Нью-Йорктегі Джон Кеннеди аэропортында жанкүйерлер футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасын қарсы алды. Бір топ жанкүйердің арасында қазақтар да бар.
Отбасылық достар Алма мен Жасұлан Нью-Йорк әуежайына барып, Өзбекстан құрамасын қарсы алады. Жасұлан аталған қалада бұрыннан тұрады. Ал Алма мен жұбайы Жайық жақында ғана Шарлоттан Нью-Йоркке қоныс аударады. Алдымен, қаладағы «Шаңырақ» орталығы жастарды ерулікке шақырса, артынша достар әуежайды бетке алады.
Біз Нью-Йорктегі әуежайға барып, Өзбекстан құрамасына демеу көрсеттік. Бұл – бір ғана елдің жеңісі емес, Орталық Азия өре түрегелетіндей жағдай. Біздің жігіттер әлемдік деңгейге шығып жатса, қазақтар да шекараға қарамай қуанады. Мақтанамыз, жарайсыңдар!, – деп жазды Жасұлан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сөйтіп, қазақ-өзбек жанкүйерлері қосылып, улап-шулап футболшыларды күтіп алады. Гүлдерін сыйлап, тілегін айтып, суретке түседі. Делегация өкілдері де қазақтарға рақметін айтып, жылы шырай танытады. Отандастарымыз «Өзбек-қазақ бір туған», «өзбек – өз ағам» деп ұрандатып,көршінің абыройы артқанына шын қуанғанын көрсетеді.
Орталық Азия сендермен бірге! Соның ішінде қазақтар да Өзбекстан құрамасының тілеуін тілейді. Арамызда Қазақстан, Өзбекстан,Тәжікстан азаматтары бар. Жанкүйерлер керемет атмосфера жасады. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – деп жазды Алма Бекетаева.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әуежайдағы дүбірден кейін, жиналғандар дәмханада бас қосып, арқа-жарқа болады.