Отандық өндірушілерге қандай қолдау көрсетіледі?

Отандық өндірушілерге қандай қолдау көрсетіледі?
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді қолдау мемлекеттік экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды. Бүгінде кәсіпкерлерге өндірісті іске қосу мен кеңейтуден бастап, өнімін өткізу және экспортқа шығаруға дейін бірнеше қолдау тетігі ұсынылып отыр. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет ішкі өндірісті дамытуға, қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға және импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған шараларды жүзеге асырып келеді.

Тек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өңдеу секторындағы кәсіпорындарға көрсетілген қолдау көлемі 418,5 млрд теңгеге жетті. Қолдау құралдарын шикізаттық емес сектордағы 69 кәсіпорын пайдаланған. Оның 61%-ы – шағын және орта бизнес өкілдері.

Жеңілдетілген қаржыландыру мен кепілдік

Отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі бағыттарының бірі – кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін арттыру.

2024 жылдан 2026 жылғы тамызға дейін «Даму» қоры арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі 10,3 мың жобаға жалпы 2,2 трлн теңге көлемінде кредиттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 4 674 жоба субсидиялау, 3 633 жоба кепілдік беру, 1 998 жоба жеңілдетілген қаржыландыру тетігін пайдаланды.

Кепілзаты жеткіліксіз кәсіпкерлер үшін де арнайы мүмкіндік қарастырылған. Президент тапсырмасымен 2025 жылғы сәуірде кепілдік қорларының тетігі іске қосылды. Осы механизм арқылы 3 мыңнан астам кепілдік берілді.

Инфографика: El.kz 
Инфографика: El.kz 

Өндірісті жаңғыртуға бағытталған жеке қолдау тетігі де бар. 2024-2026 жылдары Өнеркәсіпті дамыту қоры 153 отандық тауар өндірушіге 943 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл қаражат жаңа кәсіпорындар ашуға, өндірістік желілерді жаңартуға және заманауи жабдық сатып алуға бағытталады.

Өндіруші үшін қаржыдан бөлек, шығарған өнімін өткізу мүмкіндігі де маңызды. Сондықтан мемлекеттік қолдаудың тағы бір бағыты – қазақстандық кәсіпорындарға мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуда басымдық беру.

Мәселен, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының сатып алу жүйесінде отандық өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдаудың 16-дан астам тетігі қолданылады.

Отандық өндірушілер қамтамасыз етудің бірқатар түрінен босатылады. Сондай-ақ жеткізуші қазақстандық тауар өндіруші болса, 30%-ға дейін алдын ала төлем жасау және жеткізілген өнім үшін төлем мерзімін қысқарту мүмкіндігі қарастырылған.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында отандық кәсіпорындармен 594 млрд теңгеге 3,8 мыңнан астам шарт жасалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 46%-ға жоғары.

Соның ішінде 343 млрд теңгеге 171 ұзақмерзімді келісімшарт жасалған. Мұндай келісім кәсіпорынға бірнеше жылға тапсырыс алып, өндіріс көлемін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Жаңа өнім шығарса, алдын ала тапсырыс ала алады

Отандық өндірісті ынталандыру үшін офтейк-келісімшарттар да қолданылады. Оның ерекшелігі – кәсіпорын әлі өндірілмейтін өнімді шығаруды қолға алса, болашақ өніміне алдын ала тапсырыс ала алады.

Бұл кәсіпкер үшін жаңа өндіріс ашудағы негізгі тәуекелдердің бірі – «өнімімді кімге сатамын?» деген мәселені азайтады.

2026 жылдың алғашқы алты айында шамамен 47 млрд теңгеге 115 офтейк-келісімшарт жасалды. Сонымен қатар 53 млрд теңгені құрайтын импортты алмастыруға бағытталған тоғыз жоба мақұлданды. Тағы 74 млрд теңгенің 13 жобасы қаралып жатыр.

Мемлекеттік сатып алуда отандық өндірушілерге басымдық беріледі

Отандық кәсіпорындардың өнімін өткізуге мемлекеттік сатып алу жүйесі де мүмкіндік береді.

2024 жылы қазақстандық өндірушілермен 370 млрд теңгеден астам сомаға 145 мыңнан астам шарт жасалса, 2025 жылы олардың саны 169 мыңға жетті. Келісімшарттардың жалпы құны 456 млрд теңгені құрады.

Отандық өндірушілерді делдалдардан ажырату үшін «Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі» енгізілді. Қазір оған 10 мыңнан астам кәсіпорын кірген.

Тізілім арқылы кәсіпорынның тауарды Қазақстан аумағында шын мәнінде өндіретіні тексеріледі. Осылайша мемлекеттік қолдау мен сатып алудағы артықшылық нақты өндірісі бар бизнеске берілуі тиіс.

Экспортқа шығатын кәсіпорындарға да қолдау бар

Қазақстандық кәсіпорындарға ішкі нарықпен шектелмей, өнімін шетелге шығаруға да мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі металлургия, машина жасау, тамақ және химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені және басқа салалардағы 131 экспорттаушыға 653,7 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетті.

Агенттік экспорттық мәмілелерді сақтандыру, кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыру және сыртқы нарыққа шығу кезіндегі қаржылық тәуекелдерді төмендету құралдарын ұсынады.

Мәселен, қолдау алған кәсіпорындардың қатарында «Sapa Trade Company», «Шин-Лайн» және «Прима Құс» бар.

Өндіруші қандай қолдауға ие бола алады?

Осылайша бүгінде отандық тауар өндірушілерге ұсынылатын негізгі қолдау тетіктерін бірнеше бағытқа бөлуге болады: жеңілдетілген қаржыландыру, несие бойынша субсидия мен кепілдік беру, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуда басымдық, ұзақмерзімді және офтейк-келісімшарттар, өндірісті жаңғыртуға қаржы бөлу және экспорттық операцияларды қолдау.

Яғни мемлекеттік қолдау кәсіпорынды қаржыландырумен ғана шектелмейді. Өндірушіге өндірісті ашуға немесе кеңейтуге қаржы беру, шығарған өніміне тұрақты тапсырыс қалыптастыру және оны сыртқы нарыққа шығаруға көмектесу бір жүйеге біріктіріліп отыр.

Оқи отырыңыз