Жаңалықтар

Қостанай облысында жас отбасылар фестивалі өтті

Қостанай облысында жас отбасылар фестивалі өтті
13.09.2018 04:53 2256

Қостанай облысы Алтынсарин ауданының Силантьев ауылында жергілікті Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» КММ бастамасымен «Отан отбасынан басталады» атты жас отбасылар фестивалі өтті. 

Фестиваль қатарынан екі жыл жүзеге асырылып келе жатқан «Отбасын қолдаудың ресурстық орталығы» әлеуметтік жобасының аясында ұйымдастырылды. Фестивальге Қарабалық, Федоров, Қостанай және Алтынсарин аудандарынан талантты да белсенді алты отбасы қатысты.

Қостанай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Шушаник Саркисян фестиальға қатысушыларды құттықтады.

Фестиваль үш байқау кезеңге бөлініп, өткізілді. Бірінші кезеңде – таныстыру, екінші кезеңде жүргізушілердің әзіл-қалжыңы аралас сұрақтарына жауап беру, үшінші кезеңде ұлттық рәсім көрсету. Қатысушылар тапсырмаларды орындауда жасампаздық танытты, яғни өздері өлең жазып, бейнеролик түсіріп, презентация жасап, музыкалық композициялар мен би дайындаты.

Бұдан бөлек, әрбір отбасы шығармашылыққа бейім екендігін байқатып, халықтың салт-дәстүрлері туралы білімдерімен көрермендерді тәнті етті. «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Валентина Маренинова ағымдағы жылы еліміздің тұрғындары туған өлкесінің тарихы мен мәдениетімен танысуға мүмкіндік беретін «Қазақтану» мемлекеттік бағдарламасының басталғандығын жеткізді.

Театрландырылған қойылым барысында қатысушыларға туыстары мен достары қол ұшын берді. Ал көрермендер мен әділқазылар мүшелері қазақ халқының ұлттық бітім-болмысы мен сүйінші, беташар, шашу, тұсау кесу және басқа да рәсімдерді тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға алты номинация бойынша дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар Жас отбасылар фестивалін өткізуді дәстүрге айналдыратындықтарын хабарлады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға