Отандық өнерпаз «Voice Beyond Horizon» жобасында жеңіске жетті

 facebook.com/aida.balayeva
Фото: facebook.com/aida.balayeva

Қазақстандық әнші Нұржас Садырбаев «Voice Beyond Horizon» халықаралық жобасында жеңіске жетті.

Өнерпазды ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева арнайы құттықтады.

Министрдің айтуынша, бұл жетістік – жас орындаушының таланты мен табанды еңбегінің нәтижесі.

Қазақстандық талантты әнші Нұржас Садырбаевты «Voice Beyond Horizon» халықаралық жобасындағы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! – деп жазды Аида Балаева.

Ол Нұржастың өнері халықаралық деңгейде жоғары бағаланғанын атап өтті.

Нұржастың таланты, еңбегі мен сахнадағы шеберлігі әлемнің әр елінен келген қатысушылар арасында ерекше танылып, лайықты түрде жоғары бағаланды, – деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы аталған жобаның маңызына тоқталды. Оның сөзінше, бұл бастама қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің ұсынысымен жүзеге асқан.

Димаш Құдайбергеннің бастамасымен іске асқан жоба Түркістан қаласында бастау алып, Ақтау мен Алматыда жалғасып, елордада қорытындыланды, – деді ол.

Жоба аясында түрлі елдерден келген қатысушылар Қазақстанның мәдениетімен жақын танысқан.

Қытай, Қазақстан, Малайзия, Сербия, Италия және Қырғызстан елдерінен келген қатысушылар Қазақстанның киелі жерлерін бірге аралап, халқымыздың мәдениетімен, тарихымен және еліміздің бай табиғатымен танысты, – деп атап өтті Аида Балаева.

Министр жас өнерпазға алдағы уақытта да табыс тіледі.

Өнер жолында табанды еңбек етіп, еліміздің мәдениетін әлемге танытып жүрген жас дарын иесіне алдағы уақытта да жаңа шығармашылық жетістіктер тілеймін, – деді ол.

Сөз соңында ол қазақ өнерінің дамуына қатысты тілегін білдірді.

Оқи отырыңыз