Жаңалықтар

Отандық әншілердің жаңа жылдық кеште өнер көрсету құны қанша тұрады

Отандық әншілердің жаңа жылдық кеште өнер көрсету құны қанша тұрады
Фото: instagram.com 13.12.2023 14:00 30006

Бұл күндері Жаңа жыл мерекесіне қызу дайындық жүріп жатыр. Ұйымдар ұжымдық кештер өткізу үшін мейрамхана іздеп, өнер көрсететін әншілер тізімін жасауда. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қазақстандық жұлдыздардың мерекелік кештерде өнер көрсету қанша тұратынын бағамдап көрді.

Біз бүгінгі тізімге әртүрлі жас деңгейіндегі әншілерді қостық. Олардың арасында Халық әртісі де, жақында ғана жарқ еткен жастар да бар.

Роза Рымбаеваны білмейтін қазақ жоқ. Оны еліміздің алтын дауысы деп бекер айтпаса керек. Әнші Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінің танымал бағдарламаларына да жиі шақырылады.

Ал Роза Қуанышқызының кеште өнер көрсетуі шамамен 10 мың доллар, яғни 4,6 млн теңге тұрады. Егер сіз басқа қалаға шақыртамын десеңіз, онда ұшақ билеттері, қонақ үй мен трансфер шығынын қосасыз.

Мирас Жүгінісов. Жас әншінің туындылары көпшіліктің жүрегінен ойып тұрып орын алғанын мойындау керек. Мирастың «Зымыран», «Роман», «Шыда» секілді хиттерін жанды дауыста тыңдағыңыз келсе, онда 4,7 млн теңгені дайындап қойыңыз.

Тойлардың басты жұлдызы Қайрат Нұртастың да сұрайтыны 10 мың доллар екен. Басқа қалаға баратын болса, шығыны тағы қосылады.

Танымал рэп орындаушы, продюсер Jah Khalib – шетелде де сұранысқа ие әншілердің бірі. «Созвездие ангела», «Лейла», «Медина» хиттерінің орындаушысын кешке шақырамын десеңіз, 60 мың долларды дайындап қойыңыз. Бұл дегеніміз – 27,4 млн теңге.

Ал Төреғали Төрәлі жаңа жылдық кеште 4,5 млн теңгеге өнер көрсетеді. Қонақ үй, әуе билеттері бөлек төленеді. Ол сахнаға екі рет шығып, сегіз ән орындайды.  

Айқын Төлепберген іс-шараларда 2 млн теңгеге ән айтады. Райдердің шығыны бөлек есептеледі.

Жақында ғана ана атанған Ерке Есмахан да мерекелік кештерде өнер көрсетуге дайын. Еркені кештен көргіңіз келсе, онда 4 млн теңге беру керек болады.

Ал жастар арасында танымал «Ирина Кайратовнаны» кешке шақыру халықаралық деңгейдегі әншілердің құнына теңесіп қалады екен. Музыкалық топ іс-шараларда 50 мың долларға өнер көрсетеді, бұл – 22,9 млн теңге деген сөз. Бұдан бөлек тұрмыстық және техникалық райдер бар.

Махаббат туралы әндерімен тыңдарманның жүрегінен орын алған Akha-ның хиттерін жанды дауыста тыңдау үшін 3 млн теңге мен райдерін төлеуге дайын болыңыз.

Жас рэп орындаушысы, өзіндік стилімен ерекшелене білген Yenlik-тің «Dop», «Shukir», «Esep» секілді хиттері кешіңізде орындалсын десеңіз, онда 3 млн теңге мен райдердің шығынын қоса есептеңіз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға