Жаңалықтар

Өткен жылы дәрі-дәрмектің 117 түріне теріс қорытынды берілді

Өткен жылы дәрі-дәрмектің 117 түріне теріс қорытынды берілді
Фото: gov.kz 10.02.2023 17:05 738

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бүгінгі таңда елімізде 7500-ге жуық дәрі-дәрмек пен 11 мыңнан астам медициналық бұйым тіркелген.

«Дәрілік заттарды сараптаудың ұлттық орталығы жыл сайын дәрі-дәрмектің 6 мыңға жуық және медициналық бұйымдардың 5 мыңға жуық түріне сараптама жүргізеді. Оның ішінде 2022 жылы дәрі-дәрмектің 117 атауын және медициналық бұйымдардың 164 атауына теріс қорытынды берілген. Яғни, олардың нарыққа жіберілмеуіне рұқсат берілмеді», - деді вице-министр.

Мәселен, құрамында этиленгликольдің үлкен дозасы бар және теріс салдарға әкеп соқтырған Өзбекстандағы жағдайдан кейін дәрі-дәрмекті қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Аталған препараттың Қазақстанда тіркелмегеніне тоқталды.

«2021 жылғы 1 шілдеден бастап Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттермен дәрі-дәрмектерді тіркеу жұмысы жүзеге асырдық. Аса қауіпті жұқпалы аурулардың туындауы, таралуы сондай-ақ, дәрі тапшылығы болған жағдайда ұлттық заңнама бойынша дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың тіркеуі болады. Осыған орай министрлік денсаулық туралы кодексте стратегиялық маңызды дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды тіркеу мүмкіндігін беретін сәйкес өзгерістер енгізді. Ұлттық тіркеу талаптары Еуразия экономикалық талаптар мен халықаралық нормаларға сай. Тіркелген дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымды бақылау мақсатында олардың сапасын бағалау жүргізіледі. Бақылау нәтижесінде жыл сайын дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға 100 мыңға жуық сәйкестік сертификаттары беріледі. Сондай-ақ, 2000-ға жуық теріс қорытынды шығарылды», - деді Жандос Бүркітбаев.

Бұдан басқа дәріханаларда, қоймаларда және медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың сапасын жақсарту мақсатында іріктелген тексерістер жүргізіледі. Тіркеуден кейінгі кезеңінде сапа мен қауіпсіздікті бақылау үшін қолданысқа дәрі-дәрмектің жағымсыз салдарын анықтау, талдау, бағалау және алдын алуға бағытталған шаралар жүйесі болатындығына тоқталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға