УЕФА Конференция лигасының 2026/2027 жылғы маусымындағы екінші квалификациялық кезеңдегі «Лудогорец» пен «Хапоэль Тель-Авив» арасындағы қарымта кездесуде қазақстандық мамандар төрелік етеді. Кездесудің бас төрешісі – Саят Қарабаев.
«Лудогорец» пен «Хапоэль Тель-Авив» арасындағы ойын 30 шілдеде Разград қаласында өтеді. Матчта отандық төрешілер бригадасы жұмыс істейді. Ойынның бас төрешісі болып Саят Қарабаев бекітілді. Оған ассистенттер Алексей Долгих пен Сергей Калачев көмектеседі. Қосалқы төреші міндетін Георгий Чеховский атқарады.
Оған қоса ҚФФ Төрелік ету және қадағалау департаментінің директоры Нуну Каштру амстердамдық «Аякс» пен сербиялық «Войводина» арасындағы матчқа инспектор болып тағайындалды. Екінші іріктеу раундының қарымта кездесуі 30 шілдеде Амстердам қаласындағы (Нидерланд) «Йохан Кройф Арена» стадионында өтеді.
Саят Қарабаев кім?
Саят Қарабаев 1993 жылы 3 ақпанда Астана қаласында дүниеге келеді. 2012 жылдан бері судья болып жұмыс істейді. Footballfakts порталының мәліметінше, Қарабаев карьерасында 200 матчта төреші болған. 143 кездесуде бас төреші болса, 57 ойында төрешінің көмекшісі болған.
2022/23 маусымда оның Еуропадағы жолы басталады. 2022 жылы 14 шілдеде Конференция лигасының іріктеу кезеңінде «Дила» мен «Войводина» арасындағы ойында бас төреші болады. Сол маусымда Конференция лигасы іріктеу кезеңіндегі екі ойынға, Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі бір ойынға, УЕФА жасөспірімдер лигасындағы үш ойынға, 19 жасқа дейінгі жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі екі ойынға бас төреші болып тағайындалады.
Transfermarkt порталының мәліметінше, содан бері Саят Қарабаев әлемдік деңгейде 30-ға жуық матчта жұмыс істеді. Биыл 19 жасқа дейінгі жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеудің топтық кезеңінде екі ойында бас төреші болды. 8 шілде күні Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі аясында өткен «Петрокуб» пен «Эгнатия» арасындағы матчта бас төреші болып тағайындалды.
Аталған порталдың 2018/19 маусымнан бергі дерегі бойынша, Қарабаев 115 ойында төреші болып, 631 рет сары қағаз көрсеткен. 16 ойыншыға екі рет сары қағаз беріп, ойыннан шеттеткен.14 рет қызыл қағаз беріп, 45 рет пенальти белгілеген.