Жаңалықтар

Қостанай облысында жомарт жандар ұлықталды

Қостанай облысында жомарт жандар ұлықталды
16.10.2018 12:54 1685

Қостанай облыстық орыс драма театрында азаматтық форум өтті. 

Оның барысында барысында облыстық ассамблея «Жомарт жан» республикалық жобасының жеңімпаздарын марапаттады. 

Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен ұйымдастырылып отырған «Жомарт жан» жобасы ағымдағы жылы бастау алған болатын. Оның басты мақсаты - әлеуметтік маңызға ие жұмыс атқарып, қоғам өмірін жақсартуға, меценаттық және қайырымдылық істерге бағытталған жобаларымен танылған азаматтарды анықтау болып табылады. Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Облыстық кезеңдердің жеңімпаздары республикалық іріктеуден өтеді. Жоба жеңімпаздары «Жомарт жан» төсбелгісімен марапатталады.   

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев жеңімпаз азаматтардың ел мүддесі жолындағы елеулі қызметін атап өтіп, арнайы сертификаттар мен кәдесыйларды тарту етті.

Облыстық кезең жеңімпаздарына келер болсақ, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы, ҚР Педагогика ғылымдары академиясының мүшесі Александра Суслова 10 жылдан астам уақыт бойы ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен бірлікті нығайту мәселесімен айналысып келеді, бұл тақырыпта семинар-тренингтер өткізеді. Сонымен қатар, Александра Ильинична -ұлтаралық және конфессияаралық толеранттылыққа қатысты көптеген оқу-әдістемелік құралдардың авторы. 

Ал жоғары санатты дәрігер-хирург Ғалым Садықов 40 жылдан астам уақыт бойы Лисаков қаласында денсаулық сақтау саласында қызмет атқарады. 20 жыл бойы Қазақстанға ғана емес, өзге де елдерге танымал «Мирас» ЖШС медициналық орталығын басқарып келеді. Аталмыш көпсалалы сауықтыру орталығының ұстанымы – «Мейірімділік жаса». Ғалым Садықұлы «Денсаулық сақтау саласының шебері», «Қолы алтын дәрігер», Лисаков қаласының құрметті азаматы атақтарына ие, «Шапағат» медалімен марапатталған.    

Мария Шило 6 жылдан бері Қостанай облысының брендіне айналған «Жизнь на ладони» қайырымдылық жобасының үйлестірушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Жоба авторлары облыстағы науқас балаларға көмек көрсетіп, қайырымдылықпен айналысатын жобаның іске асырылуын көздеген.

Қостанай облыстық ауруханасының дәрігер-нейрохирургі, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Владимир Чернов - кереует пен арбаларға танылған мүмкіндігі шектеулі жандарды тері ойылысынан арылту үшін ота жасау бастамасын қолға алған ел азаматтарының бірі. Сәтті орындалған тәжірибе Қазақстанның барлық аймақтарында өз жалғасын табуда.

Жоғары санатты мұғалім, білім беру ісінің үздігі Елена Цвентух балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жас-Ұлан» орталығын 30 жыл бойы басқарып келеді. Елена Семеновнаның біліктілік деңгейі, өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен сарқылмас шығармашылық шабытының арқасында «Жас-Ұлан» өлкеміздің мәдени өмірінің орталығына айналды. Елена Семеновна ҚР Президентінің алғысына бөленген, «Жыл адамы» атағының және «Әйел басқаратын ең үздік кәсіпорын» дипломының иегері болып табылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға