Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған мемлекеттік қолдаудың маңызды тетіктерінің бірі – «Отбасы банкіндегі» депозитке берілетін мемлекеттік сыйлықақы. Енді оның төлену тәртібі қайта қаралуы мүмкін. Бұл өзгеріс бюджет шығынын азайтуға бағытталғанымен, салымшылар арасында «мемлекеттік сыйлықақыдан кімдер айырылуы мүмкін?» деген заңды сұрақ туғызады.
«Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі мемлекеттік сыйлықақыны саралау бойынша зерттеу жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат – мемлекеттік қолдауды тұрғын үйге шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттап, жүйенің тиімділігін арттыру.
Ұсынылып отырған өзгерістердің бірі – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінен мерзімінен бұрын шығатын салымшыларға қатысты.
Қазір азаматтар депозит ашып, бірнеше жыл бойы жинақ жасап, мемлекеттік сыйлықақы алады. Алайда егер салымшы жүйеден мерзімінен бұрын шықса, болашақта бұрын есептелген мемлекеттік сыйлықақыны бюджетке қайтару механизмі енгізілуі мүмкін.
Банктің түсіндіруінше, тұрғын үй жинақ жүйесінің негізгі мақсаты – жоғары инвестициялық табыс алу емес, азаматтарға баспана сатып алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесу.
Сондықтан депозитті тұрғын үй алу мақсатынсыз пайдалану жүйенің бастапқы қағидатына қайшы келеді деген ұстаным бар.
Үй алғандар үшін де өзгеріс болуы мүмкін
Екінші ұсыныс – жеңілдетілген тұрғын үй заемын алып қойған азаматтарға қатысты. Егер салымшы «Ұмай», «Жасыл ипотека» немесе басқа да жеңілдетілген бағдарламалар арқылы 2-5 пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй заемын алса, одан кейін оның кепілдік депозитіне мемлекеттік сыйлықақы есептелмеуі мүмкін.
Логикасы қарапайым: азамат тұрғын үйге қол жеткізу үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие алды. Демек, оның тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған мемлекеттік қолдау өз міндетін орындады деп есептеледі.
Бұған дейінгі есеп бойынша, жеңілдетілген заем алған азаматтарға мемлекеттік сыйлықақы төлеуді тоқтату бюджетке жыл сайын шамамен 20 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік беруі ықтимал.
Ал ұсынылып отырған шаралардың толық пакеті мемлекеттік сыйлықақыға жұмсалатын шығынды 30-35 пайызға дейін қысқартуы мүмкін.
Германия тәжірибесі зерттеліп жатыр
«Отбасы банк» қазақстандық тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі Германия тәжірибесінің негізінде қалыптасқанын атап өтті. Сондықтан мемлекеттік сыйлықақыны саралау мәселесінде неміс моделі де зерттеліп жатыр.
Германияда мемлекеттік қолдау отбасының табысына қарай сараланады. Яғни табыс деңгейі төмен отбасыларға берілетін қолдау мен жоғары табысты азаматтарға берілетін қолдаудың көлемі әртүрлі.
Қазақстанда да салымшылардың табысы мен әлеуметтік жағдайына қарай мемлекеттік сыйлықақыны саралау мүмкіндігі қарастырылуда. Банк қазіргі уақытта клиенттер базасындағы табыс құрылымын зерттеп жатыр.
Бұл ұсыныс жүзеге асса, мемлекеттік қолдаудың әмбебап моделінен әлеуметтік бағытталған модельге көшуі мүмкін.
Қазіргі салымшылар алаңдамаса болады
Ең маңызды мәселенің бірі – жаңа ережелер қазіргі салымшыларға әсер ете ме?
«Отбасы банк» басшылығының мәлімдеуінше, жаңа тәртіптің кері күші болмайды. Яғни өзгерістер қабылданған жағдайда, олар жаңа ашылатын депозиттік келісімдерге ғана қатысты болады.
Қазірдің өзінде депозиті бар азаматтар жинақтарын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жалғастыра береді.
Бұл – реформаға қатысты ең маңызды кепілдіктердің бірі. Себебі азаматтар депозит ашқан кезде сол кезеңде қолданыста болған ережелерге сүйеніп, ұзақмерзімді қаржылық жоспар құрады.
Мемлекет салымшыларға қанша төлеп отыр?
Мемлекеттік сыйлықақының ауқымын соңғы жылдардағы көрсеткіштерден көруге болады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша «Отбасы банк» салымшыларына 124,4 млрд теңге мемлекеттік сыйлықақы есептеді. Оны 2,53 млн-нан астам қазақстандық алды. Олардың ішінде 388 799 салымшының жеке баспанасы жоқ және олар тұрғын үй кезегінде тұр.
2025 жыл үшін бір салымшы ала алатын ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы 157 280 теңге болды. Мұндай ең жоғары төлемді 591 мыңнан астам клиент алған.
Мемлекеттік сыйлықақы жыл ішінде жинақталған соманың 20 пайызы көлемінде есептеледі. Алайда оның есептелетін жинақ көлеміне шектеу қойылған.
2026 жылы ең жоғары сыйлықақы қанша?
2026 жылы айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуіне байланысты мемлекеттік сыйлықақының ең жоғары мөлшері де артты.
Биыл АЕК 4 325 теңге болса, мемлекеттік сыйлықақы есептелетін шекті жинақ көлемі – 200 АЕК, яғни 865 мың теңге. Осы соманы жыл ішінде депозитке жинаған салымшы ең жоғары мөлшердегі 173 мың теңге мемлекеттік сыйлықақы ала алады.
Қарапайым есеппен, 865 мың теңгені 12 айда жинау үшін ай сайын шамамен 72-73 мың теңге салып отыру қажет.
2026 жылғы жинақ үшін мемлекеттік сыйлықақы заңға сәйкес 2027 жылғы 1 наурызға дейін салымшылардың шоттарына түсуі тиіс.
Мемлекеттік сыйлықақы сақтала ма?
«Отбасы банкіндегі» мемлекеттік сыйлықақы институты жойылмайды. Қазіргі талқыланып жатқан мәселе – оны кімге және қандай жағдайда төлеу тиімді деген сұраққа байланысты.
Бір жағынан, мемлекет тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетін азаматтарды ынталандыру үшін қаржылай қолдау көрсетеді. Екінші жағынан, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы және мемлекеттік қолдаудың нақты мұқтаж азаматтарға бағытталуы маңызды.
Сондықтан ұсынылып отырған өзгерістердің басты мәні – мемлекеттік сыйлықақыны алып тастау емес, оны мақсатты әрі тиімді ету.
Егер жаңа тәсілдер қабылданса, тұрғын үй жинақ жүйесінде ұзақ мерзімді жоспармен жүрген қазіргі салымшылар үшін қолданыстағы шарттар сақталады. Ал болашақ салымшылар үшін мемлекеттік қолдаудың шарттары әлеуметтік жағдайға, тұрғын үй мақсатына және жинақ тәртібіне қарай саралануы мүмкін.
Бұл ретте түпкілікті ережелер заңнамалық өзгерістер қабылданғаннан кейін ғана белгілі болады.