«Орталық Азия» емес, «Түркістан»: Түркия оқулықтардағы атауларды неге өзгертті?

 коллаж El.kz
Фото: коллаж El.kz

Түркия мектеп оқулықтарындағы бірқатар тарихи атауларды өзгертті. Бұл туралы Түркияның Ұлттық білім министрі Юсуф Текин мәлімдеді. Өзгерістер «Түркия ғасырының ағарту моделі» атты жаңа білім беру бағдарламасы аясында енгізіліп жатыр.

Түркия «Орталық Азия» атауынан неге бас тартты

Білім министрінің айтуынша, бұрыннан қолданылып келген кейбір ұғымдар Түркияға сырттан таңылған түсініктер ретінде қарастырылған. Сондықтан мектеп бағдарламасындағы тарихи және географиялық атаулар қайта қаралған.

Енді түрік оқулықтарында «Крест жорықтары» тіркесі «Крест шабуылдары» деп өзгертіледі. Ал «географиялық жаңалықтар» ұғымы «отаршылдықтың бастауы» ретінде берілмек. Сонымен қатар «Орталық Азия» атауының орнына «Түркістан» термині қолданылатын болады.

Ыстамбұлдағы Чамлыджа мешітінің конгресс орталығында өткен марапаттау рәсімінде сөйлеген министр «Эгей теңізі» атауына да тоқталды. Оның сөзінше, бұл атау тарихи тұрғыдан дұрыс емес.

Лозанна келісіміне қол қойылған кезде ешқандай «Эгей теңізі» болмаған. Оның дұрыс атауы – Аралдар теңізі. «Эгей теңізі» ұғымы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, белгілі бір деңгейде Грекияның қалауымен қолданысқа енді, – деді Юсуф Текин.

Министр мұндай атаулар халықтың ұлттық санасына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Мұның бәрі ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Бірақ мұндай ұғымдар ұлт ретіндегі санамызға тікелей ықпал етеді, – деді ол.

Сондай-ақ Юсуф Текин мектептерде өткізілген тәрбиелік іс-шаралар туралы да айтты. Оның сөзінше, Израильдің Газадағы әскери операциялары басталған кезде Түркия мектептерінде оқу күні бір минут үнсіздікпен басталған.

Сабақты «Чанаккаледен Газаға дейін – Отанды қорғау» ұранымен бастадық. Біз балаларымызға бейбітшілік пен әділдіктің, адам құқықтарының маңызын түсіндіруді мақсат еттік, – деді министр.

Сөз соңында түрік шенеунігі ұлттық сана мен тарихи жадыны әлсіретпеуге шақырды.

Империялық державалар бізді жіті бақылап отыр. Сондықтан ұлттық рухымыз әрдайым сергек болуы керек, – деді Юсуф Текин.

«Түркістан» атауы нені білдіреді

Түркі әлемінде «Түркістан» десе бір ғана қала емес, тұтас тарихи аймақ еске түседі. Бұл атау «түріктердің жері», «түркі жұрты» деген мағынаны білдіреді. Ал «стан» жұрнағы парсы тілінен аударғанда «мекен», «отан» деген ұғымға келеді.

Тарихи деректерде Амударияның шығысындағы кең аумақ ерте кезеңдерде «Тұран», кейін «Түркістан» деп аталған. Бұл ұғым ғасырлар бойы түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени кеңістігін сипаттап келді. Тіпті Мағжан Жұмабаевтың әйгілі «Түркістан» өлеңінде де сөз бір қала жайлы емес, тұтас өңір мен түркі дүниесінің рухы туралы айтылады.

XVIII–XIX ғасырларға дейін бұл аймақта Қазақ хандығы, Қоқан хандығы, Бұқара әмірлігі мен Хорезм секілді мемлекеттер өмір сүрді. Кейін Ресей империясы мен Қытайдың отарлық саясаты күшейген соң аймақ бірнеше бөлікке бөлініп, «Түркістан» атауы саяси айналымнан біртіндеп ығыстырыла бастады. Кеңес дәуірінде «Орталық Азия» термині кең қолданысқа енді.

Дегенмен Түркияда «Түркістан» атауы тарихи әрі рухани ұғым ретінде сақталып қалды. Түрік қоғамында бұл өңір көбіне «ата жұрт» ретінде қабылданады. Сарапшылардың пікірінше, Түркияның мектеп бағдарламасында «Орталық Азия» орнына «Түркістан» атауын енгізуі де осы тарихи таныммен байланысты.

Оқи отырыңыз