Жаңалықтар

Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығы министрлерінің VI кеңесі өтті

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімет етті
Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығы министрлерінің VI кеңесі өтті
Фото: ҚР АШМ 18.02.2023 15:00 1172

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның АШМ басшылары Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен бірлесіп, Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығы өнімділігінің тұрақты өсуі үшін қаржыландыру мәселелерін бейнеконференция форматында талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Талқылауға БҰҰ агенттіктерінің және Азия Даму Банкі (АДБ), Еуропалық Қайта Құру және даму банкі (ЕҚДБ), Еуразиялық даму банкі, Халықаралық Ауыл шаруашылығын дамыту қоры (ХҚДБ), Ислам Даму Банкі (ИДБ) және Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Әріптестерінің алдында сөз сөйлеген Ербол Қарашөкеев Қазақстандағы саланың жай-күйі туралы айтып, тұрақсыз геосаяси жағдай қоғамға көптеген заманауи азық-түлік жүйелерінің әлсіз тұстарын айқын көрсеткенін атап өтті.

«2022 жылы Қазақстанда АӨК субсидиялау көлемі ұлғайтылды. Елімізде агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша үлкен жұмыс істелді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, фермерлік қоғамдастықтың пікірін барынша ескеруге, ауылдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен жеткілікті көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тәсілдер әзірленді», - деді АШМ басшысы.

Субсидиялаудан бөлек, фермерлер жеңілдетілген несие және лизингпен қамтамасыз етілген.  Мысалы, жеңілдікті несиелердің арқасында былтыр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тиімді шарттармен 1 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып ала алды. 

Қазақстанның ауыл шаруашылығы саясатының бағдары ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және оларды кооперативтік кәсіпкерлікке тартуға бағытталған. Елде жеңілдікті шарттармен шағын несиелер беруді көздейтін бағдарлама жұмыс істейді. Жеті жыл ішінде 350 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, барлық жеке қосалқы шаруашылықтардың жартысын кооперацияға тарту жоспарланып отыр.

«Инвестицияларды тарту бойынша жұмыс шеңберінде өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы АӨК-те ірі зәкірлік инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша ауқымды жобаны неғұрлым тиімді шарттарда іске асыру жоспарланып отыр. Осылайша, біз қазақстандық нарықтағы импорттық тауарлардың үлесін азайтып, оны өз өнімдерімізбен толықтыра аламыз», - деп атап өтті министр.

Жалпы, әлеуметтік маңызы бар тауарларды қоса алғанда, ішкі нарықтың азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша қамтамасыз етілуі 80 және одан да көп пайызды құрайды.

Отырысқа қатысушылар ауыл шаруашылығы инфрақұрылымына инвестициялар, салалық зерттеулер жүргізу және білім беруді дамыту, сондай-ақ табиғи ресурстарды тиімдірек басқару бойынша пікір алмасты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға