Отандық футболшылар енді спортпен кітап оқуды қатар алып жүреді

 «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры
Фото: «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры

Қазақстандық футболшылар енді алаңдағы жаттығуынан тыс уақытта кітап оқуға ден қояды. Қазақстан футбол федерациясы Ұлттық кітап күні қарсаңында ерекше құжатқа қол қойды. Атап айтқанда, ҚФФ мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры өзара меморандум жасасып, бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.

Құжат спорт пен мәдениет салалары арасындағы серіктестікті нығайтуға, қазақстандықтар арасында, соның ішінде кәсіби футболшылар мен спортқа қызығушы жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және дамытуға бағытталған.

Бұл серіктестік – жай ғана ресми келісім емес. Бұл – дене күші мен ой қуатын, спорт пен әдебиетті, бүгін мен болашақты тоғыстыратын ауқымды қозғалыс.

«Қазақстан озық халықаралық тәжірибеге сүйенеді, онда оқу мен білім футболшыларды даярлаудың ажырамас бөлігі болып саналады. FC Barcelona, Ajax, Manchester City, Bayern Munich және Sporting CP секілді жетекші академиялар мен клубтарда ойыншыны дамыту кешенді түрде жүзеге асады – физикалық және техникалық дағдылармен қатар интеллект, ойлау қабілеті және тұлғалық өсуге ерекше мән беріледі. Тәжірибе көрсеткендей, оқу, өзін-өзі дамыту және талдау арқылы тиімді шешім қабылдай алатын, жоғары нәтижелерге қол жеткізетін спортшы қалыптасады. Бұл өз кезегінде алаңда да, одан тыс жерде де жеңіске жетудің маңызды факторы», – деді ҚФФ Кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылқайыр меморандумға қол қойғаннан кейін.

Бүгінде Қазақстанда футболмен 1 миллионнан астам адам айналысады. Футбол орталықтары мен академиялар жүйесінде шамамен 52 мың бала білім алуда, оның ішінде 12 мыңнан астамы – қыздар. Кәсіби лигаларда 1 250-ге жуық ер адам және 500-ден астам әйел қатысады. Әуесқой футболмен шамамен 65 мың адам айналысады, олардың 6,5 мыңнан астамы Қазақстан футбол федерациясы өткізетін лигаларға қатысады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды кітап оқитын ұлтқа айналдыру жөнінде өршіл мақсат қойған болатын. Бүгін біз осы бағытта нақты қадам жасап, екі қуатты институтты – футбол мен оқу мәдениетін біріктіріп отырмыз. Футболшылар – жастардың кумирі. Егер олар белсенді түрде кітап оқып, өз әсерлерімен бөліссе, бұл бүкіл елге зор серпін береді. Біз физикалық және зияткерлік дамудың үйлесімін қалыптастырып жатырмыз», – деді Қор төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков.

Бүгінде «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасына Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында 189 мыңнан астам адам қатысуда. Олардың қатарында мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, отбасылық әулеттер мен мемлекеттік қызметшілер бар.

Оқи отырыңыз