Жаңалықтар

Өткен жылы Ақтау портынан экспортқа 3 млн 376 мың тонна мұнай тасымалданды

Өткен жылы Ақтау портынан экспортқа 3 млн 376 мың тонна мұнай тасымалданды
Фото: Ашық дереккөзден 14.01.2024 12:23 619

Былтыр Ақтау портынан экспортқа 3 млн 376 мың тонна мұнай тасымалданды. Бұл бұрнағы жылғы көрсеткіштен 1 млн 108 мың тоннаға көп, - деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

«ҚазТрансОйл» компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан мұнайын Ақтау портынан экспортқа тасымалдау көлемінің артуы «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағытында жөнелтілетін шикізат көлемінің ұлғаюымен байланысты болып отыр.

2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдауды арттыруды тапсырды. Осы тапсырмаға сәйкес «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзербайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы «Теңіз» кенішінен «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағытында жылына 1,5 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдауды көздейтін келісім жасады. Былтыр «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағытымен тасымалданған мұнай 250 мың тоннадан 1 млн 392 мың тоннаға артты. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5 есеге артық. «Теңіз» кенішінен осы бағыт бойынша 1 миллион 057 мың тонна мұнай жөнелтілді, -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Ақтау портынан Махачкала портына қарай 1 млн 984 мың тонна мұнай жіберілген. Бұдан бұрын Каспий құбыр консорциумы Қазақстаннан 56 млн тонна мұнай тасымалдаған еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға