Жаңалықтар

Отандық кинематографияға патриотизм тақырыбы керек пе?

Отандық кинематографияға патриотизм тақырыбы керек пе?
Фото: © Pixabay.com 22.05.2023 17:48 697

Қазіргі таңда  кино өнерінде  ең бір күрделі мәселелердің бірі - заманауи фильмнің сюжеттеріндегі рухани әрі ұлттық ізденістер, тақырыбының тереңдігі, бүгінгі заман кейіпкерлерінің бейнесін көрсете алатын көркем дүние мен үлгі боларлықтай қаһармандарды табу, әсірісе, патриотизм сезіміне баулу сияқты тақырыптар басты тұғырға көтерілді. 

Елін қорғаған қаһармандар туралы фильмдер жоқ емес, бар.Солардың қатарында «Жаужүрек мың бала» фильмі, «Бауыржан Момышұлы» сериалы сияқты туындылар бар. Басты кейіпкерлерінің туған жерге деген ыстық махаббаттары арқылы көрермендердің патриоттық сезімдерін оята алды.

Осы мақсатта өткен ғасырдың 60-70 жылдардың тұсында еліміздің идеологиясына, сана-сезіміне  әсер еткен  ұлттық фильмдерді үлгі ретінде айтсақ болады. Олжас Сүлейменовтың сценарий желісі бойынша түсірілген «Атамекен» фильміндегі Елубай Өмірзақов сомдаған ақсақал, ақылшы қарттың  мақсаты соғыс шебінде қайтыс болған жат жердегі ұлының мәйітін туған жеріне қайтару. Бұл - сценарий мен режиссердің шеберліктері мен рухтарының асқақтығынан нағыз патриотизмге толы кинотуынды болып шыққаны рас. Мәжит Бегалиннің Шоқан Уалиханов туралы «Оның уақыты келеді», Бауыржан Момышұлы туралы «Ел басына күн туса», Мәншүк Маметова туралы «Мәншүк туралы жыр» атты фильмдеріндегі кейіпкерлердің туған жеріне деген ыстық сезімі мен қайсарлықтарын дәріптейтін туындылар.  Кеңес заманында көптеген шектеулер қойылса да, бостандыққа шақыратын, туған жеріне деген махаббатты одан арта оятатын фильмдер мен режиссерлердің ағыны келіп, ұлттық кино өнерін қалыптастырған.

Еліміздің  мәдени-рухани деңгейіне тікелей әсер ететін ол - телеарналар, әсіресе, оларда көрсетілетін фильмдер десек, онда, қазақстандық патриотизмнің ұлттық фильмдерде  алатын орны, үлес салмағы басымырақ болу керек. Телеарналарда, ғаламтор желілерінде АҚШ, Ұлыбритания, Корей, Түркия, Үнді,  Ресей елдерінің  фильмдері  көпшіліктің назарына ие болып, әрқайсысы көбісінесе өзінің  идеалогиясымен және дүниетанымымен, көзқарасымен және менталитетімен, ұлттық мінезімен және ұлттық бояуымен толтырылып отыр. Сондықтан, ұлттық телеарналарда, кинотеатрларда қазақ ұлтының болмысын көрсете алып,  дәуір тынысын ашатын  көрермен үшін тағылымды дүниелерге назар аударылуы міндет.  

Кино – қырағылық майданы. Қазақстандық патриотизм үшін күрес, шынтуайтына келгенде, қазақ кинотелевидениесі үшін күрес. Экран – осындай идеологиялық жойқын қару. Кинотелевидениеге бүгін салынған сома – ертеңгі пәрменді патриоттық сана... түптің-түбінде қазақстандық рух боп жеміс береді. Өйтпесең ол жемістің қызығын шетел көреді. Шетелдік кинотеле - туынды мақсаты – көрермен көңілін өз еліне аудару. Қазақстанға емес. Демек, экран – көрермен үшін күрес, - деген Смағұл ЕЛУБАЕВ «Қазақ киносы қайда барады?» атты мақаласында осы тақырыпты қозғаған болатын.      

Жаһандануға сіңіп кетпес үшін  ұлттық рухты, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық өрнегі мен ұлттық бейнесін, бүгінгі күн тақырыбын көрсете алатын, қазақстандық патриотизмге баулитын отандық фильмдердің көбірек орын алуы кажеттілік.

«Патриоттық тақырыпта қандай фильмдер түсіру керек деп ойлайсыз?» деген сұрақты көпшілік қауымға да қойдық. Осы сұрақ арқылы қазіргі таңдағы қазақ киносындағы патриотизм тақырыбының әлсіз тұсын көрермендердің көзқарасымен білгіміз келді. Сонымен, халықтың берген жауабының ішіндегісінің негізгілері:

  • Біріншіден, елін, халқын қорғаған қаһармандар мен туған жерге деген ыстық махаббат туралы фильмдер.
  • Екіншіден, бірігей тұлғалардың өміріне арналған тарихи-биографиялық фильмдерді көп түсірілу қажет.
  • Үшіншіден, заманауи көрермендерді қызықтыратын тұлғалар туралы туындылар жасау керек.
  • Төртіншіден, қазіргі заманды толғандыратын тақырыптарға фильмдер түсіру;
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға