Өскеменде дзюдодан облыстық чемпионат өтті

Өскеменде «Жекпе-Жек» сарайында кадеттер мен юниорлар арасында дзюдодан облыстық чемпионат өтті. Бұл жарыс ондаған жас спортшылардың физикалық дайындығы мен техникалық шеберлігін ғана емес, сондай-ақ олардың мінез-құлқы, тәртіпке бейімділігі мен жеке тұлға ретінде дамуға деген ұмтылысын айқын көрсетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Чемпионаттың ашылу салтанатына ШҚО ПД Есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі кеңесінің мүшесі, дзюдо және самбодан халықаралық жарыстардың жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Руслан Ақтаев және ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Малик Хамитов қатысты.
Майор Хамитов өз сөзінде мұндай спорттық шаралардың салауатты әрі саналы ұрпақ қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті. Ол есірткі қылмысына қатысты заңнамадағы соңғы өзгерістер туралы айтып, жас спортшыларды спортты, өздерін дамытуға және өмірде дұрыс жол таңдауға, замандастарына үлгі болуға шақырды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар естелік және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
