t.me/PR_AirAstana

Отандық әуе компанияларға алты елдің әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салынды

24.06.2025 05:05 1871

Еліміздің Азаматтық авиация комитеті Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Комитет дерегінше, 2025 жылғы 13 маусымнан бастап Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты азаматтық авиация қауіпсіздігіне төнетін қауіптің жоғары деңгейін ескере отырып, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі қазақстандық әуе компанияларға 6 елдің – Иран, Израиль, Ирак, Иордания, Сирия және Ливанның әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салды.

Осыған байланысты Таяу Шығысқа жолаушылар тасымалын орындайтын әуе компаниялар өз рейстерін осы елдердің әуе кеңістігінде жүзеге асырмай, айналып ұшады, - делінген мәліметте.

Айта кету керек, биылғы 17 маусымда «SCAT» әуе компаниясы Ираннан Қазақстан Республикасының 89 азаматын шығару мақсатында Ашхабад – Астана бағыты бойынша рейсті орындады. Рейс қолданыстағы шектеулерге сәйкес толық орындалды.