Жаңалықтар

Отандық спорт расымен «отандық» па? (1-бөлім)

Қазақ спортына сырттан кеп қосылғандар
Отандық спорт расымен «отандық» па? (1-бөлім)
14.02.2017 22:50 2078

Сырттан келген теннисіміздің «төрелері»

Қазақстан теннис құрамасында 2008 жылы үлкен өзгеріс болды. Бір топ ресейлік спортшылар ел азаматтығын алып, Қазақстан атынан сынға түсуге келісімін берді. Олар: Ярослава Шведова, Галина Воскобоева, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев және Евгений Королев.

Ярослава Шведова

30 жастағы Ярослава Шведова – Қазақстанның екінші ракеткасы, Мәскеуде дүниеге келген, қазірде WTA рейтінгінде 46 орынға жайғасқан. Ол Үлкен шлемнің жұптық бәсекесін екі рет ұтып алған (УимблдонUS Open-2010) сондай-ақ, аталған турнирдің бес рет финалында өнер көрсетіп (төрт рет жұптық бәсекеде, бір рет микс сайысында), жұптық рейтингте 3 орынға дейін көтерілген, WTA  турнирлерінде 14 рет топ жарған (жекелей тек біреуінде ғана). Әзірге бірде-бір қазақстандық ракетка шеберлері Шведованың жетістіктігін қайталаған жоқ.

Мәскеуде дүниеге келген Галина Воскобоева жұптық разрядта WTA турнирін бес мәрте жеңген. Ал Андрей Голубев ATP-ның жекелей сынында бір рет оза шапқан. Ол – Ресейдің Волгоград облысында туған спортшы. Михаил Кукушкин де аталған облыста дүние есігін ашқан. ATP-та бір мәрте барлық қарсыласынан басым түскен.

2014 жылы құрамаға украиналық Александр Недовесов қосылды.

Ерлер құрамасы Дэвис Кубогында өте сәтті өнер көрсетіп жүргенін жақсы білеміз. Олар 2011, 2013, 2015 жылдары бұл бәсекенің ширек финалына дейін жетіп, рейтингтегі Қазақстан жағдайын едәуір жақсартып келеді.

Юлия Путинцова

1995 жылы Ресей астанасы Мәскеуде дүниеге келген Юлия Путинцова 2012 жылы Қазақстан азаматтығын қабылдады. Ол жылдан жылға WTA рейтингінде алға жылжып жатыр. Мәселен, 2014 жылы 114 орында тұрса, 2015 жылы 74 орынға көтерілді, ал 2016 жылы 34 орынға жайғасты. Путинцева үстіміздегі жылы 5 ақпанда Санкт-Петербургте (Ресей) өткен теннис турнирінің финалына шығып, франциялық Кристина Младеновичтен жеңілгеніне қарамастан, рейтингтегі мәселесін біраз жақсартып алды. Ол қазір 27-сі сатыда. Юлия Қазақстанның ғана емес, Азияның үздік ракеткасы.

Ксения Первак

Ксения Первак атты спортшы 2011-2013 жылдары Қазақстан намысын қорғағанын айта кетейік, ол Ресей теннис федерациясымен келісе алмай, біздің елдің атынан шығуға келісім бергенімен, екі жылдан соң тарихи отанына қайта кетіп қалды.

Футбол және тегін «азаматтық»

Бас құраманың бапкері болған Берн Шторк 2011 жылы ресейлік екі ойыншыны біздің елдің атынан доп тебуге көндірген болатын. Бұл – жаттықтырушының алғашқы тәжірибесі еді. Алексей Попов (4 ойын) пен Казбек Гетериев (7 ойын) Қазақстан азаматтығын қабылдау үшін 300 мың доллар көлемінде сыйақы алған екен.

Жалпы, біздің премьер-лигада доп тебем деп келген аяқдопшыларға Қазақстан азаматтықты оңды-солды тарата беретін секілді. Бірер жыл бұрын футбол клубтары «жаңа қазақ» болған теңбілдопшылардың  тізімін жарыса жариялаған болатын. Атап айтар болсақ,

«Ақтөбе»: Тарас Царикаев (Ресей), Игорь Зенькович (Беларусь),

«Астана»: Ненад Эрич (Сербия), Евгений Постников (Беларусь),

«Қайрат»: Дмитрий Хомич (Ресей), Михаил Бакаев (Ресей),

«Тобыл»: Никола Тонев (Македония), Рауль Джалилов (Қырғызстан), Игорь Бугаев (Молдава),

«Атырау»: Марат Бутуев (Ресей), Филип Рудик (Беларусь), Михаил Афанасьев (Беларусь), Дмитрий Пархачев (Беларусь),

«Қайсар»: Евгений Ширяев (Украина). Мұның барлығы Қазақстан футболында қойылған талаптарға байланысты шығарылған шешімдер (алаңдағы шетелдік футболшылардың санын шектеу).

Соңғы жылдары осында туылып, тарихи Отандарына оралған бірнеше неміс футболшыларына (Гейнрих Шмидтгель, Константин Энгель, Александр Меркель) халі мүшкіл бас құрамаға көмегін тигізер деп, азаматтық ұсынған болатын. Тек Байсуфинов бапкер өткен ойындарға бұл ойыншыларды шақырмай жүр.

Георгий Жуков

Қазіргі «Қайрат» футбол клубында жаттығып жүрген Георгий Жуков есімді футболшыны бірер жыл бұрын «Астана» ФК қалап алдырып, біздегі футбол тәртібіне байланысты (21 жасқа толмаған бір ойыншы алаңда өнер көрсетуі міндетті) Қазақстан азаматтығына өткізген. Бала кезінде отбасымен бірге Бельгия мемлекетіне қоныс аударған жас футболшы өзінің бір сұхбатында Қазақстан ұлттық құрамасында ешқашан ойнамайтындығын жеткізген болатын. Тіпті, азаматтықтың оған еш керегі жоқ екенін де мәлімдеді. Бельгия немесе Ресей атынан жасыл алаңда тер төккісі келетінін көп рет айтты. Бірақ, оның сөзіне қос елдің бапкерлері еш назар аудармады. Ол қайта айналып, ҚПЛ-мен қауышатын болды.

«Қайратта» доп тепкен Заурбек Плиев есімді ойыншыны әлі ешкім ұмыта қоймаған болар. Бірлі-екілі ойын сезонын Алматы командасы үшін өткізген ресейлік «Қайрат» талабына сай алынған азаматтықтан әрең құтылды-ау. Ресей премьер-лигасында легионер атанып қалмас үшін азаматтығы туралы тіс жармады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға