Жаңалықтар

Отандық өнім ішкі нарықты қамтамасыз етуге дайын

Кәсіпкер Нұрлан Құраловпен сұқбат
Отандық өнім ішкі нарықты қамтамасыз етуге дайын
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан 31.10.2022 11:23 5643

«Амангелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрлан Құралов алма және жүзім шаруашылығын дөңгелетіп отырған кәсіпкер. Қазақстан бақтары бойынша консорциум төрағасы. Еңбегі еленіп Қазақстанның 100 жаңа есімі қатарына кірген азамат. Сөзге шешен, тәжірибесі көл-көсір маманның көргені мен өмірден түйгені де мол. Отандық өнімді өркендетуге сүбелі үлес қосып жатқан жігіт ағасымен сұхбаттасудың сәті түсті.

Ата жолын қуған ұл

– Әссаламағалейкум Нұреке!   Қазақстанның 100 жаңа есімі қатарына еніпсіз? Құтты болсын!  Өзге де қазақ елінің жалынды жастарына жұғысты болсын! Еңбегіңіз жана берсін. Әңгімені балалық шағыңыздан өрбітсек?  Қандай бала болдыңыз? Қандай пәнді ұнаттыңыз? Өскенде кім болуды армандадыңыз?

–Уағалейкумассалам. Жақсы. Менің замандастарым арманшыл жастар еді ғой. Жақсыға еліктеуге құмар болатын бәрі.  Дінмұхаммед Қонаев атамызға, Брежнеев қарияға қызыға қарайтынбыз. Идеологияның күшті кезі. Газет-журналдың беті игі істерді насихаттаудан бір талмайтын. Өзім Назарбаев  секілді болғым келіп металлург мамандығын таңдағам. Ол заманда құрылыста шыңдалған,  заводтарда шыныққан қайраткерлерге елдің ықыласы артып тұратын. Мерейлері де үстем болатын. Жастар соларға көбірек еліктейтін.  Ол кезде билікке елге беймәлім адам көтеріле алмайтын. Еңбегі жанған, қара жұмыс та әбден піскен адамдар ғана елеп-ескерілетін.   Содан да болар заводта істесем деген арман болды.

Кейін заман өзгерді. Әркім тіршілік үшін күресін бастады. Біреу сауда саттықты қуса, біреу жан бағудың жолымен кетті. Мені елден жыраққа кетсем де бәрібір туған жерім өзіне тартты да тұрды. Ауылда өскендіктен болар бау-бақшаға жақын болдым. Құрал атам бағбан болыпты жарықтық. Қолынан кетпені түспепті. Бақшасында алма-жүзім, қарбыз-қауын, картоп-пияз, сәбіз тағы басқа да жеміс-жидек ырғын өсіпті. Алыс-жақын ел таныпты. Ешкімнен ақша алмайды екен атамыз. Содан дарыған қасиет болар ата жолын қуғанымда. Ашаршылық кезінде жосыған жұрт «Құралдың бауына  жетсек аман қаламыз» деп жөңкілген  екен.  Сол әңгіме әлі күнге ел арасында айтылып жүр. Аштықтан әбден әлсіреген халық еңбектеп жетіп, ентігін басып, тойынған деседі. Ата жолын үшінші ұрпағы біз жалғастырып бау-бақшаны кәсіп етіп жатырмыз.

– Кәсіпкер болуды армандамайтын адам жоқ. Алайда оған жетудің жолы бұралаң. Оңай емес. Өзіңіз кәсіпкерлікті қалай бастадыңыз? Қалтаңызда қанша қаржы болды сол кезде?

– Сонау 1994-95 жылдар болатын. Қалтамызда сол кезеңнің бір айлық ақшасы. Ниетіміз сауда саттық жасау.  Әлемге танымал кәсіпкерлердің өмір жолын қарап отырсаңыз бәрі біріне-бірі қатты ұқсайды.  Бәрі де тиынмен бастаған. Мына жерден сатып алып, ана жерге апарып сатқан. Біреуін екі еткен. Тынымсыз жүгірген. Біздің ауылда  тон тігетін цех болатын.  Сол жерден тонды сатып аламызда қалаға әкеліп сатамыз. Цехтан тонды мың теңгеден алсақ ертесіне бағасы 1200 теңге болып шыға келеді. Әйтеуір сол жерді шыр айналып жүреміз. Кейін тауық саттық. Тұқым саттық. Одан кейін бидаймен шұғылдана бастадық.  Оны да біраз сатып жүріп өзіміз өңдеуге кірістік. Бастапқы капиталымыз солай құралды. Ақырында өндіріс аштық. 10-15 мың гектар жерге бидай ектік. Бау салдық. Бос жатқан суармалы жерлерді игердік. Ол кезде бүгінгідей Үкімет бюджетте ақша жоқ еді. Қиыншылықтарға қарамай ескірген, құлазыған жерлерді қалпына келтірдік. Каналдарын аштық, атыздарын жөндедік. Сөйтіп біраз тер төктік...

Құдайға шүкір, қазір Үкіметтің қолдауының, көмегінің арқасында Қазақстанда 40 мың гектарға жақын бау егілді. Проблема: соны қайта өңдеу мен сақтауда және сатуда болып тұр. Бау-бақшаның бәріне тұқымды егіп тастадық та, енді соны өңдеуге, сатуға  келгенде қиындық туа бастады.  Жоғары билік осы мәселені тезірек шешіп берсе отандық тауар өндірушілерге үлкен қолдау болар еді. Сонда ғана елімізді отандық жеміс-жейдекпен толық  қамтамасыз етуге мүмкіншілік зорая түспек.

Көпішілік жұрт ойлайды алма тек қана жеуге арналған деп. Сол алмадан шығып жатқан жүз түрлі өнімді қайда қоясыз. Сығылған шырындар мен балалар тағамына арналған қоспалар,  консентраттар қаншама. Соларды қайта өңдеу жағы арта қалып  тұр. Содан баудың бүгінгі рентабльі төмендеу. Егер қайта өңдеуді толық қолға алатын болсақ – керемет болар еді.

Мысалы қант қымбаттап кетті деп шулап жатыр ел. Қант негізі ақ у саналады. Мен емес ғалымдардың жанайқайы бұл. Денсаулыққа зияны шексіз.   Бір жағынан қанттың қымбаттауы табиғи өнімдерге деген құлшынысты артырса қанекей. 

– Сөзіңізді бөлгелі тұрмын, Нұреке, бұл мәселеге әлі келеміз. Өзіңіз басшылық жасайтын «Амангелді» ЖШС Түркістан облысында жұмыс істейді екен. Қазіргі кезде компанияда үлкен жеміс бағы, онда барлық жемістер - алма, шабдалы, шие және т.б. өсіріліп қоймай, көп мөлшерде дәнді дақылдар да өндіріліп, аздап бұршақ тұқымдастар  егіледі екен. Неге бидай, күріш екпедіңіз?

– Күріштің мәселесі қиын. Суды көп қажет етеді. Оның өз мамандандырылған адамдары мен техникалары болуы керек. Шардара ауданы, Қызылорда облысы дегендей. Біздің аудан бау-бақша егеуге мамандандырылған. Әр ауданның өз бағыты мен бағдары,  өнімді өндіруге қолайлы жері бар. Кез келген жерге күріш пен бидайды,  қант қызылшасын егіп тастауға болмайды. Алдымен ғылыми зерттеу жүргізіледі. Мысалы кеңес дәуірінде не егілді, қалай өнім берді, жердің құнарлылығы қандай деген секілді. Әсіресе табиғи жағдайына, климаттық кезеңдеріне көңіл бөлінбесе еңбегің зая кетуі әбден мүмкін.  Біздің жер жүзімге қолайлы. Баяғыда Қапыланбек деген дүние жүзіне әйгілі вино-шарап зауыты болған. Францияда көрмеде бірінші орын алған. Горбачов кезіндегі нашар саясаттың кесірінен жүзімдердің бәрін жойып, шарап шығарытын  зауытты қиратып тастады. Бүгінгі таңда 90 пайыз шарап өнімдері сырттан тасымалданады. Қазақстанның өнім өндірушілері жақтың қасы десем өтірік айтқандық болмас. Бір-екі жерде тіркелгендері бар, өзге жерде мүлдем жоқ. Сол секілді әрі табиғатына байланысты дүние ғой.

– Қанша жұмыскеріңіз бар? Айлықтары қай мөлшерде?

– Тұрақты жұмыс істейтін 200-дей  адам бар. Науқан кезінде 400-500-ге дейін барады. Қазіргі науқандық жұмысқа байланысты жұмыскерлер күніне  6-7 мың теңге алады. Оны айға шақсақ 100-150 мың теңгегешамасы. Қазір бізде ақсап тұрған бір мәселе олар тек баумен ғана айналыспайды ғой, жұмыс тоқтап қалса жылыжайға (Теплица) шығып кетеді. Ерте көктемде қырыққабат жинау басталады.   Жұмысшылар бригада-бригада құрып алып  әр жерде әртүрлі жұмыс істеп жүре береді. Ең жұмыс қызған уақыттарда адам күші жетіспей жататыны рас.

Табиғи таза өнімге ештеңе жетпейді

– Қандай тағамды сүйіп жейсіз? Қандай  тағамды ас мәзірінен алып тастадыңыз?

– Негізінен жеміс-жейдек, қияр-қызанақты көбірек жеймін. Қантқа мүлде  жақындамаймын. Ақ ұннан жасалған тағамдарды аз пайдаланамын. Ақ нан жемеймін.  Кока-кола секілді шетелдік газды суындарды ішпеймін. Отбасыма жолатпаймын. Табиғи отандық шырындарды ғана ішемін. Балаларым да сол жолда.  Ата-баба жолымен ет жеймін.  Белок қой. Пайдасы орасан.   Астың дәмін тұз кіргізер демекші,  тұзды аз-маз пайдалануға тура келеді. Бірақ шектен тыс көп қолданбаймын.

– Ұлт денсаулығы елдің ауыл шаруашылығы өнімдеріне байланысты дегенді жиі айтасыз?  Ол үшін әрине кәсіпкерлерді, шаруашылық ашып жатқан  адамдарды қолдау міндет. Мемлекет осы іске қаншалықты көңіл бөліп отыр?

– Бүгіндері мектеп жасындағы балалар семіздікке шалдығуда. Себебі ішіп-жейтіндері  тез дайындалатын азықтар мен газды сусындар. Бұл ұлттық қасіретке айналуы мүмкін.  Дұрыс тамақтануды мектептен бастау керек - балаларды кекстер мен тәттілермен емес, жемістермен тамақтандыру керек. Әлемде мұндай тәсілдер өте көп. Мысалы, Польшада мектептегі әр оқушы күн сайын тегін алма алады. Бір алам жеген адамға дәрігердің керегі жоқ деген қағида бар.  Соны қазірден қолға алсақ, балаларға алманы күніге беріп тұратын болсақ – ол бала келешекте дені сау, зіңгіттей жігіт болып шығады. Оның пайдасы дәрі-дәрмекке кетіп жатқан ақшаға эконом болар еді. Осының бәрін біз  Ауылшаруашылығы, Денсаулық сақтау және Білім министрлігі болып бір үстелдің басында бас қосып шешсек, қауіптің алдын алуға болады ғой. Бүгінгі тірлігіміз  алаш арысы  Ахмет Байтұрсынов жырлағандай:

 Жүк алды Шаян, Шортан, Аққу бір күн,

Жегіліп, тартты үшеуі дүркін-дүркін.

Тартады Аққу көкке, Шаян кейін,

Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін» дегеннің кебі. Әр министрлік әр жаққа тартады.  Менің орысша жазылған «Здоровье нации формируют фермеры»  деген мақалам бар. «Халық денсаулығы фермер өнімдеріне байланысты» деген. Сонда көп мәселені шалып өттім. Әр адамның иммунитеті жейтін тамағына байланысты. Егер үнемі өңделген тағамдар жейтін болсаңыз, қант пен жасанды қоспалар көп болса, онда адам баласы ауруға шалдығады. Денсаулыққа пайдалы тағамдарды тұтынбай, фаст-фуд жейтін адамның барлық жері ауырып, ағзасы қорғанбай әлсірей бастайды. Сондықтан ұлт денсаулығын елдің ауыл шаруашылығы өнімдеріне байланысты деп нық сеніммен айта аламыз. Егер фермерлер пайдалы табиғи өнімдер ұсына алса, денсаулық мықты болады.  Егер жергілікті табиғи өнімдерді халық  көбірек тұтынбаса жағдай қиындай түспек. Себебі балалардың көпшілігінде семіздік, қант диабеті, инфаркт,  инсулть көп. Ауру жасарып барады. Алдын алмасақ асқынғалы тұр.

– Сіз басқарып отырған Амангелді ЖШС қандай өнімдерге  басымдық береді? Елімізді отандық өніммен қамтамасыз етуге шама-шарықтарыңыз жете ме?

– Біздің шаруашылығымыздағы бау-бақшаларда  алма, жүзім, шабдалы тәрізді елімізде көп кездесе бермейтін жеміс-жидектер өседі. Жаңа технологияның арқасында  ауылшаруашылығындағы  қарқынды бауларды дамытып жатырмыз.  Тамшылатып суғару мен әр гектарға 2-2,5 мың көшет отырғызып жұмысымызды жандандыруға күш салудамыз.  Баяғыда ауылда ескі баулар болуышы еді  ғой  оларды классикалық  баулар дейді. Біздің егіп  жатқанымыз қарқынды баулар. Алдығы қойған мақсатымыз: өзіміздің отандық өнімдерді өндіру. Мысалы Полшаның, Қытайдың, Иранның алмалары сөрелерде қаптап тұратын болса, қазір біз соларды жайлап-жайлап  ығыстырып, отандық өнімдер 100 пайыз болмаса да, 70-80 пайызға тақап қалды. Алла бұйыртса екі-үш жылдың шамасында отандық өнімдерді ішкі нарықта толық қамтамасыз етуге  шамамыз келеді.

– Сөзіңізден ұққаным, қарқынды технологияның арқасында жаңашылдыққа бет бұрып жатқан жатқандарыңыз байқалады? Көшеттерді, жаңа сұрыптаудан өткен тұқымдарды қайдан адыңыздар?

– Басында көшеттердің  аналық тұқымдарын  Европадан, Түркиядан, Голландиядан сатып  алдық. Қазір  өзіміз 1 миллиондай көшет өндіреміз. Оны шаруаларға сатамыз. Сондықтан сыртқа тәуелділік жоқ.  Біздің көшеттің ерекшелігі мынада: баяғы классикалық көшеттер бес-алты жылда  өсіп 4-5 тонна өнім берсе, бүгінгі көшеттер әрі кетсе екі-үш жылда табыс түсіреді. Сосын бір гектар жерден оның өнімділігі 40-50 тоннаға дейін жетеді. Он есеге дейін жоғары.

– О, керемет екен.  Сапасы жайлы да айта кетсеңіз?

– Біздің  елдің табиғаты әлі ластанбаған. Жеріміздің құнарлылығы жақсы. Күннің шуағы да төгіліп тұрады.  Саф ауа. Кең алқап. Мөлдір су. Еуропада топыраққа  отыз рет химиялық өңдеу жүргізетін болса, біз де әрі кетсе бес-он мәрте ғана.  Мұның да атқаратын ролі зор.  Сондықтан сапа жағынан ұялмаймыз. Біздікі табиғи, таза өнім деп толық сеніммен айта аламыз.

– Нұреке, бағбаншылық кәсіппен қашаннан бері  тұрақты айналысып келесіз?

– 2013-2015 жылдары мемлекетіміз бау-бақша өсіруге қатты көңіл бөле бастады. Субсидия беріп,  ынталандырып жұмыс істегісі келетін халыққа жол ашты. Сол кезде бетбұрыс жасадық. Талаптандық. Тәуекел еттік. Бау-бақша шаруашылығын қолға алдық.   Бұрын бидаймен айналысып жүретін болсақ, қазір толығымен бау-бақшаға  ауысып жатырмыз. Оның себебі Оңтүстіктің Сарыағаш, Қазығұрт, Төле би, Түлкібас, Сайрам аудандары бау-бақша өнімдерін өндіруге өте қолайлы аймақ.

 Халық денсаулығы мықты болмай, экономика алға баспайды 

 – Нұреке, сөзіңізді бөлейін, Еуропадан әкелінген көшеттерді Солтүстік өңірлерге ексе қалай болар екен?  Суықта   жылыжайға айналдырып,  жазда күн шуағына  бөлесе, құнарлы топыраққа жерсініп кетуі мүмкін ғой?

 Алматыдағы зерттеу институттары мұны зерттеп жатқаны анық. Тұқымның табиғатқа бауыр басуы, жерсінуі ұзақ процесс. Ол да тірі организм ғой.  Бір білерім, кеңес заманында Солтүстік өңірдегі «Родина» деген ауылдың маңында «Садовый» деген бау-бақша болған. Сол кездің адамдары білуге тиіс.  Павлодар, Петропавловскі де  сондай жерлер болды. Бәрінің түбіне тоқырау жетті ғой. Көбісі жұмысын тоқтатты. Соның бәрін қайта жаңғыртуға әбден болады құлық болса. Негізі бар ғой. Ранетканың бірнеше сорттары өсетін. Кәсіп ашамын, жұмыс істеймін деген адамға қазір ешкім кедергі келтірмейді. Мемлекетте қолдау білдіруге даяр. Тек ынта, жігер керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  айтып өтті ғой бір сөзінде  4-5 жылдың көлемінде Қазақстанға екі миллиард  түп ағаш егуіміз керек деп. Соның 20-30 пайызы жеміс ағаштары болса шіркін деп армандап қоямын. Шие, Қара өрік қалай өседі біздің жерде. Алманың неше атасын егіп тастауға болады. Оның қызығын халық көреді. Табиғи жеміс жейді. Ұрпағымыз шымыр болып өседі.   Президенттің аузынан шыққан сөзді жергілікті әкімдер мен ауылшаруашылығы министрлігі мамандары  қағып алып, жиын өткізіп, біз секілді кәсіпкерлердің басын қосып ақылдасса,  «мұны қалай жүзеге асырамыз» деп бас қатырса кім кедергі? Ағаш егу жайлы президент бекерден бекер айтпағаны белгілі. Екі миллиард ағаш, ол біздің табиғаттың көркі, болашақтың дауасы. Ел тұрғындарының  денсаулығының кепілі.  Қаншама оттегі бөледі. Ауа жаңарады. Табиғат жасарады. Әлем табиғи апаттың алдында тұр. Шығатын улы газдардың зардабын тартып жатқан халық көп. Меніңше Президент алысты болжап отыр. Келешекке алаңдап отыр. Халықтың денсаулығы мықты болмай, экономиканың дамуы да мүмкін емесін ескертіп отыр.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы  әр жолдауында кәсіпкерлерді қолдау керектігін айтудай-ақ айтып келеді.  Отандық өнім өндірушілердің бүгінгі жағдайынан хабарыңыз мол?  Әйтседе дүкен сөрелері мен нарық саудасынан шетелден келетін арзан, сапасы төмен азықтар түспей тұр?  Мемлекет осы іске қаншалықты көңіл бөліп отыр? Жалпы көңіліңіз тола ма?

Президент Тоқаев мырза айтудай-ақ айтып жатыр. Салауатты Қазақстан деген бағдарлама жасалды.  Бірақ Үкімет абсолютна көмектесіп отырған жоқ. Ата заңымызда ең құнды дүние адам өмірі деп жазылған. Демек адамның ішер асы, денсаулығы басты орында болуы керек еді.  Денсаулық сақтау министрлігі үшін адамдардың көп ауырғаны пайдалы секілді көрінеді маған.  Олар аурудың алдын алуды емес, адамдарды ауыртып содан пайда тапқанды көксейді-ау шамасы. Себебі дәрі-дәрмек сатылады, форматцевтика  саудасы өрістейді. Әйтпесе олар дабыл қағулары керек-тін.

Мемлекет тегін беріп жатқан дәрілердің өзін есептеу мүмкін емес. Соның орнына неге біз халыққа қолжетімді бағамен табиғи өнімдерді сатпаймыз. Бала кезімізде бөшке-бөшке ашытылған қырыққабат (квашеная капуста), тұздалған қияр-қызанақ дүкендерде сөреден түспейтін. Қазір қияр мен қызанақтың бағсы 1000-2000 теңге болып жатқанда қарапайым халықтың көпшілігі оны сатып ала алмайды. Шамасы келмейді. Егер бағасы 40 теңгеге дейін құлдырап, шіруге айналған қырыққабатты Үкімет сатып алып кәдеге жаратса, отандық кәсіпкерлерді қолдап жіберсе одан артық не керек? Мені қатты алаңдататыны, балабақша мен мектептегі балалар қалай азықтанып жатыр,  әскер қатарында жүрген сарбаздар қандай тамақ жеуде. Қарапайым жұрт қандай күйде. Ауылшаруашылық, Қорғаныс және Білім министрлігі осы мәселені қалай шешеміз деп отандық өнім өндірушілермен  дөңгелек үстел басына жиналар күн қашан туар екен? Бұл бір жағы отандық кәсіпкерлерді қолдау болса, бір жағы халықтың денсаулығына қатысты үлкен проблеманың шешілуіне септігі тиер отырыс боларына шүбәм жоқ. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы емес пе.

– Сіз бір сұхбатыңызда ақ ұнды,  қантты, тұзды «у» деп айтыпсыз? Әрине шектен шығып кетсе бәрі  у. Бұл тағамдар  көпшілік жұрт пайдаланатын ас түрлері.  Сіз бұларды қандай аспен алмастыруға кеңес берер едіңіз?

– Баяғыда бірінші, екінші сортты ұндардан қара нан, сұр нан  көп сатылушы еді. Олардың адам ағзасына еш зияны жоқ болатын. Қайта дәрумені көп. Керісінше жоғары сортты ұндар аз өндірілетін. Өкінішке қарай қазір  көптеген дирмен егелері  ақшаның соңынан қуып кетті де,  тек қана жоғары сұрыпты ұн шығарады. Оның бағасы қымбаттау.  Оларға бірдеңе деу қиын әрине, нарық заманы. Мұны реттеу билікке сын!

Сұрағыңызға айтарым, сіз ұсынған ас мәзірлерін  айына бір-екі рет тұтынуға болар, ал күнде пайдалана беру тым артық. Нанның отанымыз деп нанды көп жей бермеуіміз керек.  Жеміс-жейдекке көп көңіл бөлетін кез келді. Біз ең бастысы - бұршақ дақылдарын өз рационымызға барынша  енгізуіміз керек. Ақуызға бай сұлы мен қарақұмықты пайдаланғандай, ноқат, маш, бұршақ, жасымықты да жеу керек. Мұның бәрі иммунитетке жақсы әсер етеді. Мұның бәрі ақ ұнды, тіпті етті алмастыра алады. Оларда барлық қажетті ақуыздар мен дәрумендер бар. Оның үстіне олардың бағасы арзан.

 Қантқа балама табуға болады - балғын жемістер мен кептірілген жемістер, табиғи шырындар, сондай-ақ бал, олардың өндірісі Қазақстанда өте көп. Тұзды тек көкөністерді қырыққабат, қияр, қызанаты, тұздауда ғана пайдалан абзал. Бұл жағдайда көкөністер пайдалы қасиеттерін сақтайды, микроэлементтерге айналады.

– Бүгінгі таңда Сіз басқарып отырған Амангелді ЖШС және Dala Fruit, Agro Fruit, Amal Bio  және басқа да компаниялар шырынды табиғи түрде өндіруді қолға алыпты.  Бағалары қарапайым халыққа қол жетімді ме? Шетелден тасымалданатын су, қант және бояғыштардан тұратын шырындармен бәсекелесе ала ма?

– Қазақстанда табиғи шырын шығаратын компаниялар мен фирмалар баршылық. Оны жоғарыда айтып өттіңіз. Бағасы неге қымбаттау десеңіз, аз болғандықтан өзіндік құны үлкен болады. Сондықтан сәл қолжетімсіздеу. Мысалы бізде  мың теңгеден сатылып жатқан үш литрлік шырындарды   дүкендер екі мың бес жүз теңгеге саудалайды. Бұл қарапайым халыққа  ауыр. Қалтасына салмақ түсіреді. Оның пайдасы өте жақсы болғанымен, дүкен сөрелерін жаулап алған Кока-кола  секілді шетелдік сусындар 500-600 теңге тұрады. Осыдан барып халық арзанына жүгіреді.

Отандық өнім неге қымбат деген сауалға жауап: Сыртындағы орамасы (Каропка) мен басқа да керек-жарақтары, ұсақ-түйектері  Ресей мен Италиядан әкелінеді. Шетелдан қымбатқа алынған соң, өзіндік құны қымбаттайды. Осыны халық түсінуі керек.  Мұны болдырмау үшін Үкіметпен бірлесіп мемлекеттік бағдарлама жасап, балабақшаларға, мектептерге, әскердегі сарбаздарға 10-20 литрлік ыдыстарға құйып апаратын болсақ, ол әлдеқайда арзанға түспек.

 Мемлекет қаржысын шетел асырып жатқандарға тоқтам керек 

– Егер үкімет тарапынан қолдау болса, арнайы бағдарлама жасалса, қаптап кеткен шетелдік сусындарды нарықтан ығыстыруға отандық өнім шығарушылардың мүмкіндігі қаншалықты деңгейде?

– Болғанда қандай. Ол үшін өзіңіз айтқандай бағдарлама жасалуы керек. Мысалы балабақшаға қанша бала барады, мектепте қанша бала оқиды, әскерде қанша сарбаз жүргенін анықтау да үлкен жүк. Ауруханадағы сырқат жандарға да құнарлы ас жеткізу – бізге сын.   Сосын  рацион мөлшері де нақты көрсетіліп,  азық-түліктер қазақстандық өнімдерден тұруы керек деген  ереже бекітілсе нұр үстіне нұр.  Содан кейін барып Үкімет бізге тапсырыс береді. Міне, отандық өнімді қолдау деген осы.  Менің білуімше 30 мың жас әскери борышын өтеуде. Бала-бақша, мектептер де бала саны артып келеді.  Солардың әрқайсысына күніне 200 грамм табиғи шырын беретін болсақ қанттың да қажеті жоқ. Бұл менің басымнан өткен жағдай. Отбасымда кішкентай балалар бар. Олар  сникерс-трикс секілді кәмпиттерді алып жеп жүретін. Қазір мүлде қызықпайды. Табиғи шырын ішеді. Онда бала организміне қажеттінің бәрі бар. Сондықтан салауатты ұрпақ мәселесін жүйелі түрде  шешетін кезең келді деп ойлаймын. Осыған Үкімет назар бұрса, көңіл аударса.  Шынымды айтсам, қазір бізге қай министрліктің куратор екенін де білмейміз.

– Нұреке, бала бақшадағы балғын бөбектердің, мектеп жасындағы балалардың, әскердегі жас сарбаздардың денсаулығына алаңдап отырсыз. Бұл шынында да ұлт болып ойланатын мәселе.

– Балаларға ас мәзірін берерде бір күндік рационы белгіленеді. Соған бір күнде бір бала, бір алма жеу керектігін қосу міндет.  Болмаса күнара бір алмаға рұқсат берілуін қадағалаған дұрыс. Қасына 100 грамм ет, каша  қосылса тіпті ғанибет.  Бізде қалай,  алманың орнына апельсин, мандарин, банан  береді. Мұның бәрі шетелдік өнімдер. Кейбіреуінің елімізге келу жолы да күмәнді.  Өзгеге көлдей Үкімет,  өз кәсіпкерлерін қолдауға келгенде тартыншақтай беретіні осындай «жомарттықта» көрінеді.

– Күз болса келіп қалды. Қыр астында қылышын сүйреткен қыс. Бауыңыздағы алмалардың халі нешік?

– Қазір бау-бақшаларда алмалар шіріп жатыр. Бұл бір менің емес, мен секілді көптеген кәсіпкердің уайымы. Оны жасыратын, қоятын жер жоқ. Тоңазытқышқа сақтайық десек жәшік жетіспейді. Біздің бағдарламалардың  басы барда, аяғы жоқ, аяғы барда, басы жоқ. Бір кездері тоңазытқыш жетіспейді деп толтырып тоңазытқыш салып тастады. Өнімді тоңазытқыштың ішіне  әкеліп тастай салмайсың ғой,  оның арнайы жәшігі болуы керек, ол – үш жүз келілік контейнерлер. Ол сақтауға да, алуға да ыңғайлы құрал.  Толып жатқан тоңазытқыштан  не пайда ішінде жәшігі болмаса.

– Әңгімеңізден ұққаным, отандық өнім өндірушілерді  Президент өзі  қолдағанымен, үнемі айтып жүргенімен – мемлекет тарапынан қолдауға зәрулік байқалады. Бұл тапсырманы орындауға тиіс шенеуніктер ісіне салғырт қарайды деген сөз. Бұған сіз дейсіз?

– Бұл рас. Немқұрайлылық басым. Мүмкін асфалтьте өскен жастар ауылшаруашылық өнімі дегеннің не екенін білмей ме деп қорқамын. Өйткені жауапкершілік жоқ.  Тәжірибелі мамандармен ақылдасу, отандық өнім өндіруші кәсіпкерлермен кеңесу,  мәселені талқылау, не жетпейді, қай жері кем түсіп жатқанын білу жағы өте төмен. Президент Тоқаев қыркүйектегі халыққа жолдауында, күні кеше  Жетісуға барғанда да қадап  айтты: «Ортадағы делдалдарды   құртыңдар.  Дүкендегі бағаны реттеңдер. Далада  30 теңгеден қазып алынып жатқан картоп, дүкенде неге 150 теңгеге сатылуда?  Бауларда 150 теңгеден сатылатын алма, неге 750 теңгеге бір-ақ көтеріледі? Халықты неге қинап жатырсыңдар? Мәселені тез арада шешіңдер» дейді обалы нешік. Мемлекет басшысының айтқан әр сөзі орындалып жатса бүгінде гүлденіп кетер едік. Өйтпейді ғой, әр министрлік әр жаққа тартады. Ақырында «жібекті түте алмаған жүн қылады» дегендей кеп орнайды. Мысалы «неге нан қымбаттап жатыр?» десең «Минсельхоз қымбаттатып отыр» деп шыға келеді.  Оның 30 пайыз кінәсі болар,  жарайды, Сауда және интеграция министрлігі қайда қарап отыр сонда?

Бүгінгі жағдайға кім кінәлі нақты жауап беру қиын. Бәрі сырғақ.  Жауапкершіліктен сытылып кеткісі келіп тұрады. Бәлкім Премьердің  осалдығы, мүмкін жауапты министрліктер өз ісіне салғырт. Олай болса қазіргі бағдарламалар жүйесін өзгертіп, барлық министрліктерді тікелей Президент бақылауында ұстау керек пе? Білмеймін, әйтеуір бір серпіліс керек-ақ! Президент әкімшілігі Президент тапсырмасын орындамай жатқандарға шара қолданса, ол басқаларға үлкен сабақ болар еді. Әйтпесе Президенттің бұйрығын орындамайтындарға, біз секілді, Қазақстан бақтары бойынша консорциум төрағасының сөзі не тәйірі..

Осы жайттар Өзбекстанда болсыншы Президенттің сөзі айтылған бетте жүзеге  асып жатады. Тапсырма орындалмаса бәрінің басы кетеді. Біздің шенеуніктердің еті үйреніп қалған  «Ой» дей салады. Ертесіне естерінен шығып кетеді. Өзбекстанда Каримовтың тұсында мынадай оқиға болыпты. Ислам ака  «екі қабатты үйі бар қала, аудан  әкімдерін, кеудесі көк тіреген шенеуніктерді жұмыстан алыңдар» деген ғой. Сөйтіп жемқорлардың жолын кескен. Себебі айлық ақашамен зәулім үй салу ертегі ғой. Содан бері  ол жақта тәртіп қатал. 

Өткенде мен қатты таң қалдым. Ақтау облысының әкімі Ноғаевқа бір жиналыста  ұрсып жатыр:  «Пияз неге 500 теңге болып кетті. Жуалыда 50 теңгеден сатылған пияз шіріп жатыр, соны Ақтауға  әкеліп кәдеге жаратуға болмас па еді. Біз саған ескерттік қой» деп жатса, әкім: «Мен пиязды жылда Ираннан әкелетін едім, биыл ол жаққа жол жабылып қалды, сол себепті пияз қымбаттап кетті» деп қарап отыр. Естімеген елде көп деген осы, пияздың бағасы 500 теңге! Осы облыс әкімінің айтатын әңгімесі ме? Иранның не жаным-ау, Таразда пияз шіріп жатса!  Соны халыққа арзан бағамен сатсаң – алғыс арқалап қайтпайсың ба? Ертең пияз өсіретін кәсіпкерлердің бәрі банкротқа ұшырайды. Келер жылы аузы күйген кәсіпкер өлседе пияз екпейді. Міне, сырттан тасудың, қымбатшылықтың  көкесі сонда болады. Біз кәсіпкерлерді өзіміз тұншықтырып, шаруасына кедергі келтіріп жатырмыз. Бұндай жерде өсу емес, өшу ғана болмақ!  Бізде баға қымбаттап жатады, тағы айтам,  бірақ оған ешкім жауап бермейді.

– Нұреке, дүкендерге, супермаркеттерге барып тұрамыз.  Өзге азық түлікті сөз етпей-ақ қояиын, ол бөлек  әңгіме арқауы.  Бүгінгі тақырыпқа сай  айтсам жеміс-жейдек сөрелері толып тұрған Полшаның алмалары, Аргентинаның алмалары, Өзбекстанның жүзімдері, Қытайдың қызанағы мен қиярлары, Марокконың мандариндері, Африканың банандары. Бағалары да шарықтап тұр.  Неге жат өнімдерге жол беріп қойдық? Жаңа бір сөзіңізде менің алмаларым шіріп жатыр деп қалдыңыз? Егер делдалсыз сатып алса алмаларыңызды қаншадан сатар едіңіз?

– Басынан сатып алса келісін 200 теңгеден берер едік. Бірақ олар делдалсыз алмайды ғой. «Магнум», «Смол» деген  супермаркеттер делдал арқылы жұмыс істейді. Делдалдар дүкеннің тапсырысын орындап «шляпсын» алады. Өздерінің электро бонусы, анасы-мынасы тағы бар. Мысалы біз Ресейге жібереміз  жеміс-жидектерімізді, олар бір нүктеден қабылдап алады. Ақшасын кейде сатқасын береді, кейде келісім-шарт арқылы төлейді. Біздің магнумдар болса «Біздің жүз сауда нүктеміз бар, соларға 100 келіден таратып беріңдер» деп талап қояды. Шаруа қожалықтарының олай таратып беруге жағдайлары жоқ қой. «Магнум», «Смолдар» мемлекеттен жеңілдетілген ақша алып отыр. Сөйтіп отырып отандық бизнесті қолдағылары келмейді. Қытайдан, Полшадан беті жып-жылтыр, құрт түспейтін,  неше күн сақтасаңда шірімейтін, ірімейтін пластмасса  алмаларды әкеліп сатады. Өтпесе қиналмайды. Әйтеуір бір өтетінін біледі.  Сөреде жылтырып тұра береді.  Шетелден тасылған жеміс-жидектің адам ағзасына пайдасынан зияны мол.  Химиямен өскендіктен  өзіндік құны төмен. Біздің алмаға неге жоламайды?  Оның себебі көп. Біреуін айтайын, бізден алма алды ма сату керек. Сатпаса былжырай бастайды. Нәрі бетіне шығып аға бастайды. Өтпей жатса қайта өңдеп, тосап қайнатып жұмыс істеулері керек. Олар бұған басын ауыртқылары келмейді. Ең жеңіл жол шетелден алма, апельсин,  банан, мандарин тасу. Және оны бюджеттен бөлінген қаржыға сатып алады. Өзінің ақшасы болса бірсәрі. Мемлекет берген көмек ақшаға отандық өнімді қолдаудың орнына шетелді байытып отыр. Осыған қарның қалай ашпайды. Президенттің отандық өнімді қолдаңдар деген тапсырмасы қайда қалды сонда?  

– Алтын уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет. Ісіңіз алға баса берсін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға