеге аспай қалды.

Ойынды алаңнан тыс отырып бақылау өте ауыр тиеді екен – Қазақстан құрамасының капитаны

– Көпшілік матч аяқталуға жақындағанда Магомед Адиевтің ойыншыларды алмастырмай қойғанын аса түсінген жоқ. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

– Магомед Мұсаұлы осындай шешім қабылдады, ол кісі бас бапкер, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін жақсы біледі, өз жоспары, тактикасы бар. Біз ол кісіге 200 пайыз сенеміз, сондықтан бапкердің шешімін де талқылауға құқығым жоқ.

– Матчтан соң капитандық белгіні жанкүйердің біріне бердіңіз, бұл әдемі көрініс болды...

– Ойыннан соң Игорь Шацкий капитандық белгіні өзіме қайтарды. Ал мен сол жерде жанкүйерлер арасында белсенді болып жүрген Артур деген жігітке бердім. Сол жақтағы жанкүйерлерімізге бас-көз болсын деп табыстадым.

– Қалай ойлайсыз, сіз секілді көшбасшы ойыншылар жарақат алып қалмағанда, ойын есебі өзгерер ме еді?

– Оны бір Алла біледі. Әрине, Бахтиер Зайнутдинов, Бауыржан Исламхан, Михаил Габышев немесе мен болғанда, командаға барынша көмектесуге тырысушы едік. Осындайда неге жарақат алып қалдым, неге бұлай болды деп күйінесің. Дегенмен жігіттер бізді жоқтатқан жоқ деп ойлаймын.

– Ұлттық құраманың нәтижелерінен соң резерв мәселесі де айтыла бастады. Сіздердің орындарыңызды басатын жастар бар ма? Бұл нәтиже уақытша құбылыс емес пе деген сауал ғой.

– Бұл уақытша не кездейсоқ құбылыс емес. Бұл талай жылғы еңбектің жемісі. Бапкерлер мен басшылықтың қолдауы, жігерлендіруі, жанкүйерлердің сенімі.

Жастар өсіп келеді. Біз де шамамыз жеткенше ақыл-кеңесімізді айтып, бағыт-бағдар беріп келеміз. Себебі біз де жасымыз келген соң карьерамызды аяқтаймыз, орнымызды басатын лайықты резерв керек. Бұйыртса, әлем, Еуропа біріншіліктеріне тұрақты түрде қатысатын құрамаға айналайық деп тілеймін.

– Алаңға қашан ораласыз?

– Бәрі ойдағыдай болса, төрт аптадан соң алаңға шығып жаттығуға кірісемін. Келесі ойынға дайындаламыз.

– Жарақаттан соң іштей күйзеліс болған жоқ па?

– Психологиялық тұрғыда қатты күйзеліс болды деп айта алмаймын, біз жарақатқа үйреніп қалғанбыз ғой. Бірақ өкініш болды. Кешегі «Астана Аренада» 30 мыңнан астам жанкүйер жан-жақтан қиқулағанда, бір адамдай әнұранды шырқағанда неге алаңға шыға алмадым дейсің. Делебең қозады. Бірақ өмір ғой, сәтсіздік де, жеңіс пен жеңіліс те болады. Қиын-қыстау сәтте отбасымның қасында боламын, балаларыма көңіл бөлемін.

– Ұлттар лигасындағы қарсыласымыз Грекия туралы не айтасыз?

– Дәл қазір ештеңе айта алмаймын, қатардағы қарсылас қой. Дәл қазір біз үшін Еуропада «авторитет» жоқ, бәріне тең қараймыз, бірдей дайындаламыз.

– Құрамаға Еуропадағы көзқарас қаншалықты өзгерді?

– 180 градусқа өзгерді деп айта аламын. Бұрын қарсыластарымыз бізді менсінбейтінін, үш ұпайды сенімді түрде алатынын ашық айтатын. Бізге арнайы дайындалмайтын.

Қазір жағдай өзгерді. Словенияның өзі Даниямен ойынға көшбасшыларын апармай, бізге сақтап қалды. Еуропада өз атымызды шығардық деп ойлаймын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға