Жаңалықтар

ОСК Мейрам Қажыкенді президенттікке кандидат ретінде тіркеді

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов үміткердің қанша қол жинағаны жайлы айтты
ОСК Мейрам Қажыкенді президенттікке кандидат ретінде тіркеді
Фото: Автордікі 15.10.2022 12:41 1579

Бұл шешім Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында қабылданды, деп хабарлайды El.kz.

Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқаны аясында 16-отырысын өткізді. Күн тәртібінде 2022 жылғы 20 қараша күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауына Мейрам Зекешұлы Қажыкенді кандидат ретінде тіркеу мәселесі қарастырылды.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов үміткердің қанша қол жинағаны жайлы айтты.

«Президенттікке кандидат Мейрам Зекешұлы Қажыкеннің қолдауына Қазақстанның 14 өңірінен 122184 қол жиналып, 120055 рас деп танылды. Мейрам Зекешұлы Қажыкенді Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажет барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оған қойылатын талапқа толық сәйкес келеді», - деді.

Отырыста Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Мейрам Қажыкенді бірауыздан қолдап, хаттамаға қолдарын қойды.

«Мейрам Қажыкенді Қазақстан Республикасының Президенттікке кандидат ретінде ұсыну туралы хаттама дайындалды. 20 қараша күні өтетін кезектен тыс сайлауға Мейрам Зекешұлын қолдауларыңызды сұраймын», - деді Шавхат Өтемісов.

Отырыста қабылданған шешімге сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы 20 қараша күні өтетін Қазақстан Республикасының кезектен тыс Президент сайлауына Мейрам Зекешұлы Қажыкенді кандидат ретінде тіркеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға