Осы демалыста не көреміз? Қазақстан прокатындағы фильмдерге шолу

Осы демалыста не көреміз? Қазақстан прокатындағы фильмдерге шолу
Фото: pixabay.com

Демалыс жақындағанда «киноға барайық» деген ұсыныстан кейін міндетті түрде «не көреміз?» деген екінші сұрақ туады. Романтика ма, қорқынышты фильм бе, балалармен бірге көретін дүние ме, әлде үлкен экранға лайық блокбастер ме? Осы орайда көрерменге таңдауды жеңілдету үшін Қазақстан прокатындағы фильмдерді жинап, қайсысы кімге лайық екенін қарастырдық. Ал көрерменнің таңдауын түсіну үшін кассалық көрсеткіштеріне де көз жүгірттік.

Үлкен экран үшін –  «Өрмекші адам: Жаңа күн»

Егер демалыста көп ойланбай, попкорн алып, үлкен экранның мүмкіндігін барынша сезінгіңіз келсе, ең айқын таңдау – «Өрмекші адам: Жаңа күн» болмақ. Қазақстандық көрермен де әзірге осы фильмді таңдап жатыр. 13-16 тамыз аралығындағы екінші демалысында картина 559 млн теңге жинаған. Ал екі аптадағы жалпы кассасы 2,7 млрд теңгеге жетті.

Фото: Columbia Pictures
Фото: Columbia Pictures

Әлемге зер салсақ та, фильм үш аптаның ішінде $2 млрд межесінен асып үлгерді. Ал кіммен баруға болады деген сұрақ туса, достарыңызбен, жұп болып немесе суперқаһарман фильмдерін жақсы көретін адаммен көруге кеңес береміз. Мұндай блокбастерлер дыбыс, визуал және экшн үшін түсіріледі. Сондықтан телефоннан кейін көруге қалдырмай, кинотеатрдан көрген дұрыс. 

Асықпай отырып кино көргіңіз келсе – «Одиссея»

Ал демалысты жеңіл комедиямен емес, ауқымды киномен өткізгіңіз келсе, Кристофер Ноланның «Одиссеясын» таңдауға болады. Қазақстанда фильм төрт апта ішінде 2,5 млрд теңге жинаған. Соған қарамастан өткен демалыста тағы 195 млн теңге түсірді. Яғни жаңа премьералар шықса да, оған деген қызығушылық сақталып отыр.

Фото: Universal Pictures
Фото: Universal Pictures

Ноланның фильмін мүмкіндігінше үлкен экраннан, әсіресе IMAX форматында көрудің өз мәні бар. Режиссер картиналарын кинотеатр тәжірибесіне ерекше мән бере отырып түсіретінімен танымал. Тарихи-эпикалық туындыларды, Нолан фильмдерін және үлкен масштабтағы киноны ұнататындарға әбден лайық. Егер демалыста тек жеңіл, бас қатырмайтын дүние көргісі келетіндерге ауыр болуы мүмкін.

Балалармен киноға барсаңыз – «Моана»

Балалы отбасы үшін таңдау жеңілдей түспек. Disney-дің «Моанасы» Қазақстандағы алғашқы демалысында 115 млн теңге жинап, прокаттағы үшінші орынға шықты. Бұл – 2016 жылы шыққан танымал мультфильмнің ойын-кино форматындағы жаңа нұсқасы. Фильмнің бір артықшылығы – ол «Өрмекші адам» немесе «Одиссеямен» бір аудитория үшін тікелей күреспейді. Яғни аталған отбасылық киноның өз көрермені бар.

Фото: Walt Disney Animation Studios
Фото: Walt Disney Animation Studios

Тек балалармен ғана емес, Disney фильмдерін жақсы көретін жандармен бірге баруға болады. Таныс оқиға, музыка, жарқын визуал және отбасылық формат сізді ерекше көңіл-күйге бөлейтініне сенімдіміз.

Тек екеуге арналған кино – «Әрдайым бір түн»

Демалыста жұбыңызбен кешкі ас ішіп, ары қарай романтикалық әсерге бөлену үшін таптырмас фильм. Басты рөлдерде Каллум Тернер мен Моника Барбаро ойнайды.

Мұндағы биліктің некеге дейінгі жыныстық қатынасқа тыйым салып, бірақ жылына бір рет адамдарға бұл шектеуді бұзуға мүмкіндік беретіні ерекше оқиғаға жетелейді. Яғни кәдімгі романтикалық комедияға антиутопиялық идея қосылған. Қазақстанда фильм алғашқы демалысында 14 млн теңге жинады.

Фото: afisha.yandex.kz
Фото: afisha.yandex.kz

Қазақша комедия көргіңіз келсе –  «Тау адам»

Отандық киноны қолдағыңыз келсе, таңдаудың бірі – режиссер Мақсат Оспановтың «Тау адам» комедиясы. Фильмде басты рөлді атақты балуан Бейбіт Ыстыбаев сомдайды. Оқиғада ол ерке өскен байдың баласын қайта тәрбиелеп, жаттықтырушылықтан ақша табуға тырысады.

Картина алғашқы демалысында 13 млн теңге жинады. Бұл сол апталықта 559 млн теңге тапқан «Өрмекші адаммен» салыстырғанда жоғары көрсеткіш болмай тұр. Дегенмен касса фильмнің сізге ұнайтынын немесе ұнамайтынын анықтайтын жалғыз өлшем емес. Отандық комедияны, жеңіл оқиғаны және таныс қазақстандық типаждарды көргісі келетін көрерменге таптырмас фильм.

Қылмыс пен экшн керек болса – «Ағайындылар»

Аталған фильм – қазақ киносының тағы бір жаңа туындысы. Бұл жолы комедия емес, криминалдық экшн. Оқиға анасы мен отбасылық үйін құтқару үшін қылмыс әлеміне кірген екі ағайынды туралы өрбиді. Фильм алғашқы аптасында 10 млн теңге жинаған. Криминалдық драмалар мен экшнді ұнататындарға баруға кеңес береміз.

Қорқынышты фильмді жақсы көретіндерге де таңдау бар

Осы демалыста хоррор жанрын ұнататындарға бірден екі фильм ұсынылып отыр. Жапондық «Демонолог» – қонақүйге келген адамдарды қорқытатын елес туралы оқиға. Ал австралиялық «Ешь. Молись. Худей» де қорқынышты кино жанрында түсірілген. Алайда кассалық көрсеткіштері аса жоғары емес: біріншісі алғашқы демалысында 4 млн, екіншісі 3 млн теңге жинаған. Бірақ хоррордың бір ерекшелігі – мұнда фильмнің қанша ақша жинағанынан гөрі, сізді қаншалықты қорқыта алатыны маңыздырақ.

Әлі де кинотеатрда жүріп жатыр

Прокатта бірнеше апта бұрын шыққан фильмдер де бар. «Миньоны и монстры» алты апта ішінде Қазақстанда 853 млн теңге жинаған. Ал отандық «Бишарашки в Индии: в поисках мамы» сегіз аптада 848 млн теңгеге жетті. «Бишарашки» үшін бұл әсіресе қызық нәтиже.

Жазда отандық жаңа фильмдердің көбі ірі шетелдік блокбастерлердің тасасында қалып жатқанда, франшиза 800 млн теңгеден астам касса жинай алды. Сондықтан бұрын өткізіп алсаңыз, кинотеатрдан кетпей тұрғанда көріп қалуға мүмкіндік бар.

Сонымен осы демалыста не көреміз?

Үлкен экран мен экшн керек болса – «Өрмекші адам: Жаңа күн». Ауқымды, салмақты кино іздесеңіз – «Одиссея». Балалармен барсаңыз – «Моана». Романтикалық кешке – «Всего одна ночь». Отандық жеңіл комедия керек болса – «Тау адам». Қазақша криминалдық экшн қызықтырса – «Ағайындылар». Қорқынышты кино керек болса – «Демонолог» немесе «Ешь. Молись. Худей».

Ал сандарға сенсек, қазақстандықтардың осы жаздағы таңдауы әзірге анық көруге болады. Әзірге үлкен экранды шетелдік блокбастерлер билеп тұр. Бір ғана «Өрмекші адам» мен «Одиссея» Қазақстанда қосылып 5,2 млрд теңге жинаған. Бірақ күзде жағдай өзгеруі мүмкін. Қазақстандық фильмдердің негізгі премьералары алда, сондықтан отандық киноның биылғы басты бокс-офис бәсекесі енді басталмақ.

Оқи отырыңыз