Жаңалықтар

Қостанайда өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінен облыстық сайыс өтті

Қостанайда өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінен облыстық сайыс өтті
19.09.2018 05:44 2176

Қостанайда өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеру дәрежесін анықтау бойынша облыстық байқау өтті. Оған аймақтың мектептерінен оқушылар бақ сынасты.

Достық үйінде «Мың бала» және «Қазақтану» республикалық мәдени-ағартушылық жобалары аясында өзге ұлт балаларының мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтау бойынша ұйымдастырылған байқауға облыстың 14 ауданы мен 3 қаласынан 18 оқушы қатысты.  

Іс-шараға орыс, башқұрт, кәріс, литва, ұйғыр, әзірбайжан, мордвин, ингуш, шешен сынды тоғыз ұлт өкілдерінің оқушылары ұлттық киімдерін киіп қатысты. Оларға қазақ тілі пәнінің мұғалімдері қолдау көрсетіп отырды.

«Бала мемлекеттік тілде сөйлеу үшін қазақи орта қалыптастыру қажет. 6-сынып оқушысы Мария Черненко мемлекеттік тілде білім беретін мектепте оқиды. Ол 1-сыныптан бастап қазақ тілін үйреніп келеді, қазіргі уақытта тілді жақсы деңгейде меңгерген. Бұл үшін балаға қолдау танытқан әжесіне мың алғыс айтуымыз керек. Қызымыз өте белсенді, еңбексүйгіш, биге құмар, суретті де жап-жақсы салады», - дейді № 2 Федоров орта мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Зейнжамал Дощанова.

Байқау алдында оқушылар қатты толқып, мұғалімдерімен кеңесті. Оқушылардың арасында бірнеше тіл білетін полиглоттар да болды. Таран ауданынан келген Айсель Тахмазова әзірбайжан, түрік, қазақ, орыс тілдерін біледі, қазіргі уақытта жапон тілін меңгеруде.

«Менің отбасым Қазақстанда 15 жыл өмір сүреді. Біз үйде әзірбайжан, түрік тілдерінде сөйлейміз. Маған қазақ тілі ұнайды, сол себептен оны үйреніп жүрмін. Мен өзім өмір сүріп жатқан мемлекетімнің тілін білгім келеді. Болашақта тілдерді меңгерту саласында қызмет таңдауым мүмкін», - дейді Айсель.

Қостанайдағы М.Горький атындағы гимназия оқушысы Анастасия Соколова 3-сыныптан бастап қазақ тілінен өтетін олимпиадаларға үнемі қатысып келеді.

«Мен лингвистикалық сыныпта оқимын. Мектепте достарыммен қазақ тілінде сөйлеймін. Білгенді ұмытпау және жаңа ақпарат қабылдау үшін тілді үнемі жаттықтырып отыру қажет», - дейді Анастасия.

Байқау таза қазақ тілінде өткізілді. Қатысушылар Федоров ауылы Димитров атындағы № 1 орта мектебінің  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дмитрий Ромащенконы, яғни жүргізушіні жақсы қабылдап, түсінді. Дмитрий мемлекеттік тілді жетік меңгерген және тілді үйрену үшін тілдік орта және дұрыс таңдалған оқыту әдістемесі маңызды деп санайды.

«Болашақта жарқын өмір сүру үшін мемлекеттік тілді білу мен үшін міндетті шарт. Мемлекеттік тілге деген қызығушылығым мектеп қабырғасынан-ақ басталған. Мен университеттің филология мамандығына оқуға түсіп, тіл меңгердім. Біздің оқытушымыз білімді де білікті болғандықтан, менің де тілді үйренуге деген талпынысым арта түсті. Қазір сабақ барысында оқушыларға тіл үйренуге мотивация беріп, мақсатқа жеткізер әдістемені ұстанамын. Оқушыларды тіл үйрену процесіне жұмылдырып, ынталарын оятуға тырысамын», – деп жеткізді Дмитрий.

Байқаудың бірінші кезеңінде оқушылар қазақ тілінде эссе жазды. Екінші кезеңде өздерін қазақ тілінде таныстырды. «Шешендік өнер» деп аталатын үшінші кезеңде елордамыз-Астананың көрікті жерлері мен сәулет өнерлеріне сипаттама берді. Төртінші кезеңде сан түрлі халықтардың салт-дәстүрлеріне қатысты сұрақтарға жауап берді.

Әділқазылар алқасының шешіміне сәйкес Федоров ауданынан келген Мария Черненко 1 орынға, Рудный қаласынан келген Марку Ли 2 орынға, Әулиекөл ауданынан келген Кирилл Баранов үшінші орынға ие болды.

Барлық қатысушыларға дипломдар және естелік сыйлықтар табысталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға