Жаңалықтар

Отандық ЖОО ғалымдары телескоп жасап шығарды

Отандық ЖОО ғалымдары телескоп жасап шығарды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 31.03.2024 07:25 407

Ясауи университетінің ғалымдары телескоп жасап шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Ахмет Ясауи университетінің ғалымдары «STEM және креативтілік» оқу-зертханасында 3D-принтерлер мен басқа да жабдықтардың көмегімен телескоп жасап шығарды.

Құрылғы оқу орны ғалымдары іске асырып жатқан «Инженерлік-техникалық салаларда STEAM білім беру негізігде студенттерді ағылшын тілінде даярлау үдерісін дамыту» гранттық жоба аясында әзірленді. Зерттеу тобы құрамында: жоба жетекшісі –  Физика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Шерзод Раманкулов, PhD Бақытжан Курбанбеков, магистр оқытушылар Серік Полатұлы, Нұрқожа Жақсылық, докторант Қажымұқан Келесбаев, магистрант Яхё Каримжанов және т.б. жас ғалымдар бар, - делінген мәліметте.

Зерттеушілер жасап шығарған телескоптың жұмыс істеу принципі мен құрылысына сәйкес бөлшектері толық 3D-принтерлерде басып шығарылды. Ғалымдар телескопты студенттермен бірге тексеруден өткізді. Айдың анық кескіні мен айдың бізге көрінетін бөлігіндегі қара дақтар суретке алынды.

Ведомстводан хабарлағандай, «STEM және креативтілік» оқу-зертханасында баламалы энергия көздері саласындағы білім берудің тиімділігін арттыру мақсатында бірнеше STEM стендтері іске қосылды. Күн және жел энергиясының физикалық сипаттамаларын зерделеуге мүмкіндік беретін стендтер оқу үдерісіне ендіріліп, апробациядан өтті. Арзан және қол жетімді түрде құрастырылған бұл стендтерде бірнеше зертханалық жұмыстарды орындауға болады.

Жобаны іске асыру барысында алынған нәтижелер өнеркәсіптік революцияның білім беру жүйелеріне оң әсерін тигізеді, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі өзге де өзекті мәселелердің шешімін іздеуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға