Жаңалықтар

Отандық спортшылар су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмектесіп жатыр

Отандық спортшылар су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмектесіп жатыр
Фото: Туризм және спорт министрлігі 10.04.2024 14:21 488

Туризм және спорт министрлігі спорт және туризм қауымдастығымен бірлесіп су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмектесіп жатыр.

Министрлік мәліметінше, еліміздегі 32 спорт федерациясы тосыннан келген табиғи апатқа тап болған аймақтарға материалдық, оның ішінде алтауы қаржылай көмек көрсетті. Сондай-ақ спорт ұйымының өкілдері гуманитарлық көмекті қабылдау және халыққа тарату пункттерін ұйымдастыруда ерікті ретінде еңбек етіп жүр. Осы мақсатта Туризм және спорт министрлігі «Дала қырандары» қоғамдық бірлестігімен күш біріктіріп, халыққа бірлесе көмек қолын созуда.

Сала мамандарының көмегімен Атырау қаласында ұзындығы бір шақырымға жететін бөгет нығайтылып, жағалауларға бөгет құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 7700-ден астам сала мамандары мен спортшылар тартылған. Спортшылардың арасында аралас жекпе-жек шебері Василий Тахтай, грек-рим күресінен Азия чемпионы, Лондон Олимпиадасының қатысушысы Асхат Ділмұхамедов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрғали Тұрсынғазиев, «Қазақ күресі» ассоциациясының БҚО бойынша президенті Әсет Сұлтанұлы және тағы басқа да танымал спортшылар бар, - делінген мәліметте.

Ермек Маржықпаев қысылтаяң шақта халықпен бірге су тасқынының салдарымен күресіп жатқан спорт саласының өкілдеріне алғысын айтты.

Қазақ «Апат айтып келмейді» деп бекер айтпаған. Қарғын судың қаупіне қанша жерден дайын болсақ та, кейде табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру қиынға түседі. Бұл жолы ел тұрғындары дәл осындай қиындықпен бетпе-бет келіп отыр. Бес облыста 13 спорт нысаны су астында қалды. Қысқа мерзімде аталған спорт кешендерін қалпына келтіру жоспарланған. Дегенмен халықтың ынтымақ-бірлігінің нәтижесінде бұл тығырықтан да шығарымыз анық. Ел президенті өз Үндеуінде атап өткендей, зардап шеккендерге мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі. Осы орайда төтенше жағдай кезінде құтқарушылар қатарынан табылған туризм және спорт салаларының өкілдеріне алғысымды білдіремін. Олардың бұл әрекеті ерлікпен пара-пар. Сонымен қатар еліміздің даңқты спортшылары Мемлекет басшысының үндеуін қолдап, әлеуметтік желілерде жазба жариялады, - деді Ермек Маржықпаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға