Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты және жас экобелсенділермен бірге президент саябағы аумағында ағаш екті.
Науқан аясында экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Бүгін бәріміз бірге осы саябақта тал егіп, ортақ парасатты іске атсалыстық. Бұл шын мәнінде қоғамымыз бен жалы еліміз үшін аса қажетті және пайдалы жұмыс. Баршаңызға мемлекеттік саясатты үнемі қолдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент осындай игі іске өз үлесін қосып жүрген жастарды нағыз отаншыл азамат деп санайтынын жеткізді. Себебі Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйіңнен, өз ауылың мен қалаңнан басталады.
Табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқор көзбен қарау – ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет. Бұл балаларымыздың бізге қалдырған өсиеті әрі аманаты. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқарас пен іс-шаралар азаматтық міндет болып саналады. Сондықтан біз жаппай бір ел болып бастаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының қоғамдық және тарихи мәні айрықша. Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. Тағы да атап өтейік, бұл – мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, 19 қыркүйекте Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аталып өтеді. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жобасы аясында ауқымды экологиялық акциялар өтеді.
Еске сала кетсек, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы 2024 жылы басталды. Сол жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру бастамасын көтерген еді.