Жаңалықтар

Отандық ғалымдар ұшақты мұзданудан қорғайтын өнімді зертханада синтездеді

Отандық ғалымдар ұшақты мұзданудан қорғайтын өнімді зертханада синтездеді
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 02.03.2024 23:11 420

Белгілі химик, технолог Маржан Досмағамбетованың ғылыми жетекшілігімен UTEBAYEV UNIVERSITY ғалымдары сілтілік ортада натрий формиатын алу әдісін зертханалық жолмен жүзеге асырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бұл реагент қыс мезгілінде автокөлік пен жаяу жүргіншілер жолында мұз қатырмау және ұшақтардың қанаттары мен корпусын мұзданудан қорғау үшін қолданылады.

Натрий формиатын өндіру әдісі бүгінге дейін палладий катализаторының қатысуымен төрт хлорлы көміртекті сутегімен гидрохлорлау әдісі арқылы алынып келді. Бұл процесс 90-100 °С температурада 12-19 атмосфералық қысымда сілтілік ортада жүргізіледі. Оның басты кемшілігі – қысым 12 атм. төмендеген кезде натрий формиатының шығымы да күрт төмендейді, ал жоғарылаған кезде технологиялық жабдықтарға жұмсалатын металл шығынын арттырады. Бұл өндіру процесін бәсекеге қабілетсіз етіп, бағасын қымбаттатады, - дейді UTEBAYEV UNIVERSITY қауымдастырылған профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Амангелді Әбілхайыров.

Университет зертханасында әртүрлі концентрациядағы күйдіргіш натрийдің сулы ертіндісіне сутегінің асқын тотығын араластырып, кейін формалин қосу арқылы натрий формиаты алынды.

Бұл ғылыми жұмыс технологиялық жабдықтардың қарапайым жасақталуына, сол арқылы өнімнің арзандауына септігін тигізеді.

Өнімді қыс мезгілінде мұз қатуға қарсы пайдалану барысында жолдың цементбетон жабынына, көлік шинасына зақым келмейді, көлік корпусының коррозиясын тудырмайды. Алынған құмырсқа қышқыл натрийді қолдану адамдарға да, жол төсеміне де залалсыз және -15-тен -25 °С дейінгі төмен температурада жол төсемдерін тазалауға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға