Жаңалықтар

"Отан дауысы" әскери-патриоттық ән фестивалінің жеңімпазы анықталды

"Отан дауысы" әскери-патриоттық ән фестивалінің жеңімпазы анықталды
Фото: gov.kz 27.11.2023 21:13 485

Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшылығының, Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, Ауған соғысы және Ирактағы бітімгерлік операциялар ардагерлерінің, "Жас сарбаз" қозғалысы тәрбиеленушілерінің қатысуымен  Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының филиалы ұйымдастырған іс-шараға 9-18 жас аралығындағы жүзден астам бала мен жасөспірім қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл байқау жастарды патриоттық және рухани-адамгершілік рухта тәрбиелеуге, олардың бойындағы  шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етуге арналып отыр. Іс-шараға деген қызығушылықтың артқанын атап өткен жөн. Оны жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деп өз ойын бөлісті Алматы қаласы "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы запастағы подполковник Марат Қанатов.

"Отан дауысы" фестиваліне қатысушылар Ұлы Отан соғысы және Ауған жауынгерлері туралы әндерді шырқады. Олардың өнерін құрамында еңбек сіңірген өнер қайраткерлері мен вокалдық және хореографиялық өнер саласындағы жоғары кәсіби мамандар бар қазылар алқасы бағалады.

Байқауға қатысушыларды бағалау орындаушылық шеберлік, әртістік, хореографиялық деректер және сахналық костюм сияқты критерийлерді ескере отырып жүргізілді.

"Отан дауысы" фестивалінің бас жүлдесін "Назарбаев Зияткерлік мектептері" филиалының оқушысы Камила Гилева жеңіп алды. Бірінші орын № 78 мектеп-гимназиясының оқушысы Алсу Алуханованың еншісінде. Екінші орынды Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Алматы филиалы М. Мәметова атындағы "Жас сарбаз" ансамблінің солисі Айерке Берік иеленді. Үшінші орынды № 4 мектеп-гимназиясының оқушысы Дария Салпықова мен № 150 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Диляра Тұрсыновалар өзара  бөлісті.

Байқауға қатысушылар сыйлықтармен, грамоталармен және естелік мүсіншелермен марапатталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға