Outlook та, Teams те ашылмай қалды: Microsoft қызметтері әлемнің 74 елінде неге істемей қалды?

Outlook та, Teams те ашылмай қалды: Microsoft қызметтері әлемнің 74 елінде неге істемей қалды?
Фото: liderhaber.com.tr

Microsoft компаниясының Outlook, Teams және Copilot қызметтерінің жұмысында жаппай іркіліс болды. Соның салдарынан әлемнің ондаған еліндегі пайдаланушылар электрондық поштасына кіре алмай, басқа да қосымшаларды қолдануда қиындықтарға тап болды. Downdetector мәліметінше, бір сағаттың ішінде 74 ел мен аумақта техникалық мәселелер тіркелген.

Ақау 74 елге тарады

Downdetector сервисінің мәліметінше, Microsoft қызметтеріндегі іркіліс басталғаннан кейін бір сағаттың ішінде 74 ел мен аумақтан шағым түскен.

Мәселе алдымен Америка құрлығында байқалған. Кейін Еуропа, Азия және Африканың бірқатар еліндегі пайдаланушылар да Microsoft өнімдерінің дұрыс жұмыс істемей жатқанын хабарлаған.

Әсіресе Outlook электрондық поштасын пайдаланушылар көп қиындыққа тап болды. АҚШ-та шығыс уақыты бойынша сағат 13:00-ден кейін бұл қызметтің жұмысына қатысты 130 мыңға жуық шағым тіркелген.

Бірнеше сағаттан соң шағымдар саны азайғанымен, мәселе толық шешілмеген. Сағат 18:00 шамасында 37 мыңға жуық пайдаланушы әлі де Outlook жұмысына шағымданған.

Microsoft ақаудың себебін түсіндірді

Компания мәліметінше, техникалық мәселеге бірнеше аймақтағы серверлерге шамадан тыс жүктеме түсуі себеп болуы мүмкін.

Бастапқыда Microsoft тек Америкадағы пайдаланушылардан түскен шағымдарды тексеріп жатқанын хабарлаған. Алайда көп ұзамай мәселенің ауқымы әлдеқайда кең екені белгілі болды.

Компания Microsoft 365 қызметтеріне қосылу кезінде әлемнің кез келген аймағындағы пайдаланушылар қиындыққа тап болуы мүмкін екенін растады.

Ақау Outlook пен Teams-тен бөлек, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін Copilot көмекшісіне де әсер еткен.

Қызметтер қашан қалпына келеді?

Microsoft мамандары ақауды жою үшін бірқатар шара қабылдаған. Атап айтқанда, жүйеге енгізілетін жаңартулар уақытша тоқтатылып, серверлерге түсетін жүктемені азайту жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ ақау байқалған серверлер қайта іске қосылған.

Алайда жұма күні таңертең компания қабылданған шаралар нақты нәтиже бермегенін хабарлады.

Қызметтердің жұмысын жақсарту үшін енгізілген өзгерістерді бақылап отырмыз. Алайда олардың күткен нәтижені бермегенін анықтадық. Қазір серверлерге түсетін жүктемені тиімді бөлу үшін басқа шешімдерді қарастырып жатырмыз, – деп мәлімдеді Microsoft компаниясы X әлеуметтік желісінде.

Компания мамандары ақаудың салдарын азайтып, қызметтердің қалыпты жұмысын қалпына келтіруге күш салып жатқанын жеткізді.

Әзірге Microsoft қызметтерінің нақты қашан толық қалпына келетіні белгісіз.

Оқи отырыңыз