Қазақстанда несие алуға өтініш беретін азаматтардың саны артқанымен, банктердің оларды мақұлдау көрсеткіші төмендеген. Мәселен ипотека бойынша мақұлданған өтінімдердің үлесі 29 пайызға, ал кепілсіз тұтынушылық несие бойынша 31 пайызға дейін азайған. Бұл туралы Ұлттық банктің 2026 жылдың үшінші тоқсанында жүргізген сауалнамасының нәтижесінде айтылған.
Банктер несие беруден жиі бас тарта бастаған
2026 жылдың үшінші тоқсанында кепілсіз тұтынушылық несие бойынша мақұлданған өтінімдердің үлесі 33 пайыздан 31 пайызға дейін төмендеген. Соған қарамастан, өтінімдер саны 3 пайызға артып, 16,4 миллионға жеткен. Ал сұратылған несиенің орташа сомасы 1 пайызға азайып, 1 млн 55 мың теңгені құраған.
Өзге несие түрлері бойынша мақұлдау көрсеткіші де төмендеген:
- ипотека – 33 пайыздан 29 пайызға;
- кепілмен берілетін тұтынушылық несие – 31 пайыздан 27 пайызға;
- автонесие – өзгеріссіз қалып, 18 пайызды құраған.
Осылайша, автонесие бойынша өтінімдердің мақұлдану көрсеткіші басқа несие түрлерімен салыстырғанда ең төмен болып отыр.
Ипотека мен автонесиеге сұраныс артқан
Үшінші тоқсанда ипотека алуға берілген өтінімдер саны 19 пайызға өсіп, 271 мыңға жеткен. Қазақстандықтар сұратқан ипотекалық несиенің орташа сомасы 22,7 млн теңгені құраған.
Автонесие алуға берілген өтінімдер саны да 10 пайызға артып, 1,6 миллионға жеткен. Ал кепілмен берілетін тұтынушылық несиеге сұраныс, керісінше, төмендеген. Аталған несие түрі бойынша өтінімдер саны 11 пайызға азайып, 76 мыңды құраған.
Несие нарығындағы өзгерістерге не себеп?
Банктердің мәліметінше, несие нарығындағы өзгерістерге қаржыландыру құны, реттеуші талаптар, клиенттердің төлем қабілеті және қарыз алушылардың несие түрлеріне қатысты таңдауы әсер еткен.
Ипотека нарығындағы сұранысты тежеген факторлардың бірі – ірі банктердің бірінде мемлекеттік бағдарлама аясындағы қаржыландырудың уақытша тоқтатылуы.
Ал кепілсіз тұтынушылық несиеге сұраныстың артуына халықтың маусымдық белсенділігі, жарнамалық науқандар және банктердің бірінде онлайн өтінім қабылдаудың қайта жандануы ықпал еткен.
Жыл соңына дейін несие беру шарттары өзгере ме?
Банктер 2026 жылдың төртінші тоқсанында ипотекаға сұраныс айтарлықтай артады деп болжап отыр. Сондай-ақ кепілсіз тұтынушылық несиеге қызығушылықтың біршама өсуі күтіледі.
Ал кепілмен берілетін несиеге сұраныс одан әрі төмендеуі мүмкін. Автонесиеге деген сұраныс қазіргі деңгейде сақталады деп болжанып отыр.
Банктер жыл соңына дейін ипотекалық және тұтынушылық несие беру шарттарында елеулі өзгерістер болмайтынын жеткізген. Дегенмен автонесие беру талаптары біршама жеңілдеуі мүмкін.
Айта кетейік, Ұлттық банктің сауалнамасына еліміздегі 21 екінші деңгейлі банк қатысқан. Мұндай зерттеу Қазақстанның несие нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың өзгерісін бақылау мақсатында әр тоқсан сайын жүргізіледі.